Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ақпарат саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған мерекелік қабылдау өткізді, деп жазады баспасөз қызметі.
Басқосуға аудандағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистика саласының ардагерлері, жергілікті басылымдардың бас редакторлары мен қызметкерлері қатысты.
Кездесуде аудан әкімі ақпарат саласы өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өміріндегі жаңалықтарды халыққа жедел әрі шынайы жеткізудегі еңбектеріне алғысын білдірді.
– Бүгін – қалам ұстаған, сөз қадірін түсінген жандардың ортақ мерекесі. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің БАҚ өкілдерін қабылдап, «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры» деп ерекше атап өтті. Бұл – ақпарат саласы мамандарына берілген жоғары баға.
Бүгін облыс орталығында өткен салтанатты жиында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы да БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өңіріміздегі жаңалықтар, маңызды оқиғалар, рухани-мәдени құндылықтар мен өзекті мәселелер ақпарат құралдары арқылы көпшілікке жол тартады. БАҚ – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Осы жолда ауданымыздың абыройын асқақтатып, жетістіктерін насихаттауға үлес қосып жүрген барша ақпарат саласының қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мерекеге орай бірқатар үздік маманға облыс әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, ауданның ақпарат кеңістігінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген «Серік ТВ» телеарнасының директоры Сабырхан Есмаханов пен «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Іс-шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің бас редакторы, еңбек ардагері Раушанбек Сейтенов, ардагер радиожурналист Ордабай Аяпбергенов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі және ардагер журналист Алмагүл Қаржаубаева құттықтау лебіздерін білдіріп, аудан әкіміне ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу соңында аудан өнерпаздары әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, ақпарат саласының өкілдеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ аудан әкімінің арнайы мерекелік сыйлықтары табысталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!