Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірімнің өзегі – өлеңімде

18.04.2024, 10:00 209

Ақтөре  ИБРАГИМҰЛЫ

Ақтөре Ибрагимұлы 1993 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің, «Болашақ» университетінің түлегі. «Жүректен жүрекке», «Жүректегі жазулар» өлеңдер жинағының және бірнеше ғұмырбаяндық кітаптың авторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Қызылорда облысы әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері. Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты. «Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

ТУҒАН  ЖЕР

Уа, туған жер, теңеу көп…

Киең көкке жетеді.

Жамандаса біреу кеп,

Жаным шығып кетеді.

Бəрі сенен аласа,

Сенде жүрсем төремін.

Қажетіңе жараса,

Мен жанымды беремін!

Қанат жайды өркенім,

Аярым жоқ өзіңнен.

Өсіп, өнген мекенім,

Мен біргемін өзіңмен!

Төмпешігің тау маған,

Аспан болсаң, айыңмын.

Сендегі өртке лаулаған,

Су болуға дайынмын!

Суыңды ішіп, бүр жарып,

Құмыңда аунап жазылдым.

Керек болса, бір жарық,

Тұтануға әзірмін!

Жас жүрегім толғанса,

Сені өлең-жыр етемін.

Соңғы демім қалғанша,

Сені сүйіп өтемін!

ҚАЗАҚСТАНЫМ

Өзіңсің, Қазақстан, барым, нарым,

Өзіңсің жан ұраным, ән ұраным!

Өзіңсің алтын бесік, байтақ далам,

Өзіңмен бірге менің мәңгі жаным.

Өзіңсің, Қазақстан, тірегім де,

Сен тұрсың көңілімде, жүрегімде.

Екі жыр жазсам, бірі сен туралы,

Баянды болашағың – тілегімде.

Өзіңсің, Қазақстан, бақытым да,

Өзіңсің қымбат, асыл жақұтым да.

Сені ойлап көз ілемін, ал оянсам,

Боласың арқау менің шабытыма.

Өзіңсің, Қазақстан, нық тұғырым,

Жер-жаһан мойындаған мықтылығын.

Орта Азия жүрегісің, көпке үлгі боп,

Барасың бастап алға топты бүгін.

Өзіңсің, Қазақстан, отты өлеңім,

Қорғаймын, қатерінен жат-бөтеннің.

Өзіңде тудым, менің арманым жоқ,

Жәннатым, пейіш бағым, құт-мекенім!

ӨЛЕҢІМДЕ ҰЛЫ АБАЙМЕН ҚҰРДАСПЫН

Ұнатпаған суық көзден қорықтым,

Жұбатпаған суық сөзден торықтым.

Өлеңімді өміріме баладым,

Түсімді тек бір адамға жорыттым.

Бала күнгі тәтті ұйқымды үзіп түн,

Аспандағы жұлдыздарға қызықтым.

Өмірімді өлеңім деп түсіндім,

Ерте ұзап көңілімнен қызық күн.

Бір сенімді күндіз-түні ойладым,

Бір сезімге ессіз-түссіз бойладым.

Жапыраққа жырларымды жатқа айттым,

Ғажабына табиғаттың тоймадым.

Батқан күнге жырларымды оқыдым,

Көкке қарап өмір сырын тоқыдым.

Жарық берді адалдықтың шырағы,

Алып келді сағыныштың оты мұң.

Толған аймен тебіреніп сырластым,

Арман қуып, заңғар-заңғар қырды астым.

Өмірімде Елубаймен* мұңдаспын,

Өлеңімде ұлы Абаймен* құрдаспын.

Өмір деген шетсіз, шексіз ұлы айдын,

Ұлы айдында мен еріксіз мұңайдым.

Мен өлеңге, өлең маған қарыздар,

Құдай маған, мен Құдайға ұнаймын.

Ұнайтыным, өзгешелеу күн кешем,

Оқырманмен жыр тілінде тілдесем.

Ақын болып тумағанда сірә мен,

Өмір мәні неде екенін білмес ем…

*Елубай – сырбойылық ақын Елубай Әуезов

*Абай – Абай Құнанбайұлы

ҰШТАП БЕРДІ СЫН СӘТТЕР ҚАЛАМЫМДЫ

«Қаламыңыз ұштала берсін!». Маған осы тілекті айтатындар көп, оқырмандар әсіресе өлеңдерімнің астына осы тілекті көп жазады. Менің ойымша, қаламым ұшталып-ұшталып қысқарған сияқты…

Талант үшін азап жоқ тыс қалғаннан,

Тозып қалар кездік те ұсталмаған.

Рух та жоқ, айбар мен айбат та жоқ –

Қадір де жоқ қаламда ұшталмаған.

Өлеңдерім аралап әр ауылды…

Ақын болып басамын қадамымды.

Сынайтындар табылар, мінейтіндер,

Солар менің ұштайды қаламымды.

Қаламымды ұштайды ұмтылысым,

Мен жазбаймын өлеңді бір күн үшін.

Үміт, арман, сезімім жетелейді,

Оятады ұйқымнан мың бір тылсым.

Қаламыма адалмын қолға ұстаған,

Одан жақын дүние болмас маған.

Іні де жоқ ағалап алдан шығар,

Аға да жоқ алдымда жол нұсқаған.

Жазсам, жаздым болғанды, болатынды,

Оқығанның көңілі толатын-ды.

Өмір сырын қаламға арқау етіп,

Селт еткізгім келді мен қара түнді.

Мен оларды…

Ұққандай құстар мені,

Тазалыққа жас жаным құштар еді.

Бәйгеге ұқсас әр күнім, әр сағатым,

Қаламымды өмірім ұштап берді.

Бір арманым – мәңгі арман бала күнгі,

Мен әрқашан тау көрдім талабымды.

От қойғандай бейне бір, өрт қойғандай,

Ұштап берді сын сәттер қаламымды.

Бүгінде ел сүйсінсе талабыма,

Шүкір етіп, сүйенем қаламыма.

Өмірімнің өзегі – өлеңімде,

Жазулы тұр жырларым жанарымда!

Түсінеді әрқалай парызды әркім,

Ақиқат бар түбінде аңыздардың.

Ұштадыңдар үкілеп қаламымды,

О, адамдар, бәріңе қарыздармын!

ТАҚЫРЫБЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ

(130 жылдан кейін оқылатын жыр)

Қызыға қарап тірілер,

Келесі асыл ғасырда.

Ескерткіш тақтам ілінер

Осы үйдің қабырғасына.

«Көп еді жазған өлеңі…»,

деп біреу ойын аяқтар.

Тақтадан мені көреді,

Болашақ сырдариялықтар.

Жыр оқып жастар береді,

Шабытпен шашып шашуын.

Ал, оны рухым көреді,

Мүмкін бе, одан қашуым?

Түсіне көптің енемін,

Шешілмес оңай түйін ем.

Жарқ етем тағы сенемін,

Жүз отыз жылдан кейін мен!

Жүз отыз жылдан кейін ел,

Еріксіз еске алады.

Жырларым бүгін сүйінер,

Жадында жұрттың қалады.

Сол кезде көктем қарайды,

Ән салып құстар көгімде.

Бір ару шашын тарайды,

Өлең боп келген өмірге.

Адамдар мойын бұрады,

Топтаса қалған тобырға.

Көтеріп мені тұрады,

Көтерген өзім қабырға.

Бәрі де сонда мұңсыз-ақ,

«Тірісің әлі…» дейді іштей.

Жиналған қауым үнсіз-ақ,

Бір-бірін ұғар сөйлеспей.

Сиясы біткен қаламым,

Жетелер көпті жыраққа.

Сол жерде мен де боламын,

Көрінбей тұрам бірақ та.

Қайталап ескі өлеңді,

Ескімен рухты суарам.

Тірімде естімегенді,

Өлген соң естіп қуанам.

Тірімде талай гүл үздім,

Ол гүлдер есік қағады.

Жүз жылдан кейін бір қыздың,

Жүрегі мен деп соғады…

Жас қауым сонда тосылмай,

Алады мені дөп еске.

Ескерткіш тақтам осылай,

Куә болады көп іске.

Жайқалар үйдің гүл бағы,

Ақтама да оны жақтама.

Мені сатқанның ұрпағы,

Гүл қояр келіп тақтаға.

Бүр жарып сол күн сезім боп,

Түседі еске көп белгі.

Аяласа оған сөзім жоқ,

Аямаса екен тек мені.

«Көп еді жазған өлеңі…»,

деп біреу ойын аяқтар.

Бәрін де бәрін көреді,

Бәрін де бәрін естиді,

Болашақ сырдариялықтар…!

МОЛАСЫ ЖОҚ АҚЫН

С.Сейфуллиннің рухына

Сәкен сері болса да баласы жоқ,

Сәкен ұлы болса да моласы жоқ,

Баласы мен моласы жоқ адамға,

Атты талай адамдар таласып оқ.

Тарих бірақ көп істі тұмшалады,

Ұлы адамды апыр-ай құл санады.

Магаданды жүр ме екен рух айналып,

Менің жаным сол рухқа мұң шағады.

Тыңда, Сәкен, ақынмын мен өзіңдей,

Көп таңымды атырдым көзімді ілмей.

Тайғанақтап келемін тар жолдарда,

Шабыт – шалқар,

Ой – терең,

Сезім – көлдей.

Магаданды түсімде көп көремін,

Сезіледі жұртыңа өкпелерің.

Жер бетінің бұйырмай топырағы,

Қайран, ақын, жыраққа кеткен едің.

Мәлім бізге өксітіп, қажытты өмір,

Ол өмірге азған ел жазықты кіл.

Қаламыңа сүйендің қай кезде де,

Қара өлеңге болған соң ғашық көңіл.

Талант жүгін артып ап жон арқаға,

Жүрдің Сәкен сері боп Сарыарқада.

Ойладың-ау әлемді күнәсіз деп,

Және соны қорғадың сан ортада.

Өлшем болмас ақынға жалған өмір,

Дейді қазақ: «Шыққан жан – қалған көңіл».

Жатқан жерің беймәлім бізге бүгін,

Барар едім тәу етіп молаңды бір.

Сұңқар дейді сені ел биік ұшқан,

Биіктікпен көңілім жиі ұғысқан.

Таза арыңа жұқпайды қара күйе,

Таза адамға о бастан үйір дұшпан.

Сендің талай сезімге, ғажаптарға,

Сен тазасың, өлмейсің, қазақ барда.

Бірақ, жалғыз ақынсың моласы жоқ,

Жалғыздықтан асатын азап бар ма?

Көз жүгіртсем өткен күн дерегіне,

Өксік толып қалады өлеңіме.

Терең ойға батамын кейде жалғыз,

Ұлы адамға моланың керегі не?..

Көңілге нық бекітіп ғұрыптарды,

Ұлық тұту керекпіз ұлықтарды.

Сәкен деген – халқымның рухы ғой,

Қара жерге көмбейді рухтарды!

Рух енеді түсіме жиі менің,

Сезем оның сүйініп, күйінгенін.

Мәлім оның бар сыры, бар қайғысы,

Мәлім және оған да күйім менің…

Сәкен сері болса да баласы жоқ,

Сәкен ұлы болса да моласы жоқ,

Баласы мен моласы жоқ адамға,

Атты қалай адамдар таласып оқ…

ӘКЕМНІҢ СЕЗІЛЕДІ МЫҚТЫЛЫҒЫ

Артында кей адамның қалды ма ізі?

Өмірдің балада екен бар қызығы…

Зарыға күткен аңсап ата-анамның,

Мен едім,

Үміт артқан жалғыз ұлы.

Қорғаштар аққан судан, жанған оттан,

Қорғаштар арамдықтан, жалғандықтан.

Бес әпкем болды алдымда арқасүйер,

Сезбедім жалғыздықты мен сондықтан.

Есімде еркелігім, өжеттігім,

Балалық білмей қалдым тез өтті күн.

Шыр етіп қарындасым келді өмірге,

Болса деп жүрген кезде ізетті інім.

Бұйырып жұрт айтқан көк көсегеме,

Ес кірді ерке ұлға өсе келе.

Алты қыз алты әулетке кетті ұзап,

Жазылған тағдыр шығар пешенеге.

Көтеріп ата-анамыз нардың жүгін

Көрсетті ұлы өмірдің бар қызығын.

«Қыз – қонақ»…

Бойжеткен соң ұзады олар,

Сезілді сол кезде анық жалғыздығым.

Бейне бір ақ жауынын төккен күздің,

Кейпіне жетеледі сыр мен ізгі үн.

Езіліп ет жүрегім құлазыды,

Кеткенде үйден ұзап көктем біздің.

Кей түні көз саламын өткен ізге,

Дерт бар ма, сағыныштай дерттен өзге.

Болды әкем қандай күйде?

Жеткізе алман…

Алты қыз алты әулетке кеткен кезде.

Қолында болғандықтан ұлт ғұмыры,

«Өмірде болмаса» деп бұлтты күні.

Қызымның болашағын ойлай қалсам,

Әкемнің сезіледі мықтылығы…

АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІ

Әр басқан қадамыңа өте алаңдар,

Өмірде баға жетпес екі адам бар.

Қажет пе, қолда бардың бәрін берер,

Бақытты-ау, қадіріне жете алғандар…

Дейтұғын «Ертеңіңді көркем етем»,

Тілекші жан таппайсың әкеңе тең.

Тірегің, арқасүйер асқар тауың,

Сен үшін ұлы өмірде желкен екен.

Сарқылмас сәуле құйып санаңа кең,

Табатын ерден бақыт, баладан ем.

Қанша рет іздесең де жер бетінде,

Жанашыр жан жоқ асыл анаңа тең.

Өмірім өтсін десең өте мәнді,

Керекті өсиетті шертем мәңгі.

Өкініп қалмау үшін өмір бойы,

Бар болса, бағалаңдар, екі адамды!

Құдірет аз-ау сірә ойдан күшті,

Жақсы ойла, әдет қыл да пайдалы істі.

Өзіңде таңдау құқы, бірақ анық –

Бақытың екі адамға байланысты.

АҚЫНДЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Не керек десе ол кезде өлең дедік,

Кім адал сол жаққа көп елеңдедік.

Ақындық сіз үшін не белгілеңіз:

а) өмір;

ә) ғашықтық;

б) тереңдік;

Кім арам, содан қатты алшақтаппыз,

Жан емес,

Ұят,

Сезім,

Ар сақтаппыз.

а) өмір, дедіңіз бе,

мен айтайын:

Өмір ол – театр, біз қол соқпаппыз.

Ал, сізше,

ә) ғашықтық, дедіңіз бе?

Кәнеки, қараңызшы, енді бізге.

Сездірер қайтқан құстар, сезеді ақын,

Ғашықтық бақ болмайды түбі сізге.

Сіз-дағы топшылапсыз б) тереңдік,

Ұқпасақ, түсінбесек бітер едік.

Ақындық – түпсіз терең бір тұңғиық,

Жүгі бар шынайы ақын көтерерлік…

Көңілге құйылар жыр…

Сенем ерек,

Оянар ақын жүрек өлең тілеп.

Өлеңді оқу қажет бір демменен,

Ағынды ұғу керек тереңірек!

МЕҢДІ ҚЫЗ

Аңсаған шаққа орала алмаймыз,

Орала алмаймыз енді біз.

Көктемді күткен шағаладаймыз,

Шағаладаймыз меңді қыз.

Өткенді ойласам көзімді жұмып,

Ессіз ғашықтай күлемін.

Әлдилеп сен де сезімді ұлық,

Сағынып жүрсің білемін…

Кезіктірген ем көктемде сені,

Көктем де өтті…

Келді күз.

Сағыныш дерті жүдетті мені,

Жүдетті мені меңді қыз.

Өкпе-ренішті құп алғаным жоқ,

Бақытыңды талай тілермін…

Ойымнан мүлде шығарғаным жоқ,

Сағынбай қалай жүрермін?!

Шаттық сыйлайды төзім білемін,

Сезімге құлмын өтінген.

Сені ойлап жатып көзімді ілемін,

Оянбай қалсам…

Өкінбен!

***

Сөнбеу үшін сезімнің жалыны шын,

Шыдау керек,

Бақытың, бағың үшін!

Келеді ол бір күні…

Егер сенің,

Басылмаса бойыңда сағынышың.

Шығармасаң танысқан көктемді естен,

Аңсары ауып ай нұрын төккен көштен.

Келеді ол бір күні…

Егер сенің,

Ада болса жан дүниең өкпелі істен.

Жиып алып жаныңа таң самалын,

Ұмыт болып өкпе, наз, қаншама мұң.

Келеді ол бір күні…

Егер сенің,

Жылдар бойы рас болса аңсағаның.

Сағынышты сезіммен тізбеледің,

Тақырыбы сол болды ізгі өлеңнің.

Келеді ол бір күні…

Егер сенің,

Рас болса үздігіп іздегенің…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: