Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шау тартқан күзетші мектепті қорғай ала ма?

29.09.2022, 11:00 564

Бүгінде дүние аласапыран. Ақпараттар да жағымсыз оқиғаға толы. Қолдан қандықасап жасайтындар көбейіп тұр. Агрессиялық арандатуды былай қойғанда, адамның өмірі ойыншыққа айналып барады. Оның ішінде балалардың өлімі алаң күй кештіреді. Бәріміз де бала оқытып отырмыз. Ал мектептердің қауіпсіздігі қаншалықты мығым? Бәле ойлаған әпербаққанның бірі қаруын асынып, білім ұясына кіріп келсе, біздің шау тартқан күзетшілеріміздің күші жете ме?

Мұны неге айтып отырмыз. Кеше ғана Ресейдің Ижевскі қаласындағы бір мектепке белгісіз адам қарулы шабуыл жасап, оннан аса адамды атып салды. Оның он бірі – бала. Былтыр да сол Ресей­дің Қазан қаласында мектепке шабуыл болып, тоғыз адам қаза тапқан еді. Содан кейін-ақ қазақстандық шенеуніктер етек-жеңін жинаған­дай кейіп танытып еді, артынша саябырсып қалды. Енді кеше­гі оқиғадан кейін де еліміздің оқу-ағарту министрі «Ресейдегі осы қайғы­лы  жағдай  бізге  де  сабақ  болуға  тиіс»  депті.

Ал, елдегі орта білім ордаларының бәрінде қауіпсіздік жүйесі мінсіз емес. Бейнебақылау жоқ, болған күнде де, бәрі бірдей істеп жатқан жоқ. Оның үстіне біздегі мектептерді шау тартқан, әлжуаз кісілер күзетіп тұр. Қазір вахтада тұратын әйел адамдардың жанында бір-бір ер күзетші тұр, алайда қолында ешқандай қару, құралы жоқ. Сөзіміз жалаң болмасын, өткен аптада бір-екі әріптесіммен бірге баспасөздің тірлігімен облыс орталығындағы бірқатар мектепті аралап келдік. Табалдырықтан аттағаннан алдыңнан бойы да, сойы да келіспеген (ол үшін ешкім де ренжімесін, әрі біз біреуді кеке­тіп-мұқатудан аулақпыз. – авт.), шау тартқан күзетшілер қарсы алады. «Мынаны Мөлдірдің (жанымызда жүрген журналист қыз. – авт.) өзі-ақ  құлатып  салады  ғой»  дейді әріптесім  әзілдеп.

Жасыратыны жоқ, қазір мектептердегі қауіпсіздіктің міні мен сыны көп. Басқасын былай қойғанда, күзет жүйесіне сауал жетерлік. Мұны ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де мойын­дайды.  «Бізде бұның алдында зейнетке шыққан вахтёрлар  қажет жағдайда көмек көрсете алмайды деп, оларды ауыстырсақ, күзет агенттіктері деп басқа қызметкерлер келеді, бірақ сол оның алдында істеген біздің қызметкерлерден соншама үлкен айырмашылығын көріп отырған жоқпыз. Бұған қоса олар өте жиі ауысады. Мектеп жұмысын жақсы білмейді» дейді ол кешегі оқиғадан кейін  отандық  телеарналарға  берген  пікірінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында: «Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек» деген нақты тапсырма берді. Мәселе өзекті болғанымен, содан бері нақты бір әрекет жасалғаны байқалмайды. Міне, көрші елдегі оқыс оқиғадан кейін ғана министріміз өз ойын ашық айтқан болады. Осы ретте, көкейімізде «Балаларымыздың білім алып жатқан орны қаншалықты қауіпсіз?» деген заңды сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, білім мекемелеріндегі қазіргі жағдайға қарап отырып бұл сұраққа қанағаттанарлық жауап ала алмаймыз. Себебі, мектептердің кіреберісінде арнайы қарумен қамтылған күзетшілер емес, қарапайым азаматтар отыр. Оның жартысы – кезінде әр салада жұмыс істеп, еңбек демалысына шыққан зейнеткерлер. Ал күтпеген жерде төтенше жағдай туындап, оқыс оқиға  болса немесе жоғарыдағыдай қасақана шабуыл жасалса (Алла бетін аулақ қылсын), ондай қауіптің бетін қайтаруға дайын ба? Міне, мәселе қайда  жатыр?

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: