Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жедел жәрдем қызметкерлері жаппай жұмыстан кетті

20.09.2022, 9:45 584

HALYQLINE.KZ

Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасының 70-ке жуық қызметкері жалақыны көтеру жөнінде бір аптадан астам талап етіп, талаптары орындалмаған соң наразылық белгісі ретінде жұмыстан кетті. Оған талаптарын орындау орнына 11 адамның сот шешімімен жұмыстан шығарылғаны себеп болған.

Жедел жәрдем стансасында барлығы 130 адам жұмыс істейді.

Жұмыстан шығып кеткен жедел жәрдем қызметкерлері 19 қыркүйекте Жаңаөзен қалалық әкімдігіне шақырғанын, бірақ тек фельдшерлермен сөйлеспек болғанын, олар жүргізушілерсіз келіссөзге бармайтынын айтып кетіп қалғанын айтады.

Жаңаөзендегі жедел жәрдем стансасының жүргізушісі Мұрат Белбаевтың айтуынша, ұжым жұмыстан шығу туралы арызды 16 қыркүйек күні кешке жазған.

– Жұмыстан шыққан он бір адамның ішінде мүгедек анасын бағып отырған, үйінде өзінен басқа адам жұмыс істемейтіндер бар. 4 фельдшер әйелді жұмысқа қайта алуды талап еттік. Бірақ жедел жәрдем стансасы бастығы «табылмайтын маман емессіңдер» деді. Біз «жарайды деп жұмыстан «өз еркімен кетуге»» арыз бердік,- дейді ол.

Мұрат Белбаевтың айтуынша, жұмыстан шығарылғандар – наразылық кезінде өткір талап айтып, батыл сөйлегендер. Ол үстеме ақы дауы ақпан айынан бері жалғасып келе жатқанын, оны наурыз, сәуір айында төлеп, мамырда төлемей қойған соң дау шыққанын, содан соң қайта төлей бастағанын айтады.

Жедел жәрдем жүргізушілері әр айдағы нормативіне байланысты үстеме ақыны қосқанда 150-170 мың теңге, ал фельдшерлер 170-180 мың теңге жалақы алып келген.

Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасының меңгерушісі Сара Орынбаева жұмыстан жаппай кеткен қызметкерлері туралы пікір білдіруден бас тартты.

Ал Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы бастығының міндетін атқарушы Амантай Досжанов Жаңаөзен қалалық медицина колледжі мен қалалық жұмыссыздық бөліміне хабарласып, маман іздеп жатқанын айтады.

– Ешкімді жұмыстан қуғаным жоқ. Жұмыстан кеткендер апелляциялық сотқа жүгініп, әрекеттерінің дұрыстығын дәлелдей алса қайта келуіне болады. Оларды жұмыстан шығару туралы бұйрық әзірге шыққан жоқ,- деді ол.

Жұмыстан шыққан жедел жәрдем қызметкерлері қаладағы жұмыссыз азаматтар жедел жәрдем станциясы жүргізушілікке шақырғанын, бірақ олар барудан бас тартқандарын хабарлағанын айтады.

Маңғыстаудағы жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің наразылығы 9 қыркүйекте басталған. Жаңаөзен жедел жәрдем стансасының қызметкерлерінің талабынан кейін Мұнайлы, Түпқараған ауданы мен Ақтау қаласы жедел жәрдем қызметкерлері де жұмысын тоқтатып, жалақыға қосылатын үстеме ақыны тоқтатпауды талап еткен.

14 қыркүйекте жұмыс беруші наразылыққа шыққандарды сотқа беріп сот шешімімен Жаңаөзенде – 11, Мұнайлы ауданында 8 адам жұмыстан шығарылған. Ал Бейнеу мен Ақтау қаласы жедел жәрдем қызметкерлері сот ереуілдерін заңсыз таныған соң жұмыс орындарына оралған.

Көрнекі  фото

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: