Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көршінің көшесі көзіңді қызықтырады

16.11.2021, 8:50 404

HALYQLINE.KZ

Қызылорда  облысының  әкімі  Гүлшара  Әбдіқалықованың  назарына

Қазақтың қабырғалы биі, әйгілі қолбасшы, атақты батыр Сырым Датұлы бабамыз атындағы көше Әйтеке би кентінің дәл орталығында орналасқан. Талант Бөріқұлақов және Қашақбай Пірімов көшелерімен шектесетін Сырым көшесіне мұнан сәл уақыт бұрын, нақтысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының тізгінін ұстаған кезеңде жөндеу жасалып, асфальт төселді. Осылайша шілдеде шырақ көрмеген аталмыш көшедегі жол сапасы Ергешбаевтың көңіл бөлгенінің арқасында айтарлықтай жақсарды. Бұған Сырым Датұлы көшесінің тұрғындары бөріктерін аспанға атып мәз болысты.

Өзіңіз ой елегінен өткізіп көріңіз. Қаншама жыл аспаннан тамшы тамса, сазды лайсаңды толарсақтан кешіп, әбден ығыры шыққан осы көшені қоныстанғандар тап-таза асфальт жолмен жүріп, бейнеттен құтылса, қалайша қуанбасын?! Үлкен-кіші, ер-әйел, бала-шаға демей Ергешбаевтың атына ризашылықтарын ағыл-тегіл жаудырды. Әрине, көшені талапқа сай етіп жасауға қазынадан қомақты қаражат қажеттілігі әмбеге мәлім. «Ұйымдастыра білген ұтады». Қазалы ауданын Ергешбаев басқарған тұста көптеген көшелерге жөндеу жасалғанын (оның ішінде Сырым батыр көшесі де бар) мойындамау азаматтығымызға сын болар еді.

Енді негізгі айтар сөзімізге көшсем. Асфальт төселгенін дастандай жырлаған Сырым батыр көшесіндегі түнгі жарық мәселесі арқаны аяздай қарып тұр. Әрі бұл – кешелі-бүгінгі емес, қаншама жылдан бері сағыздай созылып, шешімін таппай әбден сүрленген тақырып. Менің отбасыммен Сырым батыр көшесіне көшіп келгеніме 20 жылға қадам басты. Осы аралықта аталған көшеде түнгі жарықтың болғанын көргенім жоқ. Арада қаншама жыл өтіп, неше мәрте аудан әкімдері ауысты. Әкімдердің ішінде Қазалының жайын жақсы білетін төл перзенттері де болды. Алайда «баяғы жартас, сол жартас», Сырым батыр көшесінің түнгі жарығы баз баяғы қалпынан өзгермеді. Тастай түнек. Қараңғы түсе көше бойымен жүру қиямет-қайым. Әсіресе, екінші ауысымда оқитын мектеп шәкірттеріне аса қиын. Тротуар болмағандықтан жаяулар амалсыздан көше бойымен жүруге мәжбүр. Егер оқтай түзу асфальт көшемен ерсілі-қарсылы құстай ұшқан көліктер, көзге түртсе көргісіз қараңғыда жаяу адамды байқамай қалса… зардабын ойлаудың өзі қорқынышты. Бауыр еті перзенттерінің тағдырына алаңдаған ата-ананың қорқынышы айтпаса да түсінікті.

Ал келесі Е.Көшербаев көшесінің түнгі мезгілдегі көрінісі Сырым батыр көшесіндегі ахуалға мүлде кереғар. Түнгі жарығы шешімін тапқан Көшербаев көшесінің кейпіне қызыға қарайсың.

Бәлкім, сырт көзге алыс аудандағы бір көшенің түнгі жарығын облыс әкімінің назарына жолдағаным артық көрінер. Алайда адамның, әсіресе балалардың кауіпсіздігі бәрінен маңызды екенін қаперде тұтсақ.

Төменде Сырым батыр мен Көшербаев көшесінің түнгі көрінісі бейнеленген (15.11. 2021 жылы түсірілген) суреттер беріліп отыр.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: