Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сергелдеңге салған субсидия

09.06.2022, 12:20 272

Облыста  табаны  тайғанақтап тұрған  өзекті  мәселе – ауыл  шаруашылығы  субсидиясы. «Оң қолымен беріп, сол қолымен тартып алатын» мұндай көмектің кімге керегі түсініксіз. Дегенмен елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялауға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен, өткен жылы Қызылорда облысына республикалық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Биыл тіпті ведомство басшысының сұрауымен Қазақстанда ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін субсидия екі есе көбеймек. Салаға жауапты мамандар үкіметтен 70 миллиард теңге сұраған. Бірақ бұл қаржы кімнің қазынасын байытпақ? Қаржылай қолдаудың айналасында даудың көптігі ашық жүйенің жоқтығын көрсетеді.

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес». Таныс сөздер. Әрине, бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтқан сөзі еді. Президент бұл саладағы өзекті проблеманы айтып, шешу жолын жан-жақты қарастырып, тіпті ұсынған да болатын. Дегенмен жауыр болса да, субсидия мәселесі шешімін таппай келеді. Мұның басты себебі – сыбайлас жемқорлық екені жасырын емес. Сол себепті, мемлекет басшысының пәрменділігімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығын субсидиялау ісіне ауқымды талдау жүргізді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялау саласына қатысты сыбайлас жемқорлық деректерінің жиі тіркелетіні анықталды.

Сөзімізді сабақтасақ, өткен жылдың соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияны талан-таражға салу қадамына барған бірнеше топтың қылмысын әшкереледі. Агенттік ауқымды операция арқылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдардың, сондай-ақ  Нұр-сұлтан және Шымкент қалалары, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтарды құрықтады. Абырой болғанда, тізімде Қызылорда  облысы  бой көрсетпеді.

– Олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысқан. Сондай-ақ кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлелдемелер алынды, – деді агенттік.

Бұл  іске 30-дан астам адамның қатысы бар екені анықталған. Олардың  басым  бөлігі кінәсін толық мойындап, тергеу ісімен ынтымақтасып  отыр.  Алайда  күрмеуі  қиын түйткіл бұнымен шешіле ме?

Өңірімізде де субсидия мәселесі өткір болып тұр. Жаңа басшыны «бұл салаға едәуір өзгеріс әкеледі» деп кәсіпкерлер үміттенген. Алайда бірсыпыра шаруалар субсидиясыз қалып, пұшайман күй кешіп отыр. Солардың бірі – «Шопан-ата» малшылар қауымдастығының Қызылорда облысындағы төрағасы Нұрлан Биманов. Оның айтуынша, 2014-2015 жылдары 18 мың селекцияға, 32 мың теңге жем-шөпке субсидия берілген. Екі жыл көлемінде беріліп, тоқтап қалыпты.

– «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер әлі де бар. Сондықтан 60-70 адам болып, кезіндегі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға уәжімізді айтуға бардық. Бізді кеудемізден итермей, толығымен талап-тілегімізді тыңдады. Жыл соңы болғасын бюджетте қаржы жоқ екенін айтып, бір келісімге келдік. Барлық шаруа қожалығына сиырға 15 мың, жылқыға 10 мың, қойға 2,5 мың теңгеден берді. 2021 жылы да тапсырысымызды қабылдады. Ал 2022 жылы жаңа әкімнің қабылдауына кіре алмай жүргенімізге 2 айдан асты. Әкімнен жауап ала алмағасын, Премьер-министрге хабарласып, мәселемді айттым. Ол «облыс әкімінің қабылдауына барып, барлығын толығымен жеткіз» деп тапсырды. Егер әкімнің әлеуеті жетпесе, министрге келуін өтінді. Бірнеше рет әкімге баруымның да себебі сол, – дейді ол.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына субсидия тәуір бөлінеді. Бірақ беруінен сұрауы көп. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 47 түрлі субсидия берген, соның 25-і мал шаруашылығын өркендетуге арналған. Жалпы, жыл сайын өңірімізде мал басында 4-12% аралығында өсім бар екені айтылып жүр. Дегенмен, неліктен сырттай министрлік те, әкімдік те, прокуратура да, «антикор» да шаруалардан ақша өндіріп, бір-бірімен жарысып жатқандай көрінеді? Бұған қоса, «1-2 жыл бұрын алған субсидияларын қайтартып жатыр» деген ақпар бар. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» демекші, қисық ереже шығарып, шалыс басып, субсидияны қате құжаттармен берген шенеунік те жауапқа тартылмай жүр. Біздің ескі жүйе жарлыға берген бес-он тиынының дегбірін шығарып қайта-қайта сұрауға шебер. Ал қомақты қаражат алған мемлекеттік қызметкерлерден сұрауы қатаңдатылмай тұр. Мұндайда жемтікке ұшып келген құзғындардың жайы көз алдыңа елестейді. Бұның бір ғана шешімі бар, ол – мемлекеттік органдардың құзыретінен субсидия беруді алып тастау. Мұны сол саланы бес саусағындай білетіндер айтады. Бәлкім, сол кезде қазынаға қол сұққандар азаяр.

Тағы  бір  маңызды  мәселе  бар. Селекцияға субсидия алу үшін 85% төл көрсету керек, егер талапты орындамаса, субсидия берілмейді. Бұл 85-тен  65%-ға  түсірілді. Дегенмен бұл меже шаруаларға тиімсіз. Жақында ғана Нұр-сұлтан қаласында қазақ шаруаларының екінші құрылтайы өтті. Мұнда да келелі мәселелер көтерілді. Сонда осы пайызды бұлаңқұйрыққа салынып, шаруашылыққа ауыртпалық әкелген Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаев деп сөз қозғалды. Бұны жүзеге асыру техникалық тұрғыда мүмкін емес екенін әзір ешкім ұқпай тұр. Және жем-шөп субсидиясы «жыламаған балаға емшек жоқтың» кері болып, әр  облысқа  әртүрлі  деңгейде бөлініп отыр. Осы  құрылтайда  «бәріне теңдей  бөлсе»  деген  ұсыныс  айтылып, тағы  бір  мәселенің  шеті шықты.

Аймақтың проблемасын облыс әкімі жақсы біледі. Егер қаржы қолбайлау болып тұрса, мән-жайды ашық жеткізу керек. Облыс әкімінің келгені кеше ғана. Мұны да ескерген жөн. Сергелдеңге салған субсидия мәселесі де шешімін табар. Облыс әкімі мал қайырып, егін егіп жүрген нағыз шаруаларды бір бейсенбі қабылдап, өзара талқылап, түйткілді мәселенін түйінін шығарар деп сендік. Әкімдер айтса жасанды көрінеді, ел айтса сенімді шығады дегенді ұстанып, өз уақытын күтті ме? Ал халық айтты, енді әкім қайтпек?

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: