Қазақстанда 2025-2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл ел мектептеріндегі оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындылайды. Соның ішінде 215 мыңнан астамы 11-сынып түлектері.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер. Ал 11-сынып түлектері арасында үздік аттестат алуға үміткерлер саны 18 мыңға жуықтайды.
25 мамыр күні еліміздің барлық мектебінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл күні оқу жылының қорытындысы шығарылып, оқушылардың жыл бойғы жетістігі сараланады.
Министрлік мектеп бітіру іс-шараларына қатысты тәртіпті де еске салды. Түлектер кешін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы немесе табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Аттестаттар мен дипломдарды тапсыру рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
Сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға, сыйлық талап етуге жол берілмейді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл талаптар түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Мектептердегі соңғы қоңырау рәсімі биыл да оқу жылының қорытынды сабағы форматында өтеді. Білім беру ұйымдары мерекелік іс-шараны ресми тәртіпке сай, артық шығынсыз және оқушылардың қауіпсіздігін сақтай отырып ұйымдастыруы тиіс.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!