Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саусақтарыңды сорасыңдар!

07.05.2020, 10:12 573

Мұхтар   ШЕРІМ

Президент жиналған шенеуніктер мен компания басшылары, министрлер мен депутаттар алдында сөз сөй­леп, оразаның алғашқы күнімен құттықтап алды да:

– Халықтың қалтасын қағып, оңай жолмен байығандар ораза ұстайды. Олар бір ай бойы тек саусақтарын ғана сорады, шыдамағандарға төтенше жағдай кезінде жағдайлары нашар халыққа берілгендей, 42500 теңге үлестіріледі, кәне, ораза ұстаймын дегендеріңіз орындарыңыздан тұрыңыздар! – дегені сол, министрлер міңгірлеп, әкімдерден әл кетіп, алпауыттардың ауыздары ашылып қалды. Дегенмен, миллиардерлердің бірі орнынан тұрды.

– Оразаңыз қабыл болсын! – деді президент.

– Айтқаныңыз қазір келсін!

– Аштықтың, нанның қадірін білгіңіз келе ме? – деп сұрады президент.

– Иә.

Оның артынша, кезінде жекешелендіру кезінде совхоз­дың техникаларын арзымайтын ақшаға сатып алып, байып, кейін әкім болып шыға келген Кеңірдек Құлқынбайұлы орнынан тұрды.

– Мен де ораза қабылдаймын. Бірақ, саусағыма бал, қаймақ жағып жаласам бола ма? – деп сұрады ол.

– Жоқ. Тек саусақ сорасыздар.

– Жарайды. Жалап көрейін…

Оның артынша отанымыздың «Бәрі тек өзіме!» компания­сының басшысы Былқетпес Бетсізұлы орнынан­  қисалаңдай  тұрды.

– Өмірімде ораза ұстап көрмеген едім, – деді ол ыңғайсызданып, – бірақ, ауызды қай кезде бекітіп, қай кезде ашады екенбіз?

– Ауызды ертең таңертең саусақ сорып бекітіп, бір айдан кейін ашасыз, – деп түсіндірді Премьер-министр.

Жиынға келгендер қиынға келгендей, қозғалақтасып кетті. Бірақ, соншама бай, соншама миллиардер болса да, кейбір алпауыттар, халық арқасында байып алғандар президенттің «қайтер екен?» деген емеурінін түсінбестен, ораза емес, аштық жариялап кетті. Әсіресе, Былқетпес Бетсізұлы бесінші күні сұқ сау­сағ­ын күтірлетіп жеп қойыпты! Аштық деген қандай еді, нанның қадірі өтіп, түнімен сандырақтап шығып, өзінше өлең жазыпты: «Нан, нан, нан болмаса, болады ғой, жаман!­». Ал, әкім Кеңірдек Құлқынбайұлы екінші күні кедейліктің не екенін ұқты. «Ойпырмай, халықтың бір бөлігі  осылай аш болып жүрсе, қалай шыдайды? Нан жоқ болса, пәтір  жауып күн көруге болады ғой?» деген сұрақ­қа жауап іздеп шаршады. Сосын, тоңазытқышын ашып, қара уылдырықтан асады… Осы топқа қосылған біраз министрлер де апта ішінде арықтап, халықты ойлап, көздерінен екі шелек жас ақты. Бизнесмен депутаттар президенттің осындай ойландыратын саясаткерлігіне жілік  мүжіп  отырып, рақметін  жаудырды.

Кешіріңіздерші, тағы да ояна кетсем…. Қойшы, арғы жағын айтпаймын. Ылғи осындай түс көре беремін… Ендеше, о, жамағат, оразаларыңыз қабыл болсын, үйлеріңізге  ырыс, береке  толсын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: