Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

18 секундта 761 көліктің иесі анықталды немесе кімдер, қалай көлікті болды?

16.02.2023, 11:00 282

Әлеуметтік желіде дәл осы тақырып көп талқыланып, қызуы басылар түрі жоқ. Қайтсін енді, қаншама адам жаңа көлік алуға үміттенді, алайда сенімге селкеу түсті.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, бұл реніш бүгін не кеше басталған жоқ. 2015 жылы іске қосылған бағдарлама бойынша ел азаматтары отандық өндірістің жаңа көлігін 4 пайызбен алуға қол жеткізіп, автопаркті жаңалауға мүмкіндік алды. Бағдарлама талабы қарапайым – көлік құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс, мерзімі – 7 жыл. Егер 10 миллион теңгеге көлік алса, онда оны 11 миллион 400 мың теңге етіп қайтарады. Ай сайын төлейтін ақысы – 136 мың теңге шамасында. Бұл – өте тиімді шарт. Содан болар автонесие алуға ниетті адамдар саны көбейіп, автосалондарда ұзын-сонар кезек қалыптасты.

Екінші деңгейлі банктер мен автосалондардың арасында байланыс болмауының салдарынан қарапайым жұрт екі ортада әбден сандалды. Неге десеңіз, банктен несиеге кепілдік алып салонға барса, көлік жоқ, көлік болса, несие рәсімдеудің уақыты бітеді. Әйтеуір кедергі көп. Яғни бұл бағдарлама қарапайым халық үшін қолжетімді ме? Мәселе осында.

Осындай  қалың  күмәнмен  жүргенімізде  18 секунд ішінде орындалған операция шикі­лік бар екенін аңғартты. Осындайда «Ұрыдан ұрлау» атты фильм сюжеті еске түседі екен. Екі ұры банкті тонап, қомақты қаржыға масаттанып отырғанында, жаңалықтардан әлгі банктен 100 миллион доллар ұрланғаны хабарланады. Содан ұрылар олжасын қайта-қайта санап, банктен 20 миллион доллар алғанын анықтайды. Сөйтсе, банк менеджері ұрымтал сәтті пайдаланып, өздері ұрлаған соманы қосып, полицияға  хабарлаған  екен.

18 секундтың ішінде өтініш беріп үлгеру мүмкін бе? Желідегі жұрт осыған секемденіп, «Ұрыдан  ұрлаудың»  мысалын  келтіруде.

«Өнеркәсіпті дамыту қорының» баспа­сөз қызметі былай түсінік берді: «4 пайыздық автоне­сие өтінімін қабылдауға арналған autonesie.kz сайтына бір минутта 125 мың адам кірді. Платформа жұмысын бастаған алғашқы 18 секундта 761 қазақстандық өтінімін беріп үлгерді. Лимитке жеткеннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталып, «өтініш беру» функциясы тоқтатылды. Келесі өтінімді қабылдау қазақстандықтарға наурыз айында, одан  әрі  ай  сайын  қолжетімді  болады».

Енді көз алдыңызға елестетіп көріңізші, онлайн емес офлайн рәсімдеу болғанда не болар еді? Шымкент қаласында айфонды арзан бағаға сатқан акция есіңізде болар, халық ұзын-сонар кезекке тұрып, үлкен-кіші демей бір-бірін жүндеп, жеп қоя жаздаған еді ғой!

Желі белсендісі Ораз Түлешов өзінің аккаун­тында «Жаңа Қазақстан, ескі тәртіп» деп  баға  беріп:

– Сағат 10.00-де ашылған платформа 10.05-де жабылды. Сонда бір минут болмай қалай бітті? Бізге осы жағы түсініксіз. Қаншама адамның үмітіне балта шабылды. Желіде «тіркелуге үлгердім» деген адамды көрмедім. Бәрінің айтып жатқаны бір әңгіме. Тағы да халықты алдаудың жолы ма? Осындайдан кейін бәрі алдын ала сатылып кеткеніне қалай күмәнданбайсың? Бұл қарапайым халыққа жасалған бағдарлама ма? – деп сұрақтарға жауап іздейді.

Қазақстандықтар автонесие бойынша банк­терге 1,1 миллиард теңге қарыз. Яғни авто­несие беріліп жатыр. Бірақ ішкі нарықтағы сұраныс­ты толық қамтамасыз ете алмай келеді. Жур­налист Диас Нұрақынның дерегінше, елдегі автосалондарда  25-30  мың  адам  кезекте  тұр.

– 10 миллион теңгеге көлік алсаңыз, ай сайын 136 мың теңге несие төлейсіз. Қазіргі күнге дейін 4 пайызбен көлік алған 12 мың адам бар десек, ай сайын банкке револьверлік жүйемен 1 млрд 600 миллион теңге түседі. Бұл қаржыға тек 160 адам көлік ала алады. Демек, бұл бағдарлама өте тиімсіз. Осы себепті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» утиль алымнан түсетін 690 миллиард теңгенің 200 миллиардын жыл сайын осы бағдарламаға бағыттап отыруы керек. Ішкі автопаркті осылай жаңартамыз. Сонда ғана қазақстандықтардың көлік сұранысын қамтамасыз етеміз, – деп ұсынысын айтты Диас Нұрақын.

Қысқасы, автонесиеге байланысты күмәнді сұрақ көп. Ашықтық, жариялық, әділдік дәл осы салаға орнықтырмаса, әлеуметтік кикіл­жің  туындауы  әбден  мүмкін.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист,

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: