Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтады

02.10.2020, 15:00 717 0

Құрметті ұстаздар!

Қадірлі сала ардагерлері!

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын, адам жанының бағбаны, білімнің бағдары болған барша ұлағатты мамандық иелерін кәсіби мерекесі «Ұстаздар күнімен» шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі мерекенің қоғам алдында қадірі биік, орны бөлек, дәрежесі жоғары. Жауапкершілік жүгі ауыр, машақаты мен шапағаты мол саланың көшін ілгері жылжытып, жастардың білім көкжиегін кеңейтуде еселі еңбек етіп, саланың дамуына сүбелі үлес қосқан ұстаздар қауымына шын ықыласыммен алғыс білдіремін!

Елдің ертеңін айқындап, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін – білім саласы. Ал бұл саланың тірегі, жаны мен жүрегі – ұстаз. Дана Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» десе, болашақ ел тұтқасына айналар зердесі ояу, ойы озық, білімді ұрпақ даярлау да осы қастерлі мамандықты иеленген мұғалімдер қолында.

Ел егемендік алған ширек ғасырдан аса уақытта мемлекетіміздің мәртебесін асырар талай жасампаз жоба, жаңа бастама қолға алынып, Қазақстан дамудың даңғылына түсті. Бұл жетістіктер – Елбасымыздың білімге деген ерекше көзқарасы мен Мемлекет басшысының қолдауының, өздеріңіз сияқты өскелең ұрпақ тәрбиелеп жүрген ұстаздардың еңбегі.

Бүгінде елімізде білім беру саласын дамытуға айрықша мән беріліп, оның ішінде ұстаз мәртебесін көтеру, еселі еңбегін лайықты бағалау орайында орнықты істер атқарылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қымбатты мұғалімдер!

Ұрпаққа тәлім мен тәрбие беруді басты мұратқа айналдырған қиын да қастерлі қызметтеріңізге табыс тілеймін! Елдің атын шығарып, аймақ абыройын асыратын, өңірді өркендетіп, туған жерді түлететін білімді де, талантты шәкірттеріңіз көп болғай!

Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы ұстаздар!

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қаласының әкімі

Н.Нәлібаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: