1 қазан – Халықаралық қарттар күні
Қазалы ауданында Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп – республикаға белгілі білім ошағы. Бұл мектепті 1939 жылы Қазақстанның Халық Қаһарманы Роза Бағланова бітірді және көптеген аудан мен облыс басшылары шықты. Солардың біреуін атайтын болсам, кезінде Қызылорда облыстық комсомол комитеті мен қалалық партия ұйымының бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Ыдырыс Қалиев еді. Азамат соғысы кезінде 1919 жылы ашылған бұл мектептен 2 академик, 50-ден астам ғылым докторы мен кандидаттары шыққан. Мектептен 7 ұстаз КСРО Ағарту ісінің үздігі, 70-тен астам мұғалім ҚР Білім беру ісінің үздігі атағына ие болған. Мектептің атын қай уақытта да білікті мұғалімдер шығарады, сондай ұстаздар, бір мектептің үш Розасы туралы айту – парызым. Олар – бүгінгі зейнеткерлер, кешегі білікті мұғалімдер Роза Сәтмағанбетова, Роза Өтепова және Роза Бекжанова.
ҚР Білім беру ісінің үздігі Роза Сәтмағанбетова математика пәнінің мұғалімі кезінде «Жыл мұғалімі – 1997» сайысының бас жүлдегері, математика пәні бойынша жасаған бағдарламасы облыс бойынша бірінші орынға ие болды. 2009 жылы «Олимпиадалық есептерді шешу» атты республикалық семинарда өзінің есеп шығару тәсілдетрін көрсеткенде, академик Асқар Жұмаділдаев Розаның кәсіби біліктілігіне риза болған. Жасы зейнетке келгенмен аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті Розаны 3-4 жыл ҰБТ-ға байланысты жіберген жоқ.
ҚР Білім беру ісінің үздігі Роза Өтепованы бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, «бала жанының бағбаны» деп айтатын, аудандық және облыстық білім сайыстарындағы үздік еңбектері кезінде іс-тәжірибе түрінде таратылды. Ата-аналар өзінің балаларын Розаның сыныбына бергісі келетін, кейде оқушылар толық болғандықтан мектеп директорына дейін барып өтініш айтып жататын. Мектебіміздің жанындағы интернат меңгерушісі болған, ҚР Білім беру ісінің үздігі Сәуле Өтәлиева жас кезінде өзінің кенже егіз баласын осы Розаның сыныбына беремін деп, Айбек пен Айгүлді мектепке бір жыл кеш бергені бар. Бастауыш сыныпты бітірер кезінде Роза: «Сәуле, сен ренжіме, екеуі бір пәннен «5»-ке келмейді, сондықтан «4»-ке қорытамын» дегенде, Сәуле: «Роза, саған неге ренжимін, бір ми екеуіне бөлініп кетіп тұр ғой» деп қыран-топан күлкіге айналдырып жіберген болатын. Не деген мінезі жайсаң жандар. Сәуле апайдың егізі ЖОО бітіргесін, Айбегі теміржолда, Айгүлі мұғалім болып қызмет етіп жүр, өз саласының білікті мамандары.
Үшінші кейіпкеріміз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Роза Бекжанова – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, өмірінің 60 жылы осы мектеппен байланысып жатыр. Мектепте 10 жыл оқыды, ЖОО бітіріп келгесін 37 жыл қызмет істеп зейнеткерлікке шықты, яғни еңбек кітапшасында екі-ақ бұйрық жазылған, «қызметке қабылданды» және «зейнетке шығуына байланысты қызметтен босатылды» деген. Роза мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап-ақ өнерге жақын болды. Институт қабырғасында оқып жүргенде облыстық «Сыр сұлуы» ансамблінің мүшесі болды. Баяндамалары мен оқушылары аудандық, облыстық және республикалық білім сайыстарда топ жарып жүрді. Өзі 2000-2010 жылдары мектептегі ағылшын пәндерін тереңдетіп оқытатын сыныптарға сабақ берді. 1992 жылы мектебімізге Жанқожа батырдың есімін беретін кездегі жиында Рүстем Жанаевтың «Жанқожа батыр» пьесасын сахналап, көрермендер ықыласына бөленді. Сондай-ақ ұстаздық еткен жылдарында бес сыныпқа жетекшілік етіп, мектеп қабырғасынан шығарып салды. Розаның өзі аудандық «Жыл сынып жетекшісі – 1997» сайысының бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Сынып жетекшілігі туралы сөз болғанда тағы бір айта кететін жері де бар. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтың сынып жетекшісі болды.
Қазан айының басында аталып өтілетін халықаралық қарттар мен мұғалімдер күні қарсаңында өзім қызмет еткен мектепте осындай елге үлгі етуге болатын абзал жандар бар екенін көрсеттім. Аман-сау, бар болыңдар, құрмет тұтатын апайларым.
Бірінші суретте: солдан оңға қарай Р.Бекжанова, Р.Өтепова, Р.Сәтмағанбетова.
Екінші суретте: 1976-1977 оқу жылының соңында 6-сыныпқа өткен кезде ескерткіш үшін суретке түскен болатын. Розаның оң иығының тұсында екінші қатарда тұрған оқушы Мархабат Жайымбетов.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!