Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Анаңызға қоңырау шалдыңыз ба?

30.05.2024, 10:20 174

Бірде төркіндеп үйіме бардым. Әдеттегідей, келініміз дастарқанын жайып, қонақжайлық танытты. Біздің келгенімізді естіген көршіміз де амандаса келіп, дастарқан басынан табылды. Шай ішілді. Ата-анамызды көріп, көңіл жайланды. Енді үлкен асқа дейін біраз уақыт бар. Мұндайда бос отырмайсың, өткен-кеткенді айтып, жағдай сұрасып жатырмыз. Содан не керек, әңгімеміздің ауаны «Анаңа қоңырау шаласың ба?» деген тақырыпқа ойысып, қызу пікірталасқа ұласты.

– Жо-о-оқ, мен шешеме мерекелерде ғана теле­фон шаламын. Өз басым, жөнсіз хабарласып, мазала­рын алмаймын. Бір-екі айда бір сөйлесіп қоя­мын, жетеді, – деп тәкаппарлана сөйледі көршіміз.

– Қалай шыдайсыз, сонда анаңызды сағынбайсыз  ба? – дедім  таңдана.

– Үйреніп кеткенмін. Хабарласпаса, яғни бәрі жақсы деген сөз, – деді ол сұрағымды іліп әкетіп.

– Ал маған анам өзі хабарласып тұрады. Олар ауылда ғой, – деді келініміз.

Қасымда отырған сіңлім шыдамады білем, сөзге араласып:

– Мәссаған, мен олай істей алмаймын… Лажы болса, алыста болса да күнде хабарласып, анамның хал-жайы мен көңіл күйін сұраймын. Сосын анама өзінің әлемдегі ең керемет жан екенін айтамын. Анам күнде тыңдаса да, бірінші рет естігендей қуа­нып қалады. Сосын айналып-толғанып қиясына қонып, өз бетімен қанат қаққан балапанына дұғасын жаудырады. Әкем мен анамның бойында балалары үлгі тұтарлық көп нәрсе бар. Барлық мәселені екеуі ақылдасып шешеді. Бірінсіз бірі ас ішпейді, қайда барса да жұбымен жарасып, қолтықтасып келе жатқанына сүйсінесің. Екеуі сканворд шешкенді жақсы көреді. Шемішкеше шаққанда таң қаласың. Өздеріне хобби. Анаммен хабарласқанда бір-екі аптаға жететіндей газет-журнал, сканвордтарды апарып беретінімді айтамын. Міне, осы сөйлескеніме бар-жоғы бір-екі минут кетеді. Есесіне анаңның дауысын естисің, батасына шомыласың. «Айналайын, сәттілік жолыңа! Алла жар болсын» дейді  мейірленіп.

Сіз білесіз бе, ана мен баланың арасында көзге көрінбес энергия қуаты болады. Сол қуаттың әсері ме екен, әйтеуір, анаммен сөйлескеннен кейін тұла бойымды ерекше бір сезім билеп ала жөнеледі. Міне, сол сезім көңіліңе қанат бітіріп, тіршілігіңе сүңгітіп жі­береді ғой, шіркін! – деді  сіңлім.

– Өмір  болған  соң, бір күнің бір күніңе ұқса­май жатады. Сол себепті кей кездері бір-екі күн хабарласпай қалатыным болмаса, мен де ата-ана­ма жиі хабарласамын. Денсаулығын, жағдайын сұраймын. Анаңның көңіл кү­йін білгің келсе, дауыс ырғағына мән берсең жетіп жатыр. Өз басым, бірден сеземін, – дедім  мен.

Әйтсе де көршіміздің сөздеріне ойланып қалдым. «Қалай анасымен тек мерекелерде ғана сөйлеседі. Неге аналардың әр күнін мереке етпеске?!» деп. «Хабарласпаса, яғни бәрі жақсы деген сөз…» дегені несі?!. Өмірде неше түрлі жайттар болып жатады. Бәлкім, оның анасы қандай да бір көмекке зәру шығар. Мүмкін, сырқаттанып жатқан болар, бәрі мүмкін ғой. Көп ана ондай сәттерде «балам уайымдамасын» деп хабарласпайды, білем. Барлық шешенің баласына деген мейірімі һәм махаббаты теңіздей терең, аспандай биік, күн нұрындай шуақ­ты  екені  ақиқат.

Сондықтан ананы сағынбау әсте мүмкін емес-ау. Мәселен, қазір мен үшін анам бар кездегі төркіндеп баратын сол күндерім сағынышқа айналған. Егер шешем тірі болғанда, төл мерекесімен құттықтауға құстай  ұшып  барып  қайтар  едім, әттең…

Құралай  ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: