Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жарқын жақтағы өмірі қайда?

06.07.2023, 11:20 189

«Алмақтың да салмағы бар» дейтін еді. Таяқ лақтырсаң тиетін заттың барлығы қымбаттаған. Қымбатшылықтың қамыты мобильді телефон тарифтеріне де тиді. Тегін дүниені түсіңде болмаса, мына дөңгеленген дүниеден табу қиын. Нарықта барлығын сатып аласың, дұрыс. Бірақ, бағасы өскен тарифке сай қызмет көрсетсе дейсің. Мәселен, «Beeline» тарифтерін бірден 1000 теңгеге өсіріп отыр және ең арзаны – 4000 теңгеден. Амалсыз ең төменгі тарифті таңдайсың. 4000 теңге де тиын санап отырған тұрғындардың кәдімгідей қалтасына тиеді. Ол тарифтегі беретін гигабайты бір айға жетсе жақсы, онысы бір-екі аптаға жетер-жетпес қана. Тарифін бір айда бірнеше рет толтыратын адамдар үшін ол қалай болады?

«Бұл қалай болғаны?» деп таңданып отырмыз. Ал «Beeline»-ның өкілдері бұның себебін айналамызда қымбаттап жатқан барлық дүниемен байланыстырып отыр. Қызылорда қаласының өзінде  «Beeline» байланыс жүйесінің ұстауы әртүрлі. Орталық аудандарында жақсы деңгейде тұрса, қаланың шеткі аумағында желі ұстамай қалады. Интернет байланысы туралы сөз қозғау артық. Қатып қалған күйі тұрады. Әсіресе кешке таяу біраз жұртты әбігерге салып қояды. Хабарламалар не әрі, не бері жылжымай, айналған күйі тұрып қалады. Хат жазу, интернет, әлеуметтік желіні айтпағанда кәдімгі телефон арқылы хабарласудың өзі мұң. Хабарласқан адамның дауысы сізге, сіздің дауысыңыз оған естілмей, соңында қызылкеңірдек болып «қызыл кнопканы» баса салуға тура келеді. «Beeline» операторларымен байланысу қиын және де. «Күте тұрыңызбен» қатырады. Қайсыбір жолы «тариф 1000 теңгеге өсті» деп хабарлама жібергенде «қай сапалы қызметін көрік қылып көтеріп жатыр екен?» деп операторларымен байланысқым келген. Онымнан түк шықпады. Солай бір апта жүрдім.  Әйтеуір арада бір жұма өткенде сәті түсіп, бір оператор қыз  байланысты  қабылдады. Оның  уәжі  мынау:

– Бағаны  өсіру   мәжбүрлі шара  болып  тұр. Оған  әсер  етіп тұрған –инфляция, девальвация, барлық  құрал-жабдық, тұтынатын тауарлардың  бағасының  өсуі. Біз қазір интернет және өзге байланыстардың сапасын жақсарту үшін барлық жұмысты істеп жатырмыз. Ал байланыс нашар ұстайтын аудандарға құрылғы орнатып, қызмет сапасын кереметтей етеміз, – деп жауап берді.

Сендік. Өйтпегенде ше? Біз де тым болмағанда алған ақшасына сай сапалы қызмет көрсетсе деген талап, тілегімізді айтып қалдық. Құлға да бір тілек болу керек шығар. Жұмыс жүргізіліп жатыр дегеніне қарағанда, байланыс сапасы күшейіп кетіп, «Beeline»-ды тоқтата алмай қаламыз ба деген қорқыныш та жоқ емес.

Енді саясатқа оралайық. Саясат дегенде, биліктің осы мәселеге қатысты там-тұмдап істеп отырған шаралары ғой. Еліміздегі интернет сапасының нашарлығына айтылатын шағым көп. Бірақ шабан аттың жүрісіндей итіндеген интернеттің жағдайы министрімізге ұнайды екен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазіргі интернеттің сапасына көңілім  толады  дейді.

– Статистикаға сүйенсек, Қазақстан интернет бағасы бойынша соңғы орындарда тұр. Сапасы бойынша да ең үздігі емеспіз, орташамыз деп айтуға болады. Жеке өзіме елдегі интернет ұнайды, өйткені көптеген елге сапарлап барғанда ондағы байланыстың жай-күйін көріп жүрмін. Менің пікірімше, Қазақстанда  қолайлы  бағаға  қолайлы  интернет  бар, – деді ол БАҚ қызметкерлеріне  берген  сұхбатында.

Бүкіл әлем бойынша ұялы байланыс операторларының мүддесін қорғайтын ұйым (GSMA) Қазақстандағы ұялы байланысты реттеудегі осал тұстарды  атады.

– Деректерді беру трафигінің ұдайы өсуі байланыс операторларын қайта-қайта желі сыйымдылығын арттыруға мәжбүрлеп отыр. Ол үшін базалық стансалардың санын өсіріп, спектрлердің тиімділігін, ресурстың жиілігін арттырып отыру қажет. Ал базалық стансалар санын арттыру бір жағынан өте қымбат болса, екінші жағынан желі сыйымдылығын арттырудың ең бір тиімсіз тәсілі саналады. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да берілетін деректердің көлемін ұлғайту үшін операторларға қосымша ридиожиіліктер беру керек. Бірінші кезекте арнасының кеңдігі 100 МГц болатын 3,5  Гц-тік диапазондар  қажет. Қазақстан бұл тұрғыда жұмыс істеп жатқанымен спектр бөлуде  бірқатар  проблема  бар, – дейді  GSMA  сарапшылары.

Қайсыбір күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет сапасының нашарлығы байқалса, операторларға айыппұл саламыз дегенді айтып қалған. Онысы рас болса, «Beeline» «батпаққа батып» қалатын шығар. Министрдің айтуынша, айыппұлдар өте төмен болғанда байланыс операторлары сапаға назар аудармаған. Алдағы уақытта министр бұл мәселеге де мән беретін шығар деген үміт бар. Бәлкім, сонда «жарқын жақта өмір сүрерміз».

Кенже  БОТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: