Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жергілікті баспа үйі бояу кітапшалар шығарды

11.11.2022, 15:20 762

HALYQLINE.KZ

Бала – болашағымыз. Оларға қай жағынан да қолдау мен қорғау ұдайы керек. Сондықтан да мемлекет басшысы биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Десе де, балғындарға бір жыл ғана емес, әрдайым көңіл бөлген артық етпейді.

Бүгін осындай рәуішті әрі тағылымды, рухани іс-шара облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығы» ҚБ ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылды. Қазақстан нарығында баспа саласында ширек ғасырдан аса қызмет көрсетіп келе жатқан «ASU» баспа үйі» ЖШС мен «Балапан» телеарнасының арасында жасалған келісімшарт негізінде алғаш рет отандық анимациялық фильмдердің бояу кітапшаларын шығару қолға алынды. Яғни, аталған телеарнаның «Сиқырлы тас», «Әл-Фараби» мультсериалдары бойынша басылған кітапшалардың тұсауы кесілді.

Эфирлік қаралымы жоғары болған 3D форматындағы «Сиқырлы тас» мультсериалының кейіпкерлері алты жасқа дейінгі балаларға арналған. Бұл мультсериал балалардың ой көкжиегін кеңейтуде, қиял-ғажайып әлемін дамытуда үлкен маңызға ие. Ал, әлемдік ғылымға екінші өмір сыйлағаны үшін шығыс ғұламалары Аристотельден кейінгі екінші ұстаз деп атаған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби баба жайында түсірілген «Әл-Фараби» мультсериалының жобасы алты жастан асқан балаларға арналып отыр. Мұнда балалар кейіпкерлерді бояп қана қоймайды, ұлы ойшылдың қанатты сөздерін көңіл зердесіне тоқиды.

Тұсаукесер рәсімінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов сөз сөйлеп, ертеңгі болашағымыздың бүгіні нұрлы болуы үшін қолға алынған мұндай жобаның берері мол екеніне тоқталды.

– Қазақ руханиятының, тілі мен ділінің, дінінің жанашыры, шынайы патриоты ретінде зияткерлік, мәдени-ағарту бағытындағы сан салалы істерде қызылордалықтардың бастамашыл болуы заңды деп есептейміз. Қазақылықтың қаймағы, мемлекетіміздің астаналар тарихында ұлтымызға «Қазақ» деген қасиетті атауды қайтаруымен мәшһүр болған, Алаштың анасы атанған Сыр бойында кешегі Алаш қайраткерлерінің сара жолымен ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі үзілмейтініне сенгіміз келеді.

Заманауи үлгідегі, білім пен білікті ұштастырған, зияткер ұлтты тәрбиелеуде «Балапан» телеарнасы қандай маңызға ие болса, оның төлөнімдерін таратуда, қазақ анимациясының кейіпкерлерін кеңінен насихаттауда «ASU» баспа үйі» шығарып отырған бояу кітапшаларының да соншалықты мәні бар деп есептейміз. Өйткені баланы бейнелеу өнеріне баулу, сөз жоқ, әуелі бояудан басталады. Бояу дегеніміз – түстердің үйлесімі, эстетикалық тәрбие көзі.

Сондай-ақ, «Әл-Фараби» бояу кітапшасын парақтай отырып, әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ғалым, ғұлама бабамыздың жас ұрпақты оқу-білімге, ғылымды сүюге шақырған қанатты сөздерінің берілгенін көруге болады. Бұл да жобаның үлкен артықшылығы болса керек, – деді Н.Аманұлы.

Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы А.Қарамұрзаева, «ASU» баспа үйі» ЖШС директоры Қ.Қыдырбаевтар өз ойларын білдірді. Кітапшалардың тұсауы кесіліп, іс-шараға келген кішкентай қонақтарға таратылды.

Іс-шараға балалар мен оның болашағына бейжай қарамайтын аймағымыздың зиялы қауым, облыстық БАҚ өкілдері, білім беру мен кітап саудасы саласының өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика мамандығы тәлімгерлері және мектеп оқушылары қатысты.

Ия, бұл жобаның келешегі келісті. Өйткені, көгілдір экраннан тамашалайтын сүйікті кейіпкерлерін бояй отырып, балғындардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы арта түседі. Кереметі сол, кітапшада орналасқан QR белгісін сканерлеу арқылы екі мультсериалды да кез келген қолайлы уақытта тамашалауға болады.

«Мультсериалдар кейіпкері мен ондағы оқиғалар бейнеленген бояу кітапшалары күнделікті смартфон ұрлап жатқан бала тәрбиесіндегі бос кеңістікті толтырады деген сенімдемін», – дейді жоба ұйымдастырушысы Айжан Абдуллаева.

Суреттерді түсірген Н.Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: