Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөгісіңіз құтты болсын!

16.07.2020, 12:30 1460

Қызметтің қызуында жүріп, сөгіс алғанға не жетсін! Өмір бойы бір сөгіс ала алмасаң, несіне адамсың, несіне әкімсің? Сөгіс деген рақат қой, қуаныштан­ жүрегің атша тулайды! Сөгіс ала алмаған әкімдер қаншама? Мысалы, жуырда еліміздің бірнеше әкімі Президенттен сөгіс алып, кәдімгідей бір марқайып қалды. Ал, сөгіс ала алмағандардың ауыздары аңқайып қалды. Тіпті, сөгіс алған­ Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке қуанып, қолын қысқандар да көп болды.

– Сөгісіңіз құтты болсын!

– Айтсын!

– Келмей жатып, сөгіс алып жатырсыз, бұл деген рақат қой!

– Иә, қуанышым шексіз!

– Сіз анау-мынау емес, президенттен сөгіс алдыңыз!

– Иә, сол үшін де қуанышым қойныма сыймай, жерге төгіліп жатыр.

– Не деген керемет сөгіс!

Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин мен Павлодар облысының әкімі Ә.Ысқақов қатар келе жатқан. Портфельдерін қолтықтарына қысып. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Өздері өте көңілді.

– Сөгісіңіз сұлу екен! – деді Ақтөбе облысының әкімі.

– Сөгістің де сұлуы бола ма екен? – деді Павлодар облысының әкімі.

– Ойбай-ау, мұндай сөгістерге жеткен де, жетпегендер де бар!

– Солай ма?

– Енді… Сөгіс алу оңай ма?

– Өмірімде бірінші рет сөгіс алыппын.

– Сөгісің сөгістерге жалғассын, сөгісіміздің қызығын көре берейік. Тапқаным­ыз  сөгістерге  шашылсын!

– Тойда тост сөйлеп кеткендей болдыңыз-ау?

Осы кезде журналистер қауымы жүгіріп келіп, екеуін қоршай алды.

– Сөгістеріңіз құтты болсын!

– Рақмет, рақмет!

– Не үшін берді сонда?

– Не үшін дейді ғой? Короновирус індетіне қарсы шаралар қабылдауда міндеттерімізді шала орындағанымыз үшін.

– Қуаныштарыңызға ортақпыз!

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжанов үкімет дәлізінде аяғын алшаң басып келе жатыр еді, алдынан телеарнаның, басқа да басылымдардың тілшілері жүгіріп шықты.

– Қуанышыңыз құтты болсын!

– Иә, әйтеуір алдық қой.

– Қандай сөгіс алдыңыз?

– «Простой» сөгіс қой.

– Менсінбей тұрсыз ба?

– Жоға. «Барымен базар» деген.

– Көңіл күйіңіз нелеу сияқты?

– Енді… Қатаң сөгіс алғанда болар­ ма еді?

Ал, біраз шенеуніктердің көңіл­дерінде кірбің, мұрындарында мұз… Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі­  А.Жұмағалиевке  ескертулер  ғана  бұйырыпты. Олар  да прези­денттен­ сөгіс  алғысы  келіп еді. Қайтеді  енді, сөгіс  жетпей  қалды… Ел есеңгіреп­, жұрт қынадай қырылып жатқанда, бұған да шүкір. Сіздің сөгіс алғыңыз­  келе  ме?

Мұхтар  ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: