Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілден ажыраған тағдырдың обалы кімге?

23.07.2026, 7:40 21

Қазір  қайда  болса да,  қыз  тағдыры төңірегінде  сөз  аз  айтылып  жүрген  жоқ. Тұрмыс құру жасы, білім алуы, еңбек жолы, қауіпсіздігі, құқығы, қоғамдық  орны  жайлы  талай  пікір қозғалды.  Сонда  да  назар  шетінде қалып  қойған  бір  жара  бар.  Ешқандай  ресми  айтыла  бермейтін, десе  де  күн сайын  талай  шаңырақтың ішінде  үнсіз  ұлғайып  келе  жатқан қасірет бар. «Қазақтың  шаңырағында  дүниеге келіп, қазақтың  тегін  иеленіп, қазақтың қанын  бойына  дарытқанымен, қазақтың тілін  ұқпай  өскен  қыздардың  ішкі  әлемі жайлы  кім  ойланып жүр?» деген сауал санаға тыныштық бермей, осы тақырып турасында  әңгіме  өрбітуді  жөн  деп  санадық.

Қазақша сөйлемейтін қыздың ешқайсысы кінәлі болып туған жоқ. Өйткені сәби таңдау жасай алмайды. Балабақшаны да, мектепті де, айналасын да, сөйлейтін тілін де өз еркімен таңдамады. Бар таңдау үлкендердің қолында тұрды. Бір үйдің ішінде қазақша сөйлеуге жаралып, есігінен шыққан бетте өзге тілдің ортасына сіңіп кеткен баланың жүрегінде қайшылық пайда болатынын ешкім ескере бермейді. Тіл арқылы  мінез  қалыптасып, ортамен араласады, мұңын шағады, тіпті орта тауып, адам өзіне ұқсас жандарды іздейді. Сол алтын арқау үзілген жерде жалғыздықтың жібі созыла береді. Көшеде, оқу орнында, жұмыста, дос­тар ортасында қазақша сөйлейтін жастардың әңгі­месіне араласа алмай үнсіз отыратын қазақ қыздарын кездестіру қиын емес. Туған жұртының ортасында отырып, бөгде адамның кейпін кешу оңай емес. Бір ауыз сөз­дің мәнін аңғармай қалу күлкіге ұрындырады. Әзілге жауап қайтара алмау шетқақпай күйге түсіреді. Әңгі­ме өзенінің арнасына ілесе алмай, жағасында қамығып қалған жанның көңілін сырт көз бағамдай бермейді. Мұндайда адам өзін қабылдайтын ортаны іздей бастайды. Қай тілде еркін тыныстаса, қай орта­да ойын бүкпесіз жеткізсе, жүрек те сонда ауады. Адам табиғатының өзгер­мейтін  заңдылығы  осындай.

Қоғам көбіне салдармен алысады ғой. Себеп­тің тамырына бойлай бермейді. Қазақ қызы өзге ұлттың азаматына тұрмысқа шықса, сан түрлі пікір айтылады. Айыптау да табылады, өкпе де айтып жарысамыз. Сондай тағдыр­дың қай тұстан басталғанын таразылаған жан аз. Тілінен айырылған адамның айналасы да өзгеретіні даусыз. Тіпті құндылығы да өзегін сақтай алмайды. Қызығушылығы да басқа арнаның ағысына түседі. Жүрекке жақын адамдардың да кейбірі ешкім болмай қалуы мүмкін. Қарым-қатынас қай тілде басталса, өмірдің үлкен шешімдері де көбіне сол арнамен жалғасады. Адам өзін түсінген жанға тартады. Жанына медеу болған адамға сенеді. Өмірдің талай белесінде дәл сондай түсіністік тағдырдың таразысын басқа жаққа аударып жібереді.

Педагог Айбек Нағызхан күнделікті қызметінде көкейге қонақтап қалған көріністердің аз емесін жасырмайды. Бесінші және алтыншы сынып оқушыларына сабақ береді. Сондай сыныптардың ішінде ана тілінде бір ауыз сөз түсінбейтін қаракөз қыздардың жиі кездесе­тінін  айтады. Өз қатарластары емін-еркін әңгі­мелесіп, ойын ойнап жүрген шақта шеткері  қалып  қоятын  сәттерді  талай  мәрте  көрген.

– Бір қауымның балалары болғанымен, тілдің арасына түскен қыл көпір көңілдің де арасына түсіп үлгереді. Өзара сөйлесіп тұрған балалардың әңгімесіне араласа алмайды. Бірге ойнай алмайды. Күлкісін де, қалжыңын да толық түсінбейді. Сондай кезде орысша сөйлейтін қатарласы келіп, екі ауыз жылы сөз айтса, көңілі табиғи түрде соған ауады. Себебі өзін түсінген жанды іздейді. Көз алдымда қайталанып жатқан көріністер жанымды ауыртады. Ана тілінен алыстап өскен қыздардың ертеңі туралы көп ойланамын. Кейін қай ортаға сіңіседі, қай әулеттің түтінін түтетеді деген сауал маза бермейді. Ашынатыным, мұндай жағдайға балалар емес, үлкендер себеп­кер. Балабақшаны да, мектепті де ата-ана таңдайды. Кейін баланың өз жұртынан алыстап бара жатқанына таңырқайды. Сол себепті өз қызым мен ұлымды қазақ балабақшасы мен қазақ мектебіне беруді жөн көрдім. Ұлттың өзегі әуелі тілде сақталады. Үйде естіл­меген сөзді кейін көшеден іздеу қиын. Көпшілік ата-ана мәселенің мәнін біле тұра, перзен­тінің өз ортасында еркін өсуіне жағдай жасай бермейді. Көңілге бататыны да – осы, — дейді  педагог.

Ұстаз сөзінің астарында кінәлау емес, кү­йіну  жатыр. Көзден бұлбұл ұшқан құнды­лыққа деген қамкөңілдік жатыр. Қазақ қызы­ның тағды­ры жайлы толғанғанда, ең әуелі жүрегіне жол табатын тіл жайлы ойланбасқа болмайды. Қай халықтың тарихына үңілсең де, ананың әлдиі үзілген жерде ұлттың рухани тамыры әлсірей бастағанын аңғару қиын емес. Ұлттың жаны кітапта ғана тұрмайды. Ұлттың жаны күнделікті айтылатын сөзде, еркелеткен үнде, әженің әңгімесінде, дастарқан басындағы әзілде, баланың алғашқы тіл қатуында сақталады. Сол бұлақтың көзі бітелсе, кейін дария іздеп шарқ ұрғаннан қайран аз. Қазақ тілін білмейтін қазақ қызы көбіне екі дүниенің арасында қалады. Өзге жұрт толық қабылдай бермейді. Өз жұрты толық түсіне алмайды. Осындай аралық күй адамның жан дүниесін жүдетеді. Туған халқымен арасына тіл тос­қауыл болған сайын жүрекке кірбің ұялайды. Кейін сондай көңіл күй өмірлік таңдау жасайтын кезеңге де ықпал етеді. Мұндай құбылыс­ты тек махаббатпен немесе кездейсоқтықпен түсіндіру жеткіліксіз. Тереңде жатқан себеп отбасының тәрбиесінен, тілдік ортадан, күнделікті  өмір  салтынан  бастау  алады.

Әр ата-ана перзентіне жарқын болашақ тілейді. Баласының бірнеше тіл меңгергенін қалайды. Дүниенің төрт бұрышында еркін жүргенін армандайды. Сондай ниеттің ешқайсысына дау айту қиын. Сонда да бір шындық­тың бетін бүркей алмайтынымыз ақиқат. Ана тілінің іргесі қаланбай тұрып өзге тілдің қабыр­ғасын көтеру кейін орны толмас олқылыққа ұрындыруы мүмкін. Тілдің салмағы мектептің мойнында ғана тұрған жоқ. Үйдегі бір ауыз сөздің салмағы кейде жүз сабақтан да асып түседі. Қазақша сөйлемейтін шаңырақтан қаза­қы таным күту қиын. Бесіктен естілмеген үнді университеттің аудитория­сында қайтару да оңай шаруа емес. Қазақта «өзек талса, өзен кеш» деген ұғым бар. Ұлт та сондай сын сағаттың алдында тұр. Қолда бардың қадірі қолдан кеткенде білінеді. Тілден алыстаған ұрпақтың жүрегі де біртіндеп алыс­тай береді. Жүрек алыс­таған сайын тағдырдың бұрылысы да басқа арнаға түседі. Қоғамды алаңдату­ға тиіс мәселе нақ осында жатыр. Әңгі­ме кіммен шаңырақ көтергенінде емес. Әңгіме – сол таңдауға дейінгі ұзақ жолдың қай тұстан  жаңылғанында.

ТҮЙІН. Қыз баласы ертең бір әулеттің  ұйытқысы  болады. Бесік жырын айтатын да, алғашқы сөзді үйрететін де – көбіне ана. Ана қай тілде ойласа, сәби де көбіне сол тілдің бесігінде тербеледі. Сондықтан бүгінгі бейқамдық ертеңгі буынның тағдырын айқындайды. Тілдің тағдыры жайлы сөз қозғағанда ертеңгі күннің қамын жейміз. Қыздың жан дүниесін түсіну ұлтқа жанашырлықтың ең нәзік әрі ең жауапты көріністерінің бірі саналады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсілдің салмағы уақыт озған сайын жеңілдеп бара жатқан жоқ. Керісінше, қадірі  күн  өткен  сайын  қымбаттап келеді.

Шынар  ШИЕ.

Фото:  Жасанды  интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: