Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТАҚИЯ: ТРЕНД һәм БРЕНД

26.05.2022, 9:40 3285

Қазақ халқында қыздардың келбетін келістіріп, бойына әсемдік беретін ұлттық киімдер ішінде бас киімнің ерекше екенін білеміз. Қазақтың «дос басыңа қарайды, дұшпан аяғыңа қарайды» дейтін тәмсілі осыдан қалыптасқан болу керек. Өйткені бас киімнің үлгісі қыздарға айрық­ша көрік беріп, оның жасалуында да өзгеше­лік бар. Бұлай дейті­німіз, қазіргі таңда сәнге айналған тақияны көріп көзіміз тояр емес. Бүгінгі жастардың киім кию үлгісі де өзгер­гені белгілі. Соған сәйкес, бұл бастаманың жаңғыруы мен дамуы көңіл қуан­тады. Себебі ұлттық нақыштағы бренд киімдердің арқасында салт-дәстүріміз және қазақы қалпымыз сақталып, болашақ өскелең ұрпаққа аманат болатын дүние­лердің бар екенін аңғарамыз. Бірінен кейін бірі трендке айналған ұлттық киімдер көздің жауын алады. Тақия қазақта ерлердің ғана емес қыз­дардың да жеңіл бас киімі саналады. Әсіресе, қазақи оюлар мен асыл тас­тармен безендірілген тақиялардың неше түрлісі сатылымда. Және сұранысы өте жоғары болатын тақияның бағасы да арзан емес. Сонымен қатар халқымызда қыз-келіншектерге арналған бас киімдердің түр-түрі бар. Қыз-бозбалалар­ға, бойжеткендерге, келіншектерге, аналарға және үлкен әжелерге арнайылап тігілетін бас киімдердің атауы да басқаша. Олар – тақия, кәмшат бөрік, сәукеле, киме­шек секілді бас киімдер. Бұл киімнің бүгінгі күні қайта жаңаруы түрлі бағыттағы идея­ларды тудырады емес пе? Иә, осы бағдарды уақытында пайда­ланып, жоғалып бара жатқан ұлттық құндылығымызды  қайта  қалыптастырғанымыз  абзал. Осыған орай тақия тігіп, кәсібін дөңгелетіп отырған тігіншілеріміз көбеюде. Ұлттық нақыштағы киімдерді  насихаттап  жүрген  іскерлеріміз  бұл  жайында  не  дейді?

– Бүгінгі таңда ұлттық киімдердің насихатталуы жоғары деңгейде. Сондай-ақ тақия мен қамзолға тапсырыс беретіндер саны артып, қолымыз босамайды. Көбінесе наурыз мейрамы қарсаңында тапсырыс беру­шілер көбейеді. Қазір бір тақияның бағасы 4000-нан 5000 теңгеге дейін. Қазіргі жастардың киім киюдегі стильдері бөлек болғандықтан заманауи үлгі­дегі киім­дермен қазақы тақияны үйлестіріп киіп алады. Маған бүгінгі жас­тардың  киім  кию үлгілері ұнайды. Сондықтан кез келген киімнің кес­кінін  сызып  бастағанда  жас­тардың бағытына қарай әртүрлі қылып тігу­ді  жөн көремін. Сонымен қатар киім тіктіруге келген  жастар  көптеген  жақсы  идеялар  айтып, ерекшеленеді, – дейді жерлесіміз  әрі  тігін  шебері  Гүлайым  Жармаханқызы.

Көне түркі халқына ортақ бас киімнің шығу тарихына үңілсек, қара­қалпақ, түрік, өзбек, татар, ұйғыр, башқұрт халықтары да күні бүгінге дейін бастарынан тастамаған. Ертеде қазақ қыздары тақияны күнделікті тіршілікке киетін болған. Себебі  тақия жұқа барқыт пен қамқадан көркемделіп тігіледі. Сондай-ақ әртүрлі көлемде түрліше пішінделіп астарлауға болады. Айта берсең, зерттелуі көп жаңа үлгідегі тақия­дан бөлек қыз-келіншектердің сүйікті заты көздің жауын алатын асыл бұйымдарды да айтуға болады. Қазақ қыздары әшекей-бұ­йым тағып, жарқырап, жарқ-жұрқ етіп жүргенді қалайтыны бұрыннан белгілі. Соны­мен  бірге  ұлттық  киімге әдемілік беріп тұратын зергер бұйымдар бүгінгі күнде де қалыс қалмауда. Әлемге танымал «LOUIS VUITTON» мен «GUCCI» брендтері сияқты біздің де асыл тастармен көмкерілген әшекейлеріміз модада. Тағы да сәнді қамзолдар мен оюлы кәжекейлер, заманауи шапандар қыз-келіндер мен әжелердің ажарын кіргізе қалады. Осылайша айналаны сұлу бейнесімен бір марқайтып жүрген аруларымыз тақиямен қандай  образ  жасайтынын  сұрап  білдік.

– Қазіргі таңда трендте жүрген қазақы тақияның шыққанына қуанамын. Себебі басқа кигенде қыздарға жарасымды әрі ыңғайлы әдемі болып тұрады. Кез келген киіммен үйлестіріп киіп аламын. Сонымен қатар бұл тақияны әртүрлі етіп сәндеп, моншақтар тігіп алуға болады, яғни әркім өз қалауы бойынша. Мен ұлттық киімдерімізді брендтен түспейді деп ойлай­мын. Өйткені  қазіргі  кезде  жастар  ұлттық  киімдеріміздің  бағалы, сапалы, жарасымды  екенін  ұғынғандай. Сұраныс  бар  жерде  сапа да  артады, – деді  Ұлболсын  есімді  қала  тұрғыны.

Брендтен трендке ұласқан ұлттық киімдеріміздің шарық­тауы толаст­амауын тілейміз. Жаңару мен жаңғыру жолында үнемі  ұлттық  киімдеріміз бен тағамдарымыз, салт-дәстүр, наным-сеніміміз  өз  құндылы­ғын  жоғалтпаса   екен.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: