Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жеке балабақшада жұмыс істегілері келмеді»

18.03.2022, 10:20 976

HALYQLINE.KZ

«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кешегі Жолдауындағы осы сөздер қалам ұстаған қауымның көңілін бір делбеп тастағаны анық. Қандай қоғам, қандай сала болмасын еркін болғанға, айтар сөзіңді ірікпей (әрине, орнымен) жеткізіп, пікіріңді көсілте жазғанға не жетсін?!

Жарайды, пәлсапалық түйіндеуді кідірте тұрып, негізгі сөзімізге көшсек.

Әлеуметтік желіден қазалылық тұрғынның: «Балдырған» санаториялық балабақшасынан 2021 жылы мамыр айында 26 қызметкер қысқарды. Қазіргі таңда балабақшадан қысқарған тәжірбиелі мамандар жұмыссыз жүрміз. Алды 35, 26, 7 жылдық еңбек өтілі бар, санаттары бар, тәжірбиелі мамандардың жұмыссыз жүргені обал емес пе? Біздің жанайқайымызды шешетін басшылардың ауданымызда болмағаны ма? Біздің басымыздағы жағдайды ешкімнің басына бермесін… Жұмыссыз қалған аналарды жұмысқа орналастырса» деген жазбасын жанарым шалды.

«Газет – бұқараның көзі, тілі һәм құлағы» деп тегін айтылды деймісіз?! Іле-шала «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Нұрмағанбетовтің тапсырмасы бойынша Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекшовке хабарласып, әлемжелідегі жазбаның мәнісін сұраған едім.

Жауап кешікпеді. Санаулы сағатта хат қолыма тиді. Қазалы аудандық білім бөлімі жолдаған хатты назарларыңызға ұсынып отырмын.

«Қызылорда облысының білім басқармасының Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы КММ туралы жазбада: «2021 жылдың қаңтар айынан бастап, №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы КММ ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің, оқу орнынан кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру» туралы № 596 бұйрығына сәйкес жұмыс жүргізуде. Бұл жағдайлар жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соқтырды.

Негізінен балабақша 110 орындыққа арналған, онда 6 топ болған. Тәрбиеленушілер санының азаюына орай, 2021 жылы 4 топтағы 63 тәрбиеленуші баламен жұмыс істеді. Екі топтың қысқаруына байланысты 34,75 штат бірліктері қысқартылды. Қысқарту жұмыстарын жүргізу үшін арнайы комиссия құрылып, заңдылыққа сәйкес, тиісті жұмыстарды жүргізді.

Сонымен қатар, балабақшадағы тәрбиеленушілер санының аз болуына орай топтардың қысқаруы (жабылуының) салдарынан, балабақшадағы қызметкерлерге төлейтін қаржының жеткіліксіздігіне байланысты ҚР Еңбек Кодексінің 52-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, 2021 жылдың 30 сәуірінен бастап қызметкерлермен жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуы мүмкін екендігі жұмысшыларға «ескертпе» хатпен хабарланды.

Себебі, 2021 жылғы мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында балабақшаға бөлінген қаржы есебінен ондағы барлық қызметкерлердің штат бірліктеріне сәйкес жалақы төлеуге мүмкіндік болмаған.

Бұл жағдайлар жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соқтырды. Комиссия тарапынан қысқартуға жатпайтын, қысқармайтын санатқа жататын 18 қызметкердің тиісті құжаттары жинақталды.

Анықтамалық: 3 жасқа дейінгі баласы бар, декреттік демалыста отырғандар, бала күтімінде отырғандар, 14 жасқа толмаған баласы бар жалғыз басты аналар, 14 жасқа толмаған мүгедек баласы бар қызметкерлер.

24 қызметкер комиссия отырысының негізінде жұмыстан қысқартылды. Жұмыстан босатылатын қызметкерлерге 04.05.2021 жылмен және еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықпен таныстырылып, өтемақы төленді. Сол уақытта қысқаруға жіберілетін қызметкерлердің арасында 8 (сегіз) қызметкер кезекті еңбек демалысында жүргендіктен, ол қызметкерлерге кезекті еңбек демалыс күндері аяқталып, заңды түрде жұмысқа қосылған мерзімінде еңбек шартын тоқтату туралы бұйрық шығарылды.

Сондай ақ, 2 тәрбиеші Ерназар Гүлсім, Изенова Зухра өз келісімдерімен Ақсуат ауылындағы №9 «Балауса» балабақшасындағы бос тұрған тәрбиеші орынға тұрақты жұмысқа ауыстырылды.

Аудандық білім бөлімі арқылы жұмыстан қысқарған 24 қызметкердің (оның ішінде 12 педкадр, 12 техникалық қызметкер) 13 қызметкері Әйтеке би кентіндегі жеке балабақшаларға орналастырылды. Қалған 11 қызметкер өз еріктерімен ұсынылған жұмыстан бас тартты. Себебі бастауыш мамандығы бар 2 тәрбиеші мектепке жұмысқа орналасқысы келді. Қалған 9 қызмектер жеке балабақшада жұмыс істегілері келмеді.

2022 жылдың қаңтар айында қосымша 2 топтың ашылуына байланысты 1 бірлік штаттағы аспазшы мамандағына 2022 жылы қысқартуға ілінген Тұрақбаева Ажаркүл жұмысқа қайта орналастырылды.

Ал, 3 кіші қызмектер қысқарған уақыттан бері қарай, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы ақылы қоғамдық негізде осы балабақшада жұмыс істеуле» деп көрсетіпті.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: