Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов құрылыс саласының ардагері, ел игілігі жолында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Жоямерген Бисенұлын арнайы қабылдап, 80 жас мерейтойымен құттықтады, деп жазады баспасөз қызметі.
Қабылдау барысында аудан басшысы мерейтой иесінің еңбек жолына тоқталып, құрылыс саласына сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
— Сіздің саналы ғұмырыңыз ауданның құрылыс саласының қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Еңбек жолыңызды Қазалы ауданындағы ПМК-1604 құрылыс мекемесінде инженер болып бастап, әр жылдары сол мекемеде инженер, құрылыс жұмысын жүргізуші, өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы қызметтерін атқардыңыз. Кейін Қазалы «Колхозаралық» құрылыс мекемесінде құрылыс жұмысын жүргізуші, Қазалы аудандық тұтынушылар одағында құрылыс саласын, ауданның орталығындағы тәулігіне 52 тонна нан өнімдерін шығаратын «Нан» зауытының құрылысына басшылық жасадыңыз. 1993 жылдан бастап «Нан» зауытының директоры, инженері, тұтынушылар одағына қарасты «Авто-машина» тұрағының меңгерушісі, қойма меңгерушісі, іс басқарушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі сынды қызметтерді абыроймен атқарып, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлес қостыңыз, — деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Қабылдауда аудан басшысы Президентіміз бен Үкіметтің, облыс әкімінің қолдауымен бүгінде Қазалы ауданында құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды салу және жаңғырту, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы елді мекендердің келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, аудан басшысы құрылыс саласының бүгінгі жетістіктерінде Жоямерген Бисенұлы секілді ардагерлердің маңдай тері мен тәжірибесінің өзіндік орны бар екенін айтып, мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық және ұрпақтарының қызығын көруді тіледі.
Өз кезегінде Жоямерген Бисенұлы аудан басшылығына көрсеткен құрметі үшін алғысын білдіріп, ауданның өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!