Қазақ халқы қашанда қариясын төріне шығарып, ақсақалын елдіктің алтын діңгегі санаған. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дегендей, үлкенге құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалап, қадір-қасиетін ардақтау – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі.
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазалы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданның 50 ардагері түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістан қаласына танымдық-рухани саяхат жасады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Саяхатшылар қатарында кент, қала және ауылдық округтерден келген еңбек ардагерлері, көпбалалы зейнеткер аналар, білім және мәдениет саласының ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.
Сапар барысында ардагерлер қасиетті Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени орындарды аралап, «Арыстан баб» кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Сондай-ақ, көне Отырар қалашығына барып, халқымыздың бай тарихы мен рухани мұрасына қанықты.
Айта кетейік, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және рухани тынығуына мүмкіндік жасау бағытындағы игі іс-шаралар ауданда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Бүгінде Қазалы ауданында 8 мыңнан астам ардагер бар. Соңғы үш жылда өңірде ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі де едәуір артты. Атап айтқанда, жыл сайын берілетін біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері Ұлы Отан соғысы ардагерлері үшін 1,5 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін, оларға теңестірілген ардагерлер мен тыл еңбеккерлері үшін 90 мың теңгеден 196 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Биыл аудан бойынша 255 ардагерге жалпы көлемі 56 миллион теңге болатын біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, жыл сайын 100-ден астам қария шипажай жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылып келеді.
Қариясын құрметтеген елдің мерейі үстем. Ауданда ардагерлерге қамқорлық көрсету, олардың өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!