Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік желінің жастарға әсері

04.06.2025, 16:35 90

TikTok – жастар арасында ең танымал әлеуметтік желі саналады. Қысқа әрі қызықты видеолар, трендтер, әндер мен әзілдер барлығы осы бір қосымша арқылы таралады. Қолында смартфоны бар әр жас дерлік TikTok-қа кіріп көреді. Бірақ осы платформаның жастарға пайдасы мен зияны қандай? Осы сұрақ көпшілікті толғандырады.

Ең алдымен TikTok – бұл тек көңіл көтеру емес, ақпарат алудың да жаңа түрі. Көптеген блогерлер пайдалы контент жасап, өз аудиториясын жинап жүр. Бұл – платформаның жақсы жағы.

Алайда, басты кемшілігі жастардың уақытын тиімді пайдаланбауына себеп болады. Сонымен қатар, TikTok-тағы жасанды әдемілік, сән мен «идеал өмір» кейде жастарға теріс әсер етеді. Басқалардың өмірін көріп, өз өмірін кем санау, салыстыру, өз-өзіне сенбеу, тіпті күйзеліске түсу сияқты жағдайлар да орын алып жатады.

Жасөспірімдер әр нәрсені сүзгіден өткізбей қабылдайтындықтан, бұл да үлкен мәселе. Психикалық кедергілерге тап болу да бір қарағанда жәй күлкі үшін арналған баланың ойыны деп есептейтін платформадан шығып тұр. Сондықтан бұл платформаны дұрыс әрі сауатты пайдалану маңызды.

Тақырып төңірегінде белсенді жас, «Мисс Қызылорда – 2024» байқауының жеңімпазы Ақниет Сапарбектің пікірін білген едік.

– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік желі жастар арасында қарқынды дамып келеді. Жастарға бұл дерт пе әлде мүмкіндік пе оны уақыт көрсетеді. Менің ойымша, бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік. Әрине, дұрыс  қолдана білгенге. Қаншама жастар осы Tiktok, Instagram арқылы дамушы ортаға түсіп, жаңа хобби тауып тіпті жеке бизнес жүргізіп ақша тауып жүргендерде бар. Әлеуметтік желіде танымал болу өте тез. Бір атаққа ие болсаң, соны ұстап қалу өте қиын. Мисс Қызылорда байқауынан кейін, модельдік бизнеске осы әлеуметтік желі арқылы келдім. Қазір осы төңіректе өзімді дамытып, азды-көпті қаражат тауып, отбасымды қуантып жүрмін. Міне, әрнәрсенің де осындай тиімді тұстарын дұрыс пайдалана білу керек, – дейді ол.

Қазіргі жастар кез келген ортаға тез бейімделгіш. Олар TikTok-ты тек ойын-күлкі емес, өзін дамытуға арналған құрал ретінде де пайдалана да алады. Мысалы, пайдалы парақшаларды қарап, жаңа нәрсе үйрену, тіпті өздері де видео жасап, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік алады. Ал шектен тыс қолдансаң, керісінше, зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан басты кеңес тепе-теңдік сақтау.

Айғаным Жұманғали,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Гуманитарлық-педагогикалық институты

журналистика кафедрасының

Ж-24-1 оқу тобының студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: