Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнегелі өмірі – ұрпаққа аманат

01.10.2026, 21:20 30

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Өнегелі өмірі – ұрпаққа аманат» атты мерекелік кеш өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

 Салатантты іс-шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ел ағалары мен ақ жаулықты аналарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

— Қазақ халқы қашанда қариясын төріне шығарып, ақсақалын елдіктің темірқазығы санаған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар», «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген халқымыздың даналық сөздері аға буынның өмірлік тәжірибесіне деген құрметтен туған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі аға буынның еңбегіне әрдайым жоғары баға беріп келеді. Бүгінде елімізде ардагерлерді әлеуметтік қолдау, медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл игі жұмыстар өңірімізді төрт жылдан астам уақыт басқарған, бүгінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып отырған Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен Сыр өңірінде де өз жалғасын тауып келеді. Бұл мақсатта бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де артуда. Соңғы үш жылда жылына бір рет төленетін әлеуметтік көмектің көлемі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге, оларға теңестірілген ардагерлер мен тыл ардагеріне 90 мыңнан 196 мың теңгеге ұлғайды. Биыл ауданымызда 255 ардагерге барлығы 56 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Аудан бойынша жыл сайын 100-ге жуық қартымыз шипажай қызметіне ұқсас арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда. Асыл қазыналарымызды әлеуметтік қолдау бағытындағы кешенді жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін, — деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге көрсетіп, елдің ынтымағы мен ырысына, бірлігі мен берекесіне, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ардагерлерге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен аудан әкімінің Алғыс хаттары және ауданның ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасын» табыстады.

Мерекелік іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Оразғали Достанұлы бастаған ел ағалары, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат», І және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Жұманұлы және өмірінің көп бөлігін қоғамның әр саласында қажырлы еңбек етуге арнаған еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, мерекелік тілектерін жеткізді.

Қариялардың мерейін үстем еткен көңілді кеште аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, Қазалының қазыналы қарияларына аудан басшысының арнайы мерекелік сыйлықтары табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: