Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыз жасауының құны қанша?

08.06.2023, 9:40 253

Қыз балаға қатысты қазақ халқында тәрбиелік, тәлімдік мәні бар  көптеген  салт-дәстүр бар. Әрбір дәстүрдің қалыптасуында терең мән жатыр. Солардың бірі – қыз жасауы. Ол – қыз тұрмысқа шыққанда артынан еріп баратын дүние-мүлкі. Қазақ халқы алақанына салып, аялап өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған. Қазір тұрмыс-салттың өзгеруіне қарай қалыңдықтың артынан баратын  қыз жасауы да жаңа дүниелермен толығып, құны аспандап тұр. Әдетте қыздың жүгі күйеу жігіт берген қалыңмалдың мөлшеріне қарай жасалады. Десе де, бүгінде ата дәстүрді орындау мақтану мен бәсекеге айналғандай. Бүгінде қыз жүгі деп буылып-түйілетін заттардың қатарына тұрмыстық техникалар да қосылып жатыр. Осы дұрыс па, бұрыс па? Ең бастысы, екі жастың бақытты бол­ғаны  маңызды.

Жуырда ғана тұрмысқа шыққан құрбым «Жасауыма 2 мил­лиондай  теңге жұмсалды» дегенде таңғалдым. Қыз жа­сауына барлық төсек-орын жабдығын (көрпе-жастық, жамыл­ғы, құрақ көрпе), ыдыс-аяқ, тұрмыстық техни­ка (газ пеші, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, қысқа толқынды пеш, теле­дидар), жиhаз (жатын бөлме мен ас үйге, диван-кресло, үстел-орындық) алған. Шама-шарқына қарамастан, бәрімен бәсеке боламын деп, несиеге белшесінен батқандарды да көз көріп жүр. Негізі қыз өз жасауын  өзі жина­ғаны дұрыс. Себебі, болашақта дүниені қажеті­не жарататын  да,  ұстайтын  да – өзі.

Қазір ел арасында «қазан мен пышақты жасауға қоспайды» деген түсінік қалыптасқан. Өйткені қазақ халқы қазанда ырыс пен береке бар деп сенген. Үйімнің ырысы, босағамның берекесі, отбасымның несібесі осында болады деп, өзгелерге бермеген. Сол секілді ұзатылатын қызға да қазан сыйламаған. Пышақта да айтарлықтай сөз жатыр. Пышақтың жүзі өткір, қауіпті зат болғандықтан, жаңа құдалардың арасына салқындық салмасын, жас келіннің тілі өткір болмасын деп, жаңа құдалар пышақ алғанды ұнатпайды. Оны әкелген күннің өзінде «сатып алу» ырымын жасайды  екен.

Отбасының бақыты – жасауда емес, екі жастың сыйластығында. Сіз қалай ойлай­сыз?

Шаттық  НИЯЗОВА,

Қорқыт ата атындағы

ҚУ-дың студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: