Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыранның ажалы (болған оқиға)

11.02.2021, 9:00 596

Көк аспанның әміршісі бүркіттің аспан кеңістігінде қалықтағанына көп болды. Тырнағына аң іліне қоймағанына бүгін екінші күн. Сондықтан да ашулы, көзіне қан толып тиісетін қара таба алмай жүр.

«Адамдардың «Бүркіт қартайса, тышқан аулайды» дегендері дұрыс емес. Біз құс патшасы болғандықтан тышқан тұрмақ өлексе жемейтініміз анық».

Кеше кешке жақын бір шибөріге түскен еді, ол қалың шеңгелге кіріп кетіп, өлтіріп кете жаздады. Тырнақтарын зорға ажыратып, аман қалды-ау әйтеуір.

Төменде жүрген адамдар көрінді. Оларға жақындау қауіпті. Қолдарында от шашатын таяқтары болады. Өздері өте қатыгез. Ешкімді де, ешнәрсені де аямайды. Сондықтан олардан аулақ жүрген дұрыс.

Көктем әбден күшіне енген жазғытұры

деп аталатын кез.

…Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі, – деп Абай суреттегендей дала кілем төсегендей құлпырып жатыр. Шебер қыздың қолымен салған өрнектей қызылды-жасылды түске оранған көк көз тартады. Ауыл маңында екі-үш қыз, үш-төрт ер бала бір-бірін қуаласып қалың шөпке аунап мәре-сәре. Араларында қызыл орамал тартқан 9-10 жастағы қара қыз Рысбибі бар. Ол қызыл орамалды басынан тастамайды. Өйткені сүйікті әкесі былтыр Ташкенттен базарлыққа әкеліп берген. Әкесі Әбдімәлік бір жыл бұрын жалаң қолымен көкжалды буындырып өлтірген. Рысбибі қыз бала болса да өзі қатарлы ер балалармен ұстаса кетсе, алып ұрады. Ауылдастары «Әкесі қолмен қасқырды буындырып өлтірген палуан, бұл қыз әкесіне тартқан батыр қыз ғой», – десетін. Ойнап жүрген балалар аспанға қарап:

 – Ананы қара, бүркіт…

 – Кәні, кәні?..

 – Әне, әне…

 – Бүркіт емес шығар?

 – Қараңдар, төмен түсіп келеді.

 – Құлап келеді ғой деймін?

 – Ойбай, қашыңдар…

Аспанда қалықтаған қыранның көзі кенет төменде қызарған мақұлыққа түсті. «Бүгін бір тоятын болды-ау ақыры. Адамға ұқсай ма қалай? Жо-о-қ адам деген үлкен болады ғой. Олар екі аяқты. Мынау төрт аяқтап жүрген секілді… Не болғанда да адам емесі анық…».

Бүркіт қанаттарын жинап өзін төмен тастады. Денесін ерекше күш кернеп, ерекше сезімде болып, төмен қарай сорғалады. Бұл кезде бар ойы әдемі гүлдерде болған Рысбибі жоғарыда не болып жатқанынан бейхабар еді. Әнін салып, әр гүлді бір иіскеп мәз-мейрам. Өзінің жүзі бақыттан бал-бұл жанып жүрген. Балалардың айғайлаған, «қашыңдар» дегендерін де естімеді. Кенет қанат құйрықтың ысқырған дыбысы естілді де, не екенін ажыратамын дегенше басына бір нәрсе сарт етіп тиді. «Балалар ойнап бір нәрсемен ұрды ма?» деп ойлағанша басына, тамағына өткір нәрсе қатты ауыртып, қадала кетті. Қыз қорыққанынан шыңғыра айғайлап, көмекке шақыра бастады. Бірақ балалар қорыққандарынан ауылға қашқан болатын. Рысбибі тез есін жинап басына жабысқан аяқтарды екі қолымен ажыратып алып, жерге ұрды да бүркіттің бір аяғын басып тұрып, «дар» еткізіп бұтын айырып тастап отыра кетті. Басынан, тамағынан аққан қан жосадай болды.

Бүркіт сорғалап келіп әлгі қызыл аңға жабысқан сәтте оның аң емес екенін сезді. Бірақ бәрі де кеш еді. Алапат дүлей күш аяқтарын жабысқан жерінен жұлып алып жерге ұрғанда ажалының жеткенін біліп, өзегін өкініш өртеп кетті. Адамдарға жақындауға болмайтынын біле тұра өзінің жасаған әрекетін түсіне алмады. Аштық па, әлде кәріліктен бе? Қырандарша қияда өле алмай, қаршадай қыздың қолынан қаза тапты. ӨКІНІШТІ!

Ауылдан жүгіріп үлкендер келген кезде бүркіттің көзі шақырайып зеңгір көкке қарап қатып қалған еді.

Әбдірейім  ӨМІРОВ,

Фейсбук парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: