Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жоғалған тапаншаның сыры

27.11.2023, 8:50 466

HALYQLINE.KZ

Қаз-қалпында

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек…». Шымкент қаласында тұратын досым Бекболат Жұмағалиев туралы осылай десем артық болмас. Көпшілікке Бекет есімімен танымал Бекболат Қазалы ауылында туып-өсті. Осынау мығым денелі, сабырлы мінезді құрдасым әңгімені де тыңдаушыға майын тамызып, шебер жеткізеді. Бүгінгі көпшілік назарына ұсынылып отырған оқиғаны Бекет-Бекболаттың аузынан естіген едім.

«Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші жұмыс орындары тарап, шаруашылықтар қожырап, көпшілік дағдарысқа ұшыраған шақ. Мен өзімнің ауылымда марқұм Дулан досым, тағы бір құрдасым үшеуміз бірлесіп, жеңіл-желпі сауда жасап, өзімізше тіршілік қылып жүргенбіз. Бірде мынандай күтпеген жайтқа тап болдық. Дуланның үйінен жеңіл көлікке зат тиеп, үшеуміз жолға шықтық. Ауылдың тұсындағы теміржол өткелінің жанында екі-үш МАИ қызметкері тұр екен. Капитан формасындағы олардың бірі ала таяғын көтеріп, көлігімізді тоқтатты. Машинадан түсіп, сәлемдесіп, жөн сұрастық. Капитан қызба мінезді ме, бізге бірден тиісе бастады. Жүргізуші құрдасымыз бұрын Ресейде тұрып, құқық қорғау саласында қызмет жасаған болатын. Капитанды сабырға шақырып, заң тармақтарын айтып, түсіндіруге тырысты. Осы мезетте долдана айғайлаған капитан құрдасымыздың бетінен шапалақпен тартып жіберсін. Бұл енді бізді ашықтан-ашық басынуы тұғын. Басынан сөз асырмайтын намысқой Дулан әлгімен жағаласа кетті. Біз де қарап тұрмадық. Апыр-топыр төбелес басталды. Жағасына жармасқан бір полицейді көз ілеспес шапшаңдықпен басынан асыра лақтырған жүргізуші құрдасымыз өзі құлатқанның үстіне бүркітше қона кетті. Қапелімде тұтанған төбелес тез тарқады. Екі жақ бір-бірімізге қарсы қарап, тістеніп тұрмыз.

Міне, қызық. Түсі бұзылып кеткен капитан «Пистолетім… Пистолетім қайда? Кім алды?» деп жанұшырып айғай салсын. Біз аң-таңбыз. Шынымен де капитанның қаруы салынған кобурасының ілмешегі ашық тұр. Ішінде пистолет жоқ. Мұндайды күтпеген Дулан екеуміз абыржып қалдық. Ал, жүргізуші құрдасымыз миығынан күліп, сасар емес. Капитан бастаған полицейлер қаруын жоғалтса сотталып кететіндерін айтып, тауып беруімізді сұрап, жалынып, жалбарынуға көшті. Оларды үнсіз тыңдаған жүргізуші досымыз бізді жөнімізге жіберсе, қарудың табылатындығына кепілдік берді. «Ер шекіспей бекіспейді» деген. МАИ қызметкерлері өздерінің әбес қылықтары үшін кешірім сұрады. Ымыраға келдік. Осы кезде жүргізуші құрдасымыз біз мінген көліктің еденіндегі (поликтегі) шағын қобдишадан капитанның пистолетін суырып алып, қолына ұстатты. Қай жерде, қалай үлгеріп жүргенін кім білсін? Ақыры келісімге келіп, жөн-жөнімізге тарқадық. Өмірде, әсіресе жол үстінде нендей оқиғалар кездеспейді», – деп Бекет сөзін түйіндеді.

Бұл әңгімені естігенде мен шиеленіскен оқиғаның бейбіт жолмен шешілгеніне қуандым.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: