Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақта «Қызылорда Life» медиажобасы жұмысын бастады

05.10.2026, 19:10 217

Қызылордада жаңа «Қызылорда Life» медиажобасының тұсаукесері өтті. Жоба өңірдегі жағымды жаңалықтарды заманауи форматта таратып, қоғамдағы игі бастамалар мен әлеуметтік маңызы бар оқиғаларды кең аудиторияға жеткізуді көздейді.

Жаңа жобаның тұсаукесер лентасын облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен «Astana Life» медиажобасының бас редакторы Гүльжазира Берікқызы қиды. Олар жаңа медиажобаның жұмысына сәттілік тілеп, бастамашыл топқа қолдау білдірді.

Жиын барысында Руслан Каюпов өңірдегі ақпарат құралдарының қоғаммен байланыс орнатудағы рөліне тоқталды.

— Бүгін, міне, артынша тағы бір қуанышты жаңалықтың, үлкен бастаманың тұсаукесеріне куә болып отырмыз. Біз қай уақытта да ақпарат өкілдерімен, медиа кеңістікпен жақсы серіктес болуымыз керек. Себебі Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақта жасалып жатқан ауқымды жұмыстар мен саясатты халыққа, бұқараға жеткізетін — ақпарат құралдары. Атқарылған іс елге көрінбесе, өз қазанында өзі қайнап қала береді. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі әрқашан жоғары, — деді Руслан Каюпов.

«Қызылорда Life» жобасының авторы, «Көзілдірік Медиа Групп» серіктестігінің басшысы Алмас Тоқабаев бастаманың негізгі бағытын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі ақпарат кеңістігінде жағымсыз мазмұндағы жаңалықтар жиі таралады. Сондықтан жаңа жоба өңірдегі жақсы жаңалықтарды, пайдалы бастамаларды, еңбек адамдарын және қоғамға үлгі болатын оқиғаларды көбірек көрсетуге ден қоймақ.

— Қазіргі таңда миллиондаған оқырманы бар сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларында негативті ақпарат өте көп. Бірақ мемлекетіміз дамып, жағдайымыз жақсарып келеді. Өмірде әдемілік пен жақсылық өте көп. Біздің мақсатымыз — осы жағымды жаңалықтар мен әдемілікті халыққа жеткізетін құрал болу. Бір жаңалықты әртүрлі аудиторияға ыңғайлап ұсынамыз. Аға буынға Facebook арқылы, жастарға 30 секундтық форматта, аналарға Instagram, өзге аудиторияға Threads арқылы таратамыз. Ары қарай тереңірек оқығысы келгендер сайтқа өтеді, — деді Алмас Тоқабаев.

Оның сөзінше, мұндай медиаформат бұған дейін Семей, Өскемен, Абай, Астана, Түркістан және Жезқазғанда іске қосылған. Жоба авторы тәжірибе аудиторияның позитивті ақпаратқа қызығушылығы жоғары екенін көрсеткенін атап өтті.

«Қызылорда Life» дәстүрлі журналистика мен қазіргі цифрлық контент өндірісін ұштастырады. Команда құрамында кәсіби журналистер, креативті сценаристер, видеографтар, мобильді түсірілім мамандары, медиа-стратегтер мен SMM мамандары бар. Кәсіби камера, жарық және дыбыс құрылғылары арқылы түсірілген материалдар бірнеше платформаға бейімделеді.

Толық сұхбаттар мен подкасттар YouTube арнасына жарияланып, бір түсірілімнен әлеуметтік желілерге арналған бірнеше қысқа видео әзірленбек. Таныстырылымда бір материалдан екіден 12-ге дейін қысқа ролик дайындау мүмкіндігі бар екені айтылды. Видеолар субтитрлермен және графикалық элементтермен толықтырылып, әр әлеуметтік желінің аудиториясына лайықталады.

Алмас Тоқабаев жобаның дамуы үшін кәсіби ортаның тәжірибесі мен қолдауы маңызды екенін де жеткізді.

— Бізге ешқандай қаржылай көмек керек емес. Ең бастысы — сіздер сияқты тәжірибелі аға-апаларымыздың білімі, ақыл-кеңесі мен «жарайсыңдар» деген моральдық қолдауы. Бұл — қоғамды, адамдардың санасын ізгілікке тәрбиелеуге қосылған үлес, — деді ол.

«Қызылорда Life» алдағы уақытта өңірдегі әлеуметтік, мәдени және қоғамдық тақырыптарды түрлі форматта ұсынып, әр материалды аудитория ерекшелігіне қарай әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы таратуды жоспарлап отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: