Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНДА ҚОЛДАУ АЗ немесе «ЖАЛҒАН ҒАЛЫМДЫ» ҚОЛДАН ЖАСАП ЖҮРМІЗ

27.04.2023, 13:00 339

Қазақ қоғамын құлдық сана билеп тұрған кезеңде ел дамиды деп айту – бос сөз. Себебі, бүгінгі қоғам тек тұрмыстық әл-ауқатының, онда да тек қара басының қамын ғана ойлап отыр. Жалпы, үкімет соған ғана жұмыс істеуге қауқарлы. Ал, тереңнен бойлаған мәселелер өткір болса да, ешкімнің назары оған аумайды. Мәселен, ғылым саласы. «Ара-тұра ғылымға көңіл бөлінеді, мынаны-ананы жасаймыз» деп жатады. Бірақ іске келгенде екі саусақтың арасынан бас бармақты қылтитып кететіні сөзсіз. Егер өтірік болса, 2021 жылғы статистика бойынша еліміздегі ғылымды қаржыландыру жалпы ішкі өнімнің 0,13 пайызын құрамас еді. Бұл көрсеткіш ТМД елдерінің арасынан қырғыз бен тәжіктерден ғана алда. Тым болмағанда көрші екі елден озық екенбіз деп қуанудың қажеті жоқ. Өйткені әлем бойынша 80-орын. Дамыған елдерде кемі 1 пайыз болады екен. Осы тұста, «Қазақстанды көбі білмейді» деген ренішті пікірлер бар. Қазақстан Тәңір сыйлаған мұнайын тек сатып қана күн көрсе, ешнәрсені өндірмесе, ғылымды дамытпаса, бізді білмейді деп өкпелеу қисынсыз. Ендеше, ғылымдағы қордаланған мәселелерді дүйім жұртқа тарқатайық. Әлқисса…

Оқушылар мен студенттердің көбі – ғылыми жобаның  жүлдегері. Бірінен-бірі қалмай, қатыр­ма қағазды алып жанталасады. Таласқа түскен  бәйгеде оқушы немесе студенттің өзінің еңбегі деп айтатын кез аз. Себебі  барлығына дерлік  мұғалімі, не  жетекшісі  жазып береді. Жаз­байын  десе категориясын жоғарылатып, жала­қысын  көбейту үшін шәкірттерінің ғылыми жобадан жетістікке жеткені қажет. Сондықтан еш әурелен­бей «жалған ғалымдарды» өз мақсаты үшін ұстаздары тәрбиелейді. Құлқынның қамын ойлаған заман мен заңда елдің келісті болуы ешкімді алаңдатпайды. Алаңдатса, Жапо­ния мемлекеті секілді жаңалық ашқан адамды ғана ғалым қылар ма еді? «Біз жоқ жердің бәрі жақсы»  демекші, жапондықтардың  да  құпиясы  бар  екен.

– Жапондықтар ештеңе ойлап таппайды. Жаңа дүниені ойлап шығаратын Қазақстанның, кеңес үкіметінің ғалымдары. Ал, жапондықтар сол өнімнің патентін сатып алады. Патент сатып алғаннан кейін олар авторлық құқық иесі болады. Сондықтан жапондар ғана өндіріп жатқан сияқты көрінеді. Мәселен, пультті қазақтар шығарды дейік. Оны жапондар сатып алды. Олар пультті біз жасадық демейді. Жобаны жетілдіріп, пультпен басқарылатын теледидар деп басқа қырынан алып келеді. Бүкіл ел техниканы, көлікті, салқындатқышты жапондар шығарды деп ойлайды. Жоқ. Біз сияқ­ты дамушы елдер көп. Солардан сатып алған. Шынайы кейіпкерді айтайын, сөзім өтімдірек болсын. Жарықшамды ойлап тапқан деп айтатын американдық ғалым Эдисон бар ғой. Негізі оның патент беретін бюрода қызметі болады. Өзі бюро ашып, сонда жұмыс істеген. Біз сияқты қарапайым ғалым бала-шағасын асырау үшін соған барады. Ал, Эдисон мықты жобаны көріп тұрса да, өтпейді деп алаңсыз сандалтып, ақырында сол жобаны өзі сатып алады. Соңында өзі жаңағы жобаны жарыққа шығарады. Өйткені ол ғылыми-техникалық революцияның болашағы бар екенін білді. Дәл осылай, жапондар да біреу­дің еңбегін сатып алып, авторлық құқықтарын иемденіп жүр, – деді Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университеті «Су шаруашылығы және  жерге  орналастыру» кафедрасының аға  оқытушысы,  PhD  Ерлан  Шынбергенов.

Жапондар сияқты қазақ мұғалімдері де шәкірттеріне тегін ғылыми жоба жазып, үкіметтен «білімді оқушыны» тәрбиелегені үшін үстемақы алып жүргені ақиқат. Ұстаздың қалтасына қадалғанымыз жоқ. Үлкен өмірге енді қадам басқалы тұрған жанға өтірікті үйретіп, жалған атақ беруді қойған жөн. Ол-ол ма? Студенттер дипломдық жұмыстарын жазуға шамалары келмейді. Дегенмен, қызыл мен көкке боялған дипломды алады. Бұл қаншалықты дұрыс? Айт­пақшы, студенттерге биыл  диплом  жазу  қаншадан  болып  жатыр?

– Мұғалім білім беруге емес, өзінің дәрежесін көтеруге жұмыс істеп жатқан сияқты. Мысалы, бірінші категориядан екіншіге өту үшін порт­фолио керек. Онда мақала жазу, конференцияға қатысу, шәкіртімді ғылыми жобаға қатыстырып жүлделі орын алуым керек. Тағысын тағы талаптар кете береді. Бұны өткізбей, категория алу мүмкін емес. Ғылымға келгенде оқушының қызығу­шылығы мұғалімді алаңдатып тұрған жоқ. Мән беріп жатқандары да бар шығар. Бірақ аз. Ғылыми жобаны оқушылар қорғаған кезде көзі шарасынан шығып, ұстазының сілтеуімен қорғап шығады. Бастауыштан бастап, оқушыны ғылыми жобаға қатыстырады. Бұл – өрескел қателік. Әріп пен санақты үйреніп жүрген балаға қажет емес. 7-8-сыныпта мұрнына ғылымның иісі барса да жеткілікті. Баланы алдаудың қажеті жоқ. Қазақта «жетектеген тазы аң алмайды» деп бекер  айтылмаған.  Ғылымға  оқушы өз еркімен келуі керек, – деді химия ғылымдарының кандидаты, PhD,  Қорқыт  ата  атындағы Қызылорда  университеті  «Физика-химиял­ық  талдау  әдіс­тері»  инженерлік бейіндегі зертхана  жетекшісі  Нұрғали  Ақылбеков.

Ғылымдағы   қордаланған  мәселелердің көлсіз қалған балық сияқты жағада толып қалуы­ның  себебіне кім кінәлі? Ең алдымен, ғалымға көрсетілетін  құрмет  жоқ. Аз  да  емес, жоқ  дейді ғылымға ғұмырын арнағандар. Әлемжеліде атақты математик Асқар Жұмаділдаевты танымайтындар көп. Бірақ Геннадий Головкин, Елена Рыбакина, т.т. спортшыларды бәрі біледі. Себебі биліктің оларға деген құрметі шексіз. Алысқа бармай-ақ, төбелестің шебері болған Шавкат  Рахмоновты  жарнамаламаған  һәм сыйлық  табыстама­ған басшы қалмаған шығар. Осы тұста, лейшмания ауруына қарсы фитопрепарат жасап шығарған Мәншүк Ибраеваға, халық­аралық аренада ел намысын қорғаған Гулис­тан Сейдахметоваға, науқастың қызыл иегі­нің ауырсынуын анықтайтын жаңа құралдың  авторы  Ақжол  Нұрданәліге кім не беріп, не  айтты?  Құр  алғыстан  басқа  түк  те  жоқ.

– Халықаралық деңгейде өткізілген пәндік олимпиададан қазақстандық оқушылар миымен дүниежүзін мойындатып келгенде үкімет гүл шоқпен қарсы алды. Дәл сол кезде бір спорттан бір бала әлем чемпионы атанды ма, қысқасы, марапатының дәрежесі маңызды емес, сол балаға астына көлік, қолына үйдің кілтін табыс­тады. Бұл «тупыми людьми управлять легко» дегенді көрсетеді. Спорттың бір күні болмаса, бір күні ресурсы бітеді. Ал, мидың ресурсы еш­қашан бітпейді. 70-ке жетсең де, миды жұмыс істетуге болады. Еліміз тез нәтиже беретінге қаржыны аямайды. Спорт екі-үш жыл көлемінде нәтиже беріп, кеткен ақшаны ақтайды. Ғылымға шыдамдылық пен ұзақ уақыт керек. Қазір  ғалымдардың өзі шашы ағарғанша 15 жылдай жүргісі келмейді. Себебі үкімет ақша салып тұрғаннан кейін қайда кетті деп есеп сұрайды. Қазіргі таңда 45-50 мың адам елден жыраққа кетіп жатыр. Егер елімізде жағдай жасалса, олар неге кетеді? Неге қалмайды? Осыдан-ақ белгілі. Бізде эмигранттың саны жоқтың қасы. Америкадан Қазақстанға келіп, ғылыммен айналысайыншы деп келетіндерді естімейміз. Алайда Қазақстаннан Америкаға ғылым қуып келетіндер жетерлік. Тіпті, сол жақтың «КамАЗ»-ын тізгіндеп, қара жұмысына ынтық болып кеткендер көп. Ғылымға қазіргі жасалып жатқан қолдау  шикі.  Даму  үшін  басқаша  механизм  керек, – деді  Ерлан  Шынбергенов.

Жақында ғана 12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні болды. Бұл мерекеде өңірдің қай ғалымы­ның арқасынан қағып, қаржылай сыйлық  берілді? Басқа сала мамандарына көрсетіліп жүрген құрмет ғалымдарға келгенде ұмытылып қалды. Сондай-ақ, мектептерде спорт үйір­мелері секілді ғылыми үйірмелер жоқ.

– Елімізде шынайы ғалым мен ғылыми атағы бар адамдарды ажырату керек. Ол үшін ғалым­дардың жағдайына көңіл бөлу керек. Ол қалай? Әл-Фараби айтпақшы, ғылым жолына түскен адам күнделікті күйбің тірлікті ойламауы қажет. Бұған отбасылық, жеке мәселелер кіреді. Осыны мүлде ойламас үшін мемлекет қолғабыс жасау керек. Америка, Батыс Еуропа, көршілес Қытай мемлекетінде ғалымдарға айтарлықтай қолдау жасалған. АҚШ әлемнің мықты  ғалым­дарын жинап, айлықтан бөлек, үймен, балаларын мектеп, балабақшамен қам­тамасыз  етеді. Әрине, бар жағынан жағдай жасалынған соң, ғалымдар мүмкіндікті жібермейді. Бірақ бұл – елімізге минус. Біз «мидың кад­рын» жоғалтып жатырмыз. Алаңсыз ғылыммен айналысатын  уақыт қазақ елінің ғалымдарына да алдағы уақытта келеді деп сенеміз, – деді  Нұрғали  Ақылбеков.

Бәрін айт та, бірін айт. Ғалымдарға ғылыми-техникалық  база  жеткіліксіз болып шықты. Лаборатория деген аты болмаса, күл төгілген жер секілді аяқ баспайтын көрінеді. Өйткені керек дейтін бағдарламалар енгізілмеген. Бірақ бұл тығырықтан ғалымдар өздері шығып жүр. Бірінде бар дүние­ні біріне беріп, өлместің кейпін кешуде екен. Бұдан басқа, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан өңірлік университеттерге көңіл аз бөлінетіні айтылды. Ұлттық университеттер мен мегаполистегі мықты жоғары оқу орындарының бакалавриат­қа бөлінетін контингетін азайту керек екен. Ғалымдардың айтуынша, шетелде өз-өзін  сыйлайтын мықты университеттер бакалавр контингетін 40 па­йыздан асырмайды. Бізде бұл тәсілді қолдану арқылы өңірлік университеттердің дәрежесін көтеруіне септігін тигіземіз. Жастар жатақ­ханасыз, ақшасыз қиналмай өз аймақтарында бар күшін білім алуға жұмсайды. Яки жастар өлместің амалын іздемей, білімнің қамалын құруға тірлік етеді. Ал, магистратура мен докторантураға түсіп, білімін жетілдіріп, ғылыми жаңалық ашамын десе, ұлттық университеттерге  түсуін  қамтамасыз  еткен  жөн.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: