Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қариялар – қоғам қазынасы

05.10.2022, 9:40 327

HALYQLINE.KZ

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Олардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының орны – біз үшін бөлек. Себебі, еліміздің өсіп-өркендеуіне қарияларымыздың қосқан үлестері мен еңбектері ерен. Қарты бар ел – бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман жүрсе, ұрпақтарының ең үлкен қуанышы сол болмақ.

Қартын сыйлап, батасын алған елміз, сондықтан жылда қарттар күні еленіп, ескеріледі. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қазыналы қарияларымызға арналған мерекелік іс-шара өткізіліп, құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев қатысып, қала әкімі Асылбек Шаменовтың ардагерлерді мерекемен құттықтауын, ыстық ықыласын жеткізді.

Ардақты ардагерлер! Қадірлі аға буын өкілдері! Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Біз – әрқашан «Үлкенге – құрмет, кішіден – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен біздерді мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер. Құрметті абзал ағалар, асыл аналар! Қазіргі таңда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету, үлкенді құрметтеу – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Себебі, сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ұлт болып ынтымақтасуды, отанды сүюді, бірлік пен бауырмалдық сынды құнды қасиеттерді біз сіздерден үйрендік. Сол үшін де сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Бүгінгі мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!,- деген шаһар басшысының лебізін жеткізіп, сый-сияпатын арнады.

Ардагерлердің көңіл күйі көтеріліп, бір марқайып қалды. Мерекелік іс-шара ән мен биге, әуезді күйге, мағыналы қойылымға жалғасып, ақсақалдардың ақ батасы алынып, алғыс-тілектерімен қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: