Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрбандық: қисса хикметі

30.07.2020, 10:40 459

Көрнекі сурет

«Ибраһим: «Мен Раббым бұйырған жаққа кетемін. Ол маған жол көрсетеді» деді. (Көңіліндегі жерге барған соң) «Иә, Раббым! Маған жақсысынан бір ұл бер» деп жалынды. Біз оны аса мүләйім бір ұл баламен қуанттық. Ұлы (Ысмайыл) әжетке жарап­ қалған кезде (Ибраһим оған): «Бала­қайым, түсімде сені бауыздауға (құрбан шалуға) бұйырылдым. Сен қалай қарайсың? Ойлап көр» деп еді, баласы: «Әке, өзіңе бұйырылған істі істе! Құдай бұйырса, мені қайсар шыдамдылар қатарынан табасың» деді. Екеуі де (Алланың әміріне бойсұнды). Баласын қырынан жатқызды (бірақ Алланың құдіретімен бауыздауға пышағы өтпей қалды). Біз (сонда ғана): «Ей, Ибраһим! Түсіңді орындадың. Біз жақсыларды күдіксіз осылай сыйлаймыз» деп дауыс­тадық. Бұл нағыз ашық сынақ еді. Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыстырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибраһимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол иманды пенделерімізден еді» («Саффат» сүресі, 99-111-аяттар).

Жаратқан Жаббар Иеміз қасиетті Құранда бізге осындай ғибратты қиссаны ашық баяндайды. Осы оқиғадан алар мол ғибрат пен  өнегелер  бар. Таратып баяндап­ беруге  тырысайық.

«Ибраһим: «Мен Раббым бұйырған жаққа кетемін. Ол маған жол көрсетеді» деді». Аллаға тәуекел етсең, Ол да сүйген құлын далаға тастамайды. Тығырықтан шығар жол сілтейді. Қиындықтан құтқарады. Құдай құлдарының тәуекелін көргісі келеді екен. Мұндайда халық даналығында айтылатын: «Аллаға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады» деген­ қанатты сөз еске түседі. Кейде байқама­й адамға көбірек үміт артып кетеміз­. Адамның жүрегін басқарушы Алла  емес  пе?..

«Иә, Раббым! Маған жақсысынан  бір  ұл бер» деп жалынды. Біз оны аса мүләйім бір  ұл  баламен  қуанттық». Құдайдан салиқа­лы ұрпақ сұрау – мұсылманның мұраты. Бұл – пайғамбарлардан бізге жеткен­ әдеп. Мұсылмандық жолды ұстанға­н халқымыз: «Е, Құдайым бала бер, бала берсең – сана бер» деген. Құдай шын сұраған пендесінің дұғасына жауап береді. Ибраһим (Ғ.С.) пайғамбардың дұғасына жауап берген Алла: «Біз оны аса мүләйім бір ұл  баламен  қуанттық»  дейді.

«Ұлы (Ысмайыл) әжетке жарап қалған кезде (Ибраһим оған): «Балақайым, түсімде сені бауыздауға (құрбан шалуға) бұйы­рылдым. Сен  қалай  қарайсың? Ойлап көр» деп  еді…». Бала тәрбиесінде онымен ақылдасу тәсілі көп нәтижесін береді. Біз көп жағдайда баламен ақылдаспай, оған бұйрық раймен сөйлеуге әдеттеніп алғанбыз. Әр баланың өзіндік ойы, өзіндік «мені» болады. Біздің бұйрық райдағы сөздеріміз баланың «менін» әсте-әсте әлсіретіп, пікірін ашық айту, ойын қаймықпай жеткізу сынды мінезін жоя бастайды. Осыдан кейін оны қайдағы психологқа сүйреп: «Балам жасық, үндемейді, ашылып сөйлеспейді» деп шағымданамыз. Соған шамданамыз. Бала үшін ата-анасынан асқан қандай психолог болуы мүмкін?… «Балақайым» деп сөйлегеннің өзі қандай өнеге… Жүрекке жылулық сыйлайды.

Баламен ақылдасқанның нәтижесі мынау:­ «…баласы: «Әке, өзіңе бұйырылған істі істе! Құдай бұйырса, мені қайсар шыдам­дылар қатарынан табасың» деді». Алма өз бұтағынан алыс түспейді деген тәмсіл бар. Аллаға мойынсұнған әкенің баласы да тілалғыш келеді. «Баланы тәр­биелегің келсе, әуелі өзіңді тәрбиеле» деген­ сөздің жаны бар… «Құдай бұйырса» деп  сөйлеген  Ысмайылдың да Алла тілеуін­ қабыл етті. Шыдамдылар қата­рынан  табылды…

«Екеуі де (Алланың әміріне бойсұнды). Баласын қырынан жатқызды (бірақ Алланың­ құдіретімен бауыздауға пышағы өтпей қалды)». Алла тағала өз пайғамбарының иманын соңғы сәттерге дейін сынау­да. Осы сәтті бір мезет көзімізге елестет­іп көрелікші. Ойлаудың өзі қор­қынышты…

Ал Ибраһим пайғамбар (Ғ.С.) осы сәтте сынақты қасқайып тұрып қарсы алып, Алланың әмірін орындауда табандылық танытып, шынайы құл екенін дәлелдеді. Бұл жайт Құранда былайша баянда­лады: «Біз (сонда ғана): «Ей, Ибраһим! Түсіңді  орындадың. Біз  жақсыларды күдіксіз осылай  сыйлаймыз» деп  дауыс­тадық».

«Бұл нағыз ашық сынақ еді». Алла әуелі пайғамбарларға үлкен сынақтар жіберген. Одан кейін пайғамбар жолын жалғас­тырушылар сыналады. Осылайша әр адам өзінің иман дәрежесіне сай сыналмақ. Жаратқ­ан Жаббар Иеміз: «Сендер иман келтіргеннен кейін сыналмай қаламыз­  деп  ойлайсыңдар  ма?» дейді («Әнкәбут» сүресі, 2-аят).

«Біз оның орнына үлкен құрбандық (Ұжымақ қошқарын) ауыс­тырдық». Алла бір қиындықтың артынан бір жеңілдік жібереді. Сынақты­ көркем сабырмен жеңген­ пендесін ерекше сый-құрметке, нығметке бөлейді. Бұдан асқан бақыт бар ма? «Біз оған соңғылар ішінде «Ибраһимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені, ол иманды  пенделерімізден  еді».

Иә, адам баласы мына өмірде еңбектенбей, ешқандай жетістікке жетпейді. Сол секілді, жан қиналмай, жәннат жоқ. Сын сағатында сынып кетпей, Аллаға тәуекел­ еткен пендеге міндетті түрде көмек беріледі. Өйткені, «Кім тақуалық етсе, оған шығар  жол  көрсетіледі» («Талақ» сүресі, 2-аят).

Алла біздерді көтере алмайтын сынақпен  сынамауды сұрап, дұға етеміз.  

Ағабек  ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: