Бүгін Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және ел игілігіне елеулі үлес қосқан азаматтар Сәрсенхан Жүсіпбекұлы Жүсіпбековтің – 80 және Медетбек Салыбекұлы Тұрысбековтің 75 жас мерейтойларына орай арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Басқосуда аудан басшысы мерейтой иелерінің саналы ғұмырын ел қызметіне арнап, түрлі салада абыройлы еңбек еткенін атап өтіп, олардың өмір жолы кейінгі буынға үлгі екенін жеткізді.
— Жаңақорған өңірі елге еңбегімен сыйлы, азаматтық ұстанымы мен парасат-пайымы арқылы құрметке бөленген тұлғаларға бай. Туған жердің өсіп-өркендеуіне адал қызмет еткен азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Сіздерді мерейлі жастарыңызбен аудан жұртшылығының және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тілеймін, — деді аудан әкімі.
Кездесу барысында мерейтой иелеріне ауданның жоғары марапаттарының бірі Құрмет грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай сый-сияпат көрсетілді.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов пен еңбек ардагері Есдәулет Сейлов сөз алып, мерейтой иелерінің ел игілігі жолындағы еселі еңбегіне тоқталып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Сәрсенхан Жүсіпбекұлы 1966 жылы Қапланбек зооветтехникумын «Мал дәрігері» мамандығы бойынша тамамдап, еңбек жолын Жаңақорған ветстанциясында эпизоотехник-мал дәрігері болып бастаған. Өндірістен қол үзбей, Алматы малдәрігерлік институтында білім алып, жоғары кәсіби біліктілікке ие болды. 1969 жылдан бастап «Төменарық» совхозында веттехник, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарып, кейін аудандық малдәрігерлік станциясында мал дәрігері болып еңбек етті. 2009 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Аудан көлемінде 42 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, ветеринария саласының дамуына айрықша үлес қосты. «Төменарық» кеңшарында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған жылдары төл алудан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, нәтижелі еңбегі үшін 1991 жылы «Нива» автокөлігімен марапатталған.
Медетбек Салыбекұлының еңбек жолы 1969 жылы Бірлік кеңшарында жұмысшы болып басталған. Кейін «Алматыпромстрой» мекемесінде жұмысшы, нұсқаушы, Бірлік кеңшарында автогараж меңгерушісі, Келінтөбе кеңшарында бас инженер, сондай-ақ Бірлік кеңшарындағы шұжық және құс өсіру цехтарының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
1996-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жылжымайтын мүлік орталығы мемлекеттік кәсіпорнының Жаңақорған аудандық бөлімшесін басқарып, жауапты қызметте жемісті еңбек етті.
Кейін жеке кәсіпкер ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді бағалау саласында қызмет атқарып, 2022 жылдан бері Қызылорда облыстық нотариаттық палатасының мүшесі ретінде жеке нотариус қызметін атқарып келеді.
1985 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, 2001 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тамамдаған.
Кездесу соңында мерейтой иелері өздеріне көрсетілген зор құрмет пен ыстық ықылас үшін аудан басшылығына және жиналған қауымға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!