Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасанды интеллект журналисті алмастыра ма?

03.07.2025, 8:00 131

Осыдан үш жыл бұрын, 2022 жылы қараша айында ChatGPT пайда болған кезден бастап мұндай сұрақ жұртты ойландырып келеді. Біреулер жасанды интеллект журналистерді жұмыссыз қалдырады десе, екінші біреулер ол БАҚ-тағы жарнамаға ғана әсер етеді дейді. Үшінші біреулер адамзатты шығармашылық ойлау мен жұмысынан ажыратады деген пікір айтады.

ЖАСАНДЫ  ОЙЛАЙ  АЛАМЫЗ  БА?

Әлемдегі қағаз газеттерді шығарушылар жасанды интеллектінің ғаламат мүмкіндіктер туғызуымен қатар қаупі барын да жоққа шығармайды. Өткен жылғы The New York Times-тің Open Al-ға жасаған шағымы қауіп-­қатердің бір мысалы бола алады. Өйткені, жасан­ды интеллектінің дәстүрлі медианың дамуы­на жағымсыз әсері соңғы 20 жылда анық байқалды. Солтүстік-Батыс университеті жариялаған есептегі мәліметтерге сүйенсек, 2005 жылдан бері АҚШ-та газеттердің үштен бір бөлігі жабылып, шамамен 43 мың журналист жұмыссыз қалған. 2023 жылы АҚШ-та әр апта сайын орташа есеппен 2-3 газет жабылып отырған. Мұндай үрдіс Батыс елдерінде әлі тоқтаған  жоқ.

Жасанды интеллект медиа кеңістікке жаңадан келген құбылыс емес. The Wall Street Journal-дың R&D-бөлімінің бұрынғы жетекшісі, «Ньюсмейкеры: искусственный интеллект и будущее журналистики» атты кітаптың авторы Франческо Маркони соңғы 10 жылда журналистердің жасанды интеллектіні игеруі­нің үш кезеңін бөліп көрсетеді. Алғашқы кезең­де БАҚ жасанды интеллектінің көмегі­мен мәліметтерге негізделген шаблондық жаңалықтарды дайындауды автоматтандырды. Ол негізінен қаржылық есептер, макроэкономикалық көрсеткіштер, спорттық жарыстардың қорытындылары болатын. Мына қызықты қараңыз: Әлемдік ақпарат алпауыты Associated Press агенттігі 2014 жылы Automated Insights технологиялық компаниясымен келісім жаса­ған. Тілдік модельдер саласында мамандан­ған компанияның бағдарламасы нәтижесінде қаржылық жаңалықтар санын 12 есеге өсіріп, 300-ден 3700-ге жеткізген. Қазіргі таңда агенттік ЖИ-технологияларының көмегімен жылына 40000 мәтін шығарады. Машиналық оқытудың құралдарын бірнеше жылдан бері Blomberg, Reiters агенттіктері, The Guardian, The Washington Post газеттері және өзге де медиалар қолданып келеді. Мысалы, 2016 жылы Heliograph өзі жасап шығарған ЖИ-техноло­гияларын Рио-де-Жанейродағы Олимпиада­лық ойындарды көрсетуге пайдаланғаны мәлім.

Екінші кезеңде журналистер ЖИ-ді ауқымды мәліметтерді талдауға қолданды. Бұл – халық­аралық журналистикада Mauritius Leaks деген атаумен белгілі журналистік зерттеулер. Әріптестеріміз ақылды машинаның көмегімен 200000 құжатты сараптап, трансұлттық компаниялардың Маврикийдің салық заннамасындағы кемшіліктерді ескеріп, салық төлеуден жалтарғанын растады. Мұндай көлемдегі материалдарды адам баласы оқи алмайтыны анық. Ал венесуэлалық Armando.info зерттеу жобасының журналистері ЖИ көмегімен Амазония­дағы пайдалы қазбалар өндірісіндегі заңсыздықтардың былығын халыққа жайып салды. Ал үшінші кезең – қазіргі чат-боттар. Мысалы, ChatGPT-ге белгілі бір жазушынының стилінде немесе танымал басылымның стилінде толық мақала жазып беруді өтінсең, сол  заматта  дайындайды.

Алайда, журналистердің көпшілігі жасанды интеллектіні мәтінді аударуға, диктофондағы жазбаны қағазға түсіруге, белгілі бір мәтінді редакциялық стандарттарға сәйкестендіруге, ақпарат іздеуге пайдаланады. Кейбір медиа­лар ЖИ-ге материал әзірлеуге сенім білдіреді. Мыса­лы, Buzfeed ЖИ-дің жәрдемімен виктори­налар дайындайды. Немістің Express.de таблоиды әртүрлі тақырыптағы мақалалардың 6 пайызын өзі жазатын Клара есімді виртуалды журналист қызды жасап шығарды. Бірақ қандай оқиғаны жариялау керек­тігін, материалдардың мәтінінің дұрыстығын адамдар  тексереді.

ЖИ  ЖУРНАЛИСТЕРДІ  ЖҰМЫССЫЗ  ҚАЛДЫРУЫ  МҮМКІН  БЕ?

Осы сауалға жауап іздеген Reuters Institute мамандары әлемнің әр түкпіріндегі 40 елде медиаиндустрияның 135 көшбасшысына са­уал жолдап, зерттеу жүргізген. Осы зерттеудің қорытындыларына үңілсек, сауалнама­ға қатыс­қан медиаменеджерлердің 74 пайызы генератив­тік ЖИ редакция журналис­терін күрделі  міндеттерден  босатып, еңбек өнім­ділігін арттыратынын айтыпты. Алайда барлық үдерістің ортасында адам отыратыны сөзсіз. The New York Times-тің ЖИ саласын­дағы бастам­алар  жөніндегі  редакциялық директоры Зак Сьюардтың пайымдауынша, бейберекетсіздік жайлаған күнделікті өмірде ЖИ адамның көмегімен ақпарат іздеуге және жинақ­тауға, мәліметтерді талдауға кәдесіне жарайды. Лондон экономика мектебінің Journalism Al зерттеу жобасының жетекшісі, профессор Чарли Беккет технологиялардан өте көп нәрсені күтуге болмайтынын айтады. «Адамдар жазған мәтінде қателер көп кездеседі, біз соны өңдеп, газетке дайындаймыз. Жасанды интеллектінің жазған мәтіні де тура сондай, қателер өріп жүреді» дейді ол. Бұл жердегі бір анық нәрсе: ЖИ сот залына барып, айып­талушыдан сұхбат ала алмайды, я бол­маса қылмыскер өлтір­ген адамның туыстарымен кездесіп, шындық  ақпаратты  жаза  алмайды.

Ал Оксфордтағы интернет институтының оқытушысы  Феликс  Саймон  қазіргі кезде ЖИ журналистердің орнын алмастыруға қабілет­ті  емес, десек те болашақта жағдай өзге­руі мүмкін деп санайды. «Жасанды интел­лект кейбір жағдайда журналистердің атқара­тын жұмысын істеуге қабілетті. Мысалы, редак­цияда 10 журналисті жұмысқа алғанша, 1 роботқа арнайы бағдарлама жүктеп, сол 10 адамның  жұмысын  істетуге болады» дейді ол. Ф.Саймонның  мұндай  пікірін Reuters Institute мамандары жүргізген сауалнамаға жауап берген АҚШ, Германия, Ұлыбританиядағы 35 БАҚ-тың медиа­сарапшылары мен қызметкерлері растайды.

ЖИ шығармашылықпен айналысатын журналистерді ешқашан алмастыра алмайды,- дейді CNN International Commercial-дің креа­тивтік технологиялар жөніндегі дирек­торы Иэн Макдональд. «Бұл процесте шынайы­лыққа кепілдік болуы үшін адамның араласуы міндетті. Ал жасанды интеллект өзіне берілген белгілі бір ақпаратпен ғана жұмыс істейді. Адамның шығармашылық қабілетімен робот бәсекелесе алмайды. Өйткені, шығармашылық адамы кейде шаблонның шеңберінен шығып кетіп жатады. Жасанды интеллект – бұл қуат­ты құралдың бірі, бірақ ол журналистік қарым-қабілетсіз, зердесіз өзі бетімен шынайы дүниелерді іске асыра алмайды» дейді И.Макдональд. Бұл пікірді оның әріптесі, Euronews-тің Таяу шығыс, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ бойынша бас редакторы Джейн Уизерспун да қолдайды. «Журналистер ЖИ-ді өзінің ассистенті ретінде қолданады, мысалы ChatGPT жаңалықтарды дайындай алады, десек те ол кәсіби маманның көмекшісі ғана» деді Д.Уизерспун Астанадағы өткен II Орта­азиялық  медиафорумда  сөйлеген  сөзінде.

ЖИ  АЛҒАШ  РЕТ  ГАЗЕТ  ШЫҒАРДЫ

2025 жылы 19 наурызда медиаиндустрия әлемінде айрықша бір оқиға болды. Италиядағы Il Foglio басылымы жасанды интеллект жасаған алғашқы газетті жарыққа шығарды. Редакция чат-боттарға сұрақ қойып отырған, қалған жұмысты нейрожелілер атқарыпты. Таң  қалдырғаны, ЖИ мәтінді де, тақырып­тарды да, әзіл-қалжыңды да, газетті көркем безендіруді  де өзі іске асырған. Қағаздағы және электрондық нұсқасы бар газетте халықаралық саясатқа арналған бірнеше мақала бар. Соның ішінде АҚШ президенті Д. Трамп туралы «Все выходки Трампа за последний месяц: в каждом конкретном случае» деген қызықты мақала оқырмандардың назарын бірден аударды. «Первый номер вышел и на бумаге, и в электронном варианте. Несколько статей посвящены политике. Не обошлось и без материалов о президенте  США Дональде Трампе».

Сондай-ақ, газеттегі еуропалықтардың үйленбей ұзақ жүруіне не себеп болатынын зерттеген мақала да көп оқылды. Il Foglio-лық журналистер эксперимент жасау мақсатымен мұндай газетті жүйелі түрде шығарып тұруға шешім қабылдады. Итальяндық әріптестерінің жаңашыл тәжірибесіне қызығушылықпен қара­ған ресейлік «Краснодарскийе известия» газетінің тілшілері де ЖИ көмегімен газет шығарды. Басылымның бас редакторы Вла­димир Вербицкийдің айтуынша, эксперименталдық жұмысқа үш күн жұмсалған. Газетті ЖИ өзі беттеп, мақалаларды да айдарына қарай бөліп, өзі орналастырған. «Жұмысты бас­тамас бұрын, ЖИ ондаған журналистік жұмыс­тарға зерттеу жүргізді, өйткені газеттің стиліне бейім­делуі керек. Алайда, ЖИ фактчекингке келгенде бәрібір журналистердің көмегіне жүгін­ді. Бұл – біздің жұмысымыздың ең маңызды бөлігі, материалды робот жаза ма, журналист жаза ма, бәрібір шынайылығын тексереміз. Осы тәжірибемізді жетілдіру үшін, біз газеттің әр санының бір бетін нейрожелілер көмегімен шығарып  отырамыз»  дейді  В.Вербицкий.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

Астана  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: