Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсы адам

27.04.2024, 9:00 110

HALYQLINE.KZ

Бүгін сіздерге өмір жолымда кездестірген жақсы адамдар туралы естелігімді ұсынғым келіп отыр. Ол адамның бірі – Марк Захарович Подольский, ия сол атақты Марк Захарович, №198 орта мектебінің директоры болған, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, былтыр 91 жасқа келгенін атап өткен болатын.

Сонымен, менің жолым бұл кісімен қалай түйісті? Бұл 1989 жылы болатын, ол кезде мен қаладағы «Универсам» (бұрынғы «Радуга») мөлтек ауданында тұратынмын. Чернышевский көшесі, 11-үйде 2 бөлмелі пәтерім бар, үлкен қызым 1983 жылы дүниеге келген, 6-ға толып, енді 1-класқа барам деп талпынып жүрген. Содан көрші подъезде тұратын Цой Мария Васильевна деген мұғалім болатын (ұлты корей), сол әйелім Бақытқа «біздің мектеп биылдан бастап, эксперименттік класс ашып, 6 жастан бастап 1-класс оқытамыз, соған қызыңды бер» деп айтыпты. Сөйтсем ол да №198 мектепте бастауыш мұғалімі екен. Қайта құрудың нағыз қызып жатқан уақыты еді. Жақын маңда қазақ мектебі жоқ, сондықтан ойланып-толғанып, сол мектепке 1-класқа беретін боп шештік. Содан қызым оқуын бастап кетті,о ның үстіне класс жетекшісі болып Цой Мария Васильевна бекітілген екен, бізге жақсы болды. Өйткені ол кезде жұбайым Бақыт облыстық ауруханаға жұмысқа ауысқан, кешке дейін жұмыста, мен құрылыс саласында істеген соң, көбіне аудандарда іссапарда жүремін. Сол кезде бізге Мария апай көп көмектесті, сабақтан шыққан соң, қызымды өз үйіне бірге алып кетеді екен, өзінің де немересі бар болатын, солармен бірге болады деп, Бақыт жұмыстан қайтам дегенше. Осы уақытта сол адамдарға таң қаламын, не деген бауырмалдық десеңші, әруақытта ризалықпен еске аламын сол апайды.

Ал бұл кезде Марк Захарович №198 мектепті қаладағы ең озық мектепке айналдырды, мектептің жанынан оқушылар өздері жұмыс істеп табыс табатын цехтар ашып, тігін цехы, кондитер өнімдерін пісіретін, т.б. жаңалықтарымен көпшілікті таңғалдырды. Өзі қалалық советке депутат еді, мектепте неше түрлі үйірме болатын, шахмат, би билеу секілді, есімде қалғаны қызым би үйірмесіне қатысқаны. Мен бұл уақытта облыстық коммуналдық шаруашылық, құрылыс басқармасында істеп жүргенмін, кейде қалалық деңгейдегі әртүрлі жиналыста көріп тұратынмын. Марк Захарович өте кішіпейіл әрі қарапайым адам болатын, кез келген адаммен тіл табысып сөйлесіп кететін. Бір күні бір қызық естідім, мектепте оқушылар арасында ләңгі ойнаудан жарыс ұйымдастырған, бәрі аң-таң, біз бұл ойынды ескіліктің қалдығы (архаизм) деп жүрсек, бұл кісі ұлттық ойынды дәріптеп жатыр…

Сөйтіп жүргенде 1993 жылы көктемде мен «Ақмешіт» шағын ауданына көшетін болдым, жұмыстан 3 бөлмелі үй алғанмын, бұл кезде 2 балам бар болатын. Қызым 4-класта оқитын, оқуы жақсы, мектепке, мұғалімдерге бауыр басып қалған, Мария Василевна бұл уақытта зейнетке шыққан болатын. Амал қанша, қызымды «Западтағы» мектепке ауыстыруға тура келді, өйткені «Универсамға» қатынап оқу қиын болды, оның үстіне әлі жас қой. Сонымен қимай қоштастық №198 мектеппен, әсіресе директор Марк Захарович жібергісі келмей, Бақыт құжаттарын алуға барғанда «подумайте» деп айта берді» дейді. Бірақ қызым «Западтағы» мектепте де жаман болған жоқ, өйткені №198 мектепте бастауыш сыныпта алған білімі, яғни білім іргетасы мықты болды, Құдайға шүкір, кейін мектебін жақсы бітіріп, Қорқыт ата атындағы университетті де ойдағыдай аяқтады. Қазір тұрмыста, Шымкент қаласында тұрады, биыл үлкені қыз бала (жиенім) Алматыға КБТУ-ға грантқа түсті 1-курсқа. Құдайға мың да бір шүкіршілік ете отырып, үлкен қызымның осындай білім бұлағынан сусындауына өз үлестерін қосқан №198 мектептің ұстаздарына және қазір 92 жасқа келіп отырған бұрынғы директоры Марк Захаровичке өзімнің ризашылығымды білдіремін және олардың алдында басымды иемін!

Ералы  ЕСІМОВ,

зейнеткер,

Астана  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: