Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Генерал-майор Қадиша – қазақтың қайсар қызы

29.04.2023, 9:00 1221

HALYQLINE.KZ

Арғы тегіміз сақтардың әскери қолбасшысы болып, парсы әскерін жеңген Тұмар (Томирис) ханшайым осыдан 2000 жыл бұрын өмір сүрсе де біліп, осыдан 40 жыл бұрын 1963 жылы жұмбақ жағдайда қайтыс болған Қытай Халық армиясының генерал-майоры Қадиша Мамырбекқызын бірінші рет естіп отырған шығарсыздар, құрметті «Халық» газетінің көзі қырағы, көкірегі ояу, жаңалыққа жаны құмар оқырмандары!

Қадиша 1900 жылы Толы-Синьцзян ауданындағы арғы тегі Шыңғысхан болып табылатын төре Мамырбектің отбасында дүниеге келді. Медреседе оқып, ана тілінен басқа қытай, ұйғыр, орыс тілдерін еркін меңгерді. Алайда қыз ғұмыры қысқа болатыны белгілі, 1910 жылы Қадиша он жасқа толғанда төре тұқымынан шыққан, арғы атасы Тәукехан болып табылатын Әлен Шыңғысханұлы құда түсіп алады. Таңғалып отырған шығарсыздар, ол кезде қыздар 9-10 жасқа келгенде-ақ құда түсіп алады, табалдырығын аттаған отбасында әуелі «қолбала» болып жүріп, балиғатқа жеткесін барып некесі қилып заңды жары болады, оған дейін сол үйдің тұрмыс-тіршілігін игеріп те кететін болған. Бастапқыда Қадиша күйеуінің тасасынан көрінбей, мектептерге демеуші болып қызмет істеп, күйеуінің бір қызметін осылай атқарып жүріп, қоғамдық жұмысқа бейімделіп алады.

1941 жылы Қытай коммунистері Әлен Шыңғысұлы мен Қадиша Мамырбекқызын тұтқындап түрмеге қамайды, баршылықта ғана өмір сүрген текті қазақ қызын аштықта ұстап азаптағанымен, күйеуі мен оның серіктеріне жала жабудан бас тартады. Қытайлықтар небір сұмдық азаптаудың түріне баратын, соның бірі тұздалып қақталған балық беретін, кейбіреулері аштыққа шыдамай жеп қойғасын, су бермей қинайтын, түрме терезесінен сылдырлап аққан судың дауысын естіген олардың есі ауысып кететін не бір жұтым суға бола жалған хаттамаға қол қоятын. Қадиша болса аштықты таңдады. 1944 жылы Синьцзянды гоминьдан әскері басып алғасын жаңа губернатор У.Чжунсинь Әлен мен Қадишаны түрмеден босатып, гоминьдан үкіметінің жұмысына тартады. Әлен Шыңғысұлы Алтай өлкесінің губернаторы болса, Қадиша Мамырбекқызы Cиньцзянда құрылған гоминьдан үкіметінің идеология комитетін басқарады және ұлттық «Вэйсин» компаниясының Директорлар Кеңесінің мүшесі (біздегі «Самұрық-Қазына» сияқты ғой. – авт.) болады. Гоминьдан үкіметінің басшысы генералиссимус Чан Кайши бастаған делегациясы Шығыс Түркістан республикасының президенті Ахметжан Қасымимен жүргізген келіссөз құрамында жүріп, Қытай президенті Чан Кайшидің әйелі, іс жүзінде елдің екінші билеушісі Сун Мэйлинмен танысып, таныстығы достыққа айналады. Осы Чан Кайши әйелінің айтқанын қылып Қадиша Мамырбекқызын Шығыс Түркістан Республикасының астанасы Үрімшінің губернаторы қылып тағайындайды, 1946 жылдың соңында генерал-майор шені беріліп, бүкіл Үрімші провинция әскерінің Бас қолбасшысы болады. 1947 жылы ұйғырлар бүлік шығарып, Қашқарияда Ұйғыр автономиясын құрамыз дегенде, Қадиша Бас қолбасшы ретінде ұйғырлардың көтерілісін аяусыз басып тастайды. Себебі Қашқарияда автономия құрғанымен онда қазақтарды тұрғызбайтынын білді, сосын қазақтардың қаны босқа төгілмесін деді, не деген көрегенді мемлекет басшысы болды біздің Қадиша!

Қытайда ұзақ жыл бойы Мао Цзедун басқарған Коммунистік партия мен Чан Кайши басшысы болған Гоминьдан партиясы тікетіресіп қатар өмір сүрді, кезінде екі партия бірігіп Коалициялық үкімет құрғанда Қадиша осы үкімет құрамындағы қазақтың нар тұлғалары Жанымхан төре, Оспан батыр, генерал Дәлихан Сүгірбаевпен бірге қызметтес болды.

1946-1949 жылдары елдегі азамат соғысында Мао өзінің басты қарсыласы Чан Кайшиді жеңіп. 1 қазанда Қытай Халық Республикасын құрды. Осылайша Үрімшінің губернаторы ретінде Қадиша Мао Цзедунмен қызметтес болады, іскер мемлекет пен әскер басшы ретінде және халық алдында беделі жоғары Қадишаны орнынан алмайды, бастапқы уақытта оның өзіне де осындай сенімді серіктес керек еді. Сосын Мао Цзедун Қадишаны Қытай ісіне берілген нағыз тіл алғыш шенеунікке айналдырмақшы болды, алайда өзінің басты міндеті қазақ халқының мүдессі болатындығын жасырған жоқ. Синьцзяндағы үкімет мәжілісіне қазақтың ақ жаулығымен келетін, өзінің ұлттық болмысын жоғалтпаған Қадиша енді Мао Цзедунге керек болмай қалды.

1951 жылы күйеуі Әлен Шыңғысханұлымен бірге Қадишаны да асығыс түрде зейнетке шығарып салып және «өзіме қарсы шығып жүрмесін» деп жоғары зейнетақы тағайындады. Алайда қызметінен кеткенмен әр деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер қос ардагерге ақыл-кеңес сұрау үшін жиі келетін, бұл Маоның зәресін ұшырды. 1961 жылы белгісіз аурудан Әлен Шыңғысханұлы ауруханада қайтыс болса, 1963 жылы жұмбақ жағдайда Қадиша Мамырбекызы да кенеттен көз жұмды. Генерал ретінде әскер қолбасшысы және мемлекет басшысы болған Қадиша Мамырбекқызы «қазақтың жарық жұлдыз» болып есімізде мәңгі сақталады.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Ашық дереккөзінен алынған суретте: Синьцзяндағы Қытай үкіметінің мүшелері, генерал-майор Қадиша Мамырбекқызы ақ жаулық тағып, Гоминьдан партиясының және үкіметінің басшысы, Қытай армиясының маршалы және генералиссимус Чан Кайшидің алдынан озып бірінші болып тұрғанының өзі не деген тектілік десеңізші.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: