Қазақстан Ресейдің Орынбор облысы, Омбы және Астрахань қалаларында мектеп салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының алдында журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Оның сөзінше, Ресей тарапы бұған дейін Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында үш мектеп салуды ұсынған. Осыған байланысты Қазақстан да Ресейдің қазақтар көп шоғырланған өңірлерінде мектеп салу жөнінде өз ұсынысын берген.
– Осыған сәйкес, біз Орынбор облысы, Омбы және Астраханда мектеп құрылысын ұсындық. Менің білуімше, Орынборда жер телімі бекітіліп қойған, ал Астрахан мен Омбыда жер телімі айқындалып жатыр. Осының барлығы дайын болғанда, біз оған бір уақытта қол қоямыз, – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, мектептерде аралас оқыту форматы қарастырылады. Яғни балалар қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Құрылыс жұмыстары келісімге қол қойылғаннан кейін басталмақ.
– Бұл жоспар жақын арада жүзеге асады. Келісімге қол қойылғаннан кейін, мектептерді саламыз. Оны бір жарым жыл ішінде салуға болады, – деді ол.
Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров екі ел аумағында жалпы алты бірлескен мектеп салу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтқан еді. Оның үшеуі Қазақстанда, үшеуі Ресейде бой көтеруі мүмкін.
Айта кетейік, Ресей аумағында қазақ мектептерін ашу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. 2024 жылы бұл бастама талқыланған кезде Орынбор, Омбы және Астрахань қалалары қазақ диаспорасы көп шоғырланған өңірлер ретінде аталған болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!