Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

НЕСІБЕСІН НЕСИЕГЕ ЖЕГІЗГЕНДЕР немесе алаяққа алданғандар

01.05.2024, 11:20 131

Телефон қоңырауы арқылы талайды тақырға отырғызған интернет алаяқтары аз емес. Қазіргі таңда көп қазақтың несібесі алаяқ рәсімдеген несиені төлеуге кетіп жатыр. Мәселен, былтыр Қызылорда облысында интернет желісі арқылы болған қылмыстар саны 202-ге жеткен. Оның 55-і бойынша күдіктілер анықталып, іс сотқа жолданған. 202 қылмыстың 67 дерегі бойынша жәбірленушілер несие рәсімдеген. Бұл іс басына түскендердің тапқан-таянғаны ай сайын құмға сіңген судай сол несиені төлеуге кетіп жатыр.

Интернет алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалғандардың ауыртпашылығы бір-екі жылмен шектелмейді. Себебі олар қулық-сұмдықтың қыр-сырын меңгерген виртуальды әлем қарақшыларының кесірінен жылдар бойы несібесін несиеге төлейді. Өзінің қажеттілігіне арналған қарызды өтесе бір жөн. Олар бала-шағасының аузынан жырып, алаяқтардың құлқынына кеткен несиені жабады. Дәл осындай тағдырды арқалап, ішкі демін ішіне тартқан қаншама қазақстандық көңілсіз күн кешіп жатыр. Былтыр бір жылдың ішінде Сыр өңіріндегі тұрғындарға келген шығын шаш-етектен. Соның салдарынан алданған халықтың қалтасы­на 287 263 285 теңге көлемінде салмақ түскен.

Алаяқтардың торына түскен жәбірленушілер бар тапқан ақшасын несиені жабуға жұмсайды. Себебі оны төлемесең, қарызың еселене береді. Күдікті анықталмаса да, мойнындағы қарыз мөлшері сол күйінде қалады. Мұндай қиындықпен бетпе-бет келіп, «шықпа жаным, шықпа» деп жүрген отандастарымыздың  саны  жетіп  артылады.

– Жыл басынан бері аймағымызда интернет-алаяқтық бойынша 52 қылмыстық іс тіркелді. Оның 17-сі бойынша күдікті тұлғалар анықталды. Ал алаяқ рәсімдеген несиені төлеу бойынша 21 адам интернет алаяқтарының торына түскен. Оның төртеуі бо­йынша іс өз шешімін тапса, қалғандары ұялы теле­фонның ар жағындағы өзі танымайтын «алаяқ­тарға» несие төлеуде, – деді Қызыл­орда облысы полиция департаментінің Кримин­алдық полиция басқармасы Кибер­қылмыстарға қарсы күрес тобының аға жедел  уәкілі  Серік  Ануарбекұлы.

Мәселен, Гүлназ есімді жәбірленушіге 2023 жылдың ақпан айында WhatsApp қосым­шасы арқылы алаяқ өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Жәбірленушінің атына бір миллион теңге көлемінде несие шығатынын айтқан, алайда Гүлназ одан бас тартқан. Арада жарты сағат өткен соң басқа нөмір хабарласқан, ал бұл жолғы адам өзін банктің ішкі қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған. Ол Гүлназдың атынан несие рәсімделгенін айтып, несиені жабу үшін өз есепшотындағы ақшаны аударуды талап еткен. Сөйтіп жәбірленуші белгісіз адамның айтқанына сеніп, өз атынан несие рәсімделіп жатқан есепшотқа 500 000 және 450 000 теңге қаражатты аударып жіберген.

Аға жәдел уәкіл, полиция капитаны Серік Ануарбекұлы мұндай кейіпкерлердің алдану схемасы өте ұқсас екенін алға тартты. Жуырда ғана тағы бір жәбірленушіге өзін Beeline орталығының абоненттік операторы ретінде таныстырған алаяқ шұғыл түрде код жіберуді сұраған. Ойында ешнәрсе болмаған жәбірленуші кодты айтқан бойда дереу тұтқаны қоя салған. Араға жарты сағат салып, тағы бір адам өзінің банктің өзіндік қауіпсіздік қызметкері екенін айтып, «Сіздің атыңыздан төрт банктен несие рәсімделіп жатыр, расында ол несиені сіз рәсімдеп жатырсыз ба?» деп сұраған. Бұл жағдайды тоқтату үшін не істеу керегін сұраған жәбірленушінің жанында кім барын анықтаған. Жәбірленуші қасында қызы бар екенін айтқан. Интернет-алаяқ сол қызының телефоны арқылы видеобайланысқа шығуды тапсырған. Видеобайланысқа шыққан кезінде бет-әлпетін сканерлеп алған. Әрі қарай бірнеше минуттан соң екі банктің қосымшасына кіріп, «несие рәсімдеуді тоқтатуға қатысты батырма шығады, соны басыңыз» деп нұсқау берген. Мұндай батырма шықпағанын айтқан жәбірленушіге олар өздері атаған банктің қосымшасын жүктеуді нұсқаған. Жаңа қосымша ашқанында дереу 700 000 және 2 200 000 теңге несие рәсімделіп жатқаны, сол үшін бет-әлпе­тін сканер­леуді сұраған. Әлгі әккілер «сол үдеріс арқылы алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қоямыз» деп алдаған. Одан соң тағы бір банктің қосымшасын жүктеуді тапсырған. Абырой болғанда, ол банктің қосымшасы телефонға жүктелмеген. «Іс бітті, қу кетті» дегендей олар «уайымдамаңыз, несие рәсімдеу тоқтатылды» деп телефонды қоя салған. Кейіннен жәбірленуші алғашқы банк қосым­шасы арқылы өзінің белгісіз үш адамға жалпы көлемі 2 900 000 теңге аударым  жасағанын  білген.

Міне, осы сипатта қаншама адам несие алып, алаяқтардың арбауынан қашамын деп керісінше олардың құрығына ілініп жатыр. Өзін «қаржылық ұйымдарда, мемлекеттік органда жұмыс істейтін қызметкермін» деп таныстыратын адамдарға қарапайым халық Құдайдай сенеді. Алайда олардың сенімін аяқ  асты еткен алаяқтар өз арам  ойын жүзеге  асырады.

ТҮЙІН. Бүгінде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында және осы санаттағы істердің ашылуына ішкі істер органдары баса назар аударуда. Халықтың құқықтық сауатын арттыру барысында түрлі кездесу мен іс-шаралар қолға алынды. Десе де, тағы бір ерекше тоқталатын жайт, осы ретте екінші деңгейлі банктердің де жауапкершілігін арттыру мәселесіне жете көңіл бөлініп, несие рәсімдеу механизмдеріне өзгеріс енгізілуі шарт. Әйтпесе банк қызметкерлерімен ауыз жаласып, қитұрқы әрекетке баратындар да табылады. Оның үстіне, қазір банктерден онлайн несие рәсімдеу – ең оңай жұмыс. Бұл ретте олар да өз тұтынушыларының құқығын қорғау мақсатында киберқорғанысты күшейтуі керек. Банк өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қойғанда ғана интернет алаяқтарының жосықсыз әрекеті азаяры сөзсіз.

Гауһарай  ЕСІМОВА

Тақырыпқа  тұздық

АЛАЯҚТЫҢ  АРАНЫНА  ЖҰТЫЛҒАН  КҮН

Көптен бері екіойлы боп жүрген постты жазам деп шештім.

Бұл оқиғаға жарты жыл өтті. 2023 жылғы 13 ақпан күні мен алаяқтардың жеміне айналдым. Ол маған 13 ақпан күні таңертең сағат 10:00 шамасында хабарласты. «Ұлттық банктің өкілі»-міс. Ер адам. Айтуын­ша, Пәлен банктің депозитіндегі шотымды біреулер бұзып, ақшаны алғысы келіп жатыр екен. Соны сақтап қалғым келсе, сөзін бұлжытпай орындауым керек.

Қипақтадым да қалдым. Үй жинап жүргенмін. Шаңсорғыш бір жақта, трәпкі бір жақта жатыр. «Ақұдай көкем, күйеуіммен бір ауыз сөйлесейін, телефонды қоя тұршыға» көнген жоқ. «Күйеуің қайта рақмет айтады. Ақшаңды біреу қолды қылғанын қаламайтын шығарсың?!» деп миымды ағызып жіберді.

Айтпақшы, «ақұдай көкем» дегенім артықтау. Өйткені ол бірыңғай орысша сөйледі. Орыстілді маманға ұсыныс берген өзім екенмін. Қазір кейбір нәрсе есіме түспей тұр. Бірақ ана бәленің сөзі мені нокаутқа түсірді. Сосын ол тек ватсап арқылы звондап отырды. Бір минут телефонды қоюыма мүмкіндік берген жоқ.

Пәлен банкте күйеуімнің ақ тер-көк тер боп тапқан жалақысынан жырып жинағаным бар-ды. Миллионнан әрі. Өзім декреттік демалыстамын. Айлық жоқ. Баланың жәрдемақысы тоқтаған. Аз-маз жоспар болған. Соған керек еді. Баламызды тоқсан сайын Ташкентке апарып жүрдік. Жүріп-тұруымызға, емге қажет ақша да соның ішінде. Соның бір тиынын да өзіме қалдырмады ғой бәтшағардың баласы.

Код па, сондай бірдеңе сұрау үшін әлгі банкке звондауым керек екен. «Сізге ешкім қысым көрсетіп отырған жоқ па, өз еркіңізбен алып жатсыз ба?» дегенде, «иә» деуім керек. «Алаяқ банк қызметкерлерінің бірі болуы мүмкін» деп қорқытып қойғасын робот болдым да қалдым. Пульт – «Ұлттық банк өкілінің» қолында. Түген банктен арнайы шот аштырып, депозитті нөл де нөл ғып соған аудартты. Түнгі он екіге дейін қайта ала алатыныма сендірді. «Сіз алаяқ емессіз бе?» деп қоямын өзіне.

Ең қызығы, плеймаркеттен бір-екі бағдарлама көшіртті. Айтуларынша, «банктегі алаяқты» анықтау» үшін полиция сол жерде біздің сөзімізді тыңдап отыр.

Адамның көзін Құдай байлап қояды екен ғой. Әйтпесе, дап-дардай адаммын. Журналиспін. Күнде мұндай жағдайды естіп, біліп отырмын. Кезінде жаздым да. Ал істеп отырған тірлігім – мынау.

Әлгі сілімтік те, мен де кешке дейін телефоннан түспедік. Балаққа жармасып бала жүр. Уақытымен бере­тін тамақ, дәрі – бәрі жөніне қалған. Жылап жүрген оған қарайтын мен жоқ. Таңнан басталған процесс беске дейін созылды. «Сіздің атыңыздан несие рәсімдегелі жатыр» деп ана банктің бір, мына банктің бір, ана  микронесие ұйымының бір, мына несие ұйымының бір қосымшасын жүктеп, бәріне «отказ жасап»,  жауды  қырғандаймыз.

Негізі бұл әлі ұзауы мүмкін еді. Жұмыстан жолдасым кеп қана тоқтады. Ол бір келеңсіздікті сезді. Әлгіге қайта звондағанда телефонды өшіріп үлгерген. Мендегі  сезімді  ешкім  түсінбейді-ау, сірә. Жыла­дым, қарғадым. Өткен орала ма бірақ?!

Полицияға шағымдандым. Бірнеше мәрте шақыртты. Ұры ұсталмағасын, шығыным өтелмегесін не пайда?! Білетіндер мұндай қылмыстық істердің ашылуы қиын екенін айтты. Десе, дегендей. Жер жұтқыр неменің депозиттен алғаны аздай, менің атымнан бір микронесие ұйымынан 77 мың теңге, бір банктен миллион теңге несие рәсімдегенін табанымнан тозып жүргенде білдім. Миллионды бірдеңе жылда 2,5 миллион етіп қайтаратын кесте жасатқан.

Ең сорақысы, мұның бәрін соның айтуымен өзім орындадым. Бүкіл құжатымды онлайн көрсете отырып, келген кодты жаза отырып, өзім құрттым.

Енді есептеңіз: 1 миллион 200 мыңға жуық + 1 миллион + 77 мың теңге. Дөңгелеткенде 2 миллион 280 мыңға тақырға отырдым. Миллионды үстіне тағы 1,5 миллион қосып қайтарған жағ­дайда 3 миллион 780 мың теңгеге сойып түсті.

Бұл жағдайды төркін мен қайын жұртым ғана біледі. Өмір жасы ұзақ болғыр үлкендеріміз көптеп-көмектеп басты екі несиені дер уақытында жаптық. Әйтпесе, қиынның қиыны болар еді. Екі жақтан басқа ешкімге тіс жарған емеспін. Әлі солай жүре беруге болар еді. Бірақ «алдап кетті», «пәлен миллионынан айырылды» деген ақпаратты күнде естіген сайын есеңгіреп қаламын. Оқыған адам сабақ алса деймін. Кішкене өз-өзіме келгесін «басымның садағасы» деп көнгендей болдым. Бірақ қолда бар жемді есектің астауына салып бергендей күйдемін.

Осы жерде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының назарына мынаны саламын:

Біріншіден, онлайн несие беруді тоқтатуға күш салсаңыздар! Өйткені мен сияқты қанша адамның опық жегенін білмеймін. Бірақ бұл сан қисапсыз екенін бағамдауға болады. Микроне­сие ұйымдарының қаптап кетуі осыдан емес пе?! Несие алғысы келетін адам банкке барсын, пошымын көрсетсін. Адам құсап құжатты оқысын, тәртібін сұрасын, қолын қойсын. Соған ештеңесі кетпейді. Онлайн дегенің – оңай жем болудың төте жолы. Бұлай жалғаса берсе, шаңырақтар шайқалып, адамдар аһ ұра береді.

Екіншіден, несие берерде адамның әлеуметтік статусы анықталуы тиіс! Декреттік дема­лыста болсам да тиын таппайтын менің атыма қалай несие рәсімделеді? Оны қалай қайтарады деп  ойлайды  сонда? Заңның  солқылдақ  тұстарын қайта қарау, өзгерту, түзету – қолда тұрған дүние. Шешілмейтін түйін жоқ. Тек ниет болса дейсің.

Сорлайтын – халық. Соны біліңіздер!

P.S. Өмірімде несие алып көрмеген едім. Ол да бақыт екен!

(Назерке  Саниязованың  Facebook  парақшасынан  алынды)

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: