Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ҚАЗТРАНСГАЗ»-ға кім қалай қарыз болды немесе 1 млрд теңге берешек қайдан шықты?

14.01.2021, 11:30 220 0

«Ай сайын газ төлемдерін толық төлеп отырсам да, 200 мың теңге қарызсың деп жатыр». Өткен аптада редакциямызға осындай­ хат келіп түсті. Айтуынша, осы сарында­с мәселемен басы қарыздан арылмай­  жүрген  тұтынушылар  саны  өте көп екен. Қатерлі кезде қапыда қалып қойған­ жұрт «қасқыр қарызын терісімен төлейдінің» күйін кешіп жүр. Әп-сәтте компанияға қыруар­ қаржы берешек болып қал­ғандардың саны бүгінде алпыстан асқан. Осы тұрғыда, жергілікті халықтың «қарыз­қор» атануының себебі неде? «Көгілдір отын» жеткізуші компаниядан «суық» хабар қандай жағдайда келеді және одан қалай құтылуға болатынын зерделеп, мән-жайын ашуға тырыстық.­

Әлгі хат қолымызға тигеннен-ақ, компанияның «ақтығына» күдікпен қарадық. Себебі, «ҚазТрансГаз» дегенде кеудеге сенім ұялауы қиындау. Республика аумағын газбен қамтамасыз етіп отырған мекеме бұған дейін бірнеше рет алаяқтық бойынша жазаланып та үлгерген. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Атырау облыстық прокуратурасы жергілікті филиалды тұрғындардан заңсыз 65 млн теңге өндіріп алғаны үшін айыптап, дәлелдеп шықса, 2017 жылы Астана соты тұтынушыларға заңсыз «штраф» салғаны үшін компанияны миллиард теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген еді. Компанияның осыған дейінгі істеген қитұрқы әрекеттері бұнымен шектелмейді. Оған қоса, бұлар жауапты органдардың көзіне іліккендері ғана. Осы тұрғыда, монополистікке де айыпталып жүрген «газшылардың» ақтығына сыни қарау – өз кезегінде заңдылық.

Бүгінде Қызылорда облысы халқының «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясына жалпы қарызы 1 млрд теңгені құрайды. Оның арасында жоғарыда көрсеткен мысалмен «тізе тістеп» қалғандары да бар. «Қарыз қатынас бұзады» демекші, бүгінде аталған компаниямен соттасып, өзін айыптан арашалағысы келіп жүргендер қатары да жетерлік. Мәселенің төркіні – «жыр» болған есепке алу аспаптарының ескіргенінде һәм жарамсыз болып қалуында. Орысшалап айтқанда, «счетчиктен» келген зардаптар. Бізге жеткен бейресми ақпараттарға сүйенсек, компания қызметкерлері счетчикті тексереміз деп келіп, мерзімі өткені жайында немесе «пломбаның» үзілгенін хабарлайды. Ақшасын берсең, жөндеп беруге де дайын екенін жеткізеді. Көптеген тұтынушы амалсыздан сеніп қалады да, қарызға белшесінен батып жатады. Кейбіреулері «көлеңкелі» пайда тауып қалу үшін «пломбаны» өзі бұзып, «штрафпен» қорқытуы мүмкін. Оның зардабын да көретін – тұрғынның өзі. Компания мұндай жағдайда өз қызметкерлерінің ырқына жығылып кететіні түсінікті.

Қазіргі таңда облысымызда есептеу аспабының салдарынан қарыз болғандар саны 64-ке жетті. Компанияның ресми өкілі мәлімдегендей, есептеу аспабының жарамдылығы өткеннен кейін аспап қате есептейді екен. Оның жарамдылығы өтпес бұрын, төлем жасағанда түбіртек қағазының астына өту мерзімділігі жақындағаны ескертіліп жазылады. Аспаптың мерзімі өткеннен кейін оны компания есептен шығарып, берілген газды өздерінің нормасына сай есептейтін көрінеді. Демек, тұрғын газды аз пайдаланса да, компания көрсеткен нормамен есеп айырысуға тура келеді. Алайда есептеу аспабыныың істен шыққанынан хабарсыз болған тұрғын «счетчик» көрсеткен мөлшермен газ төлемдерін жасай береді. Ал қалған сома тұтынушының атына қарыз болып жазыла береді. Осылайша, бірнеше жыл бойына жиналған қаржы көлемі көбейіп, тұрғындарға жеткенде үлкен сома болып шыға келеді.

– Егер де төлем негіздеріне тұтынушыда күдік туса, өңіріміздің әр ауданында орналасқан абоненттік бөлімдерге баруына болады. Онда тұтынушының қай айда қанша қарыз болғаны және қалай, не себепті қарыз болғаны анық көрсетіледі. Оған келіспей арыз тастаса, ол жайтты қайта тексеруден өткіземіз. Қазіргі таңда есептеу аспаптарының жарамдылығын зерттейтін өңірімізде екі мекеме бар. Зерттеу де әдепкіге қарағанда оңтайландырылған. Сол себепті алдын ала жауапты мекемелерге есептеу құралын тексертуден өткізсе, мұндай мәселелерді айналып өте алады. Біз осы мәселені газет беттеріне де, басқа БАҚ құралдарымен де халыққа үнемі ескертіп отырамыз. Кейде есептеу құралын кері айналдырып, қарызын кемітіп алғысы келетін тұтынушылар да кездеседі. Сол үшін біз «счетчикке» арнайы өзіміздің «пломбамызды» орналастырғанбыз. Оны алмастыру не болмаса қайта салу мүмкін емес. Егер ол «пломбаның» бұзылғанын байқасақ, дереу акт толтырып, айыппұл саламыз. Кейде сондай алаяқтықпен айналысқан қызметкерлер де болады. Ондайларды сол мезетте жұмыстан шығарамыз, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ директорының бірінші орынбасары Ермек Қалдығұлұлы.

Өңірімізге газдың келіп жеткеніне де біршама жылдың жүзі болды. Демек, есептеу құралы істен шығып, құлықсыз қарызқор болу әркімнің де басынан өтуі мүмкін. Сол себепті есептеу құралының жарамдылық мерзіміне мұқият зер салып, қырағы қараған жөн. «Бармақ басты, көз қыстымен» есептеу құралын кері айналдырып, қарыздан құтылғысы келетіндер де кездеседі. Дегенмен, компания бұл жағдайдан да алдын ала қорғанған. Айыппұлға ілінгендер арасында мұндай айлакерлер қатары көп екен. Одан бөлек, компания қызметкерлерімен де байланысқанда сақ болуды ұсынамыз. Есептеу аспабын қызметкер өзі бұзып кетсе, оны дәлелдеу мүмкін емес болып қалады. Ондай жағдайда сіздің мүддеңізді компания да қорғауға асық емес. Көзді «байлаған» заманда қатердің қайдан келері белгісіз…

Бұндай даудың аясында «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының  ұпайы  түгел.   Тура жолдан сүрініп, опық жеп қалатын – сол қара қазан жанындағы қарапайым халық. Айтпақшы, компания директорының орынбасары халықты мұндай қатерден алдын ала қорғау мүмкін болмай тұрғанын айтады. Жаһанданған заманда тиімді механизм табудың мүмкін емес екеніне сену қиындау. Біз бұл жағдайдан жоғарыда көрсеткен мысалдармен ғана қорғана аламыз. Ал компанияның тұтынушыларға деген адалдығына сену-сенбеуді өз талқыларыңызға тастаймыз.

Бекзат АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: