Думан КӨШЕКБАЕВ:
Қоғамның ертеңін өзгертетін ең үлкен институттардың бірі – отбасы. Ал отбасының ертеңі бүгінгі бала тәрбиесінен басталады. Осы тұрғыдан келгенде, әкенің отбасындағы орны – баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететін жауапкершілік. Оның сөзі, шешімі, сабыры, ашуы, анасына деген қарым-қатынасы мен балаға көрсеткен құрметі – бәрі де баланың санасында қалыптасатын құндылықтардың негізіне айналады. Демек, бір әкенің бүгінгі әрекеті келесі ұрпақтың да мінезіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан «баланы қалай тәрбиелейміз?» деген сұрақтың астарында «өзіміз қандай үлгі көрсетіп жүрміз?» деген әлдеқайда күрделі сауал жатыр.
Бүгінде әкелік туралы түсінік те өзгеріп келеді. Отбасын асырау әкенің жалғыз міндеті емес. Балаға уақыт бөлу, оны тыңдау, сезімін түсіну, қателескен кезде жазалаудан бұрын сөйлесе білу де әкелік мәдениеттің маңызды бөлігіне айналды. Осы өзгерістердің мәнін, әке мен бала арасындағы байланыстың табиғатын және отбасы құндылығының бүгінгі сипатын «Қарапайым әке» лақап атымен танылған әлеуметтік желінің белсендісі, блогер Думан Көшекбаевпен әңгіме барысында тарқаттық.
БЛОГЕР ЕМЕСПІН, ҚАРАПАЙЫМ ӨМІРДІ БЕЙНЕГЕ ТҮСІРІП ЖҮРГЕН ӘКЕМІН
– Сұхбатқа келісім бергеніңізге рақмет, Думан Айтбайұлы! Әңгімемізді алдымен, өзіңізбен таныстықпен және жеке блогыңыздан бастайық. Әлеуметтік желіде «Қарапайым әке» лақап атымен танымалсыз. Алғашқы контентіңіз де осы әкелік бағыттан бастау алды. Ұлыңызды оқуға шығарып салған сәттегі жүрекжарды тілегіңіз көпшіліктің көңілінен шығып, миллион қаралым жинады. Әкелік тәрбиені әзілмен ұштастырып блог бастау идеясы қайдан келді?
– Қарапайым қазақ отбасының әкесімін. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің тумасы, тұрғынымын. 5 баланың әкесімін. Жұбайым екеуміз 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. Сырдария аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Дала дидары» халықтық мәдени-үгіт бригадасының жетекшісімін.
«Қарапайым әке» деген атауды халық қойды. Негізі блогер болу ойымда болмаған. Өзімнің жеке парақшам болған соң бұрыннан жүрген жерімде әртүрлі бейнежазба түсіріп, жүктеп отыратынмын. Бірақ блогерлікке бетбұрыс деген ой мүлдем болмапты. Ұлым Жансыр мен қызым Жаннұр Қарағанды қаласына оқуға түсті, шығарып салған сәттен шыққан толғаныстағы тілегім ғой. Жасандылық деген жоқ. Көпшілік көріп, бұл бейнежазбам таралып кетеді деген де ой болмапты. Ауылдағы әкенің қарапайым өмірі мен күнкөрісін қалай бар солай түсіріп, салып жүрдім. Қазір расын айту керек, халық жасандылықтан шаршаған. Өзіңіз де байқаған боларсыз, бұрынғыдай үлде мен бүлдеге оранған жасандылықты жария ету қазір трендте емес. Халық ондайды құптамайды да. Себебі көзі тойған. Телефоннан шынайылықты, қарапайымдылықты көріп-ақ бір демалып қаламыз ғой. Сол секілді, қазір өтімдісі – осы қарапайымдылық. Алайда, өзімді әлі де блогермін деп санамаймын. Көптің бірі, жұртпен ілесіп келе жатқан қарапайым қазақ отбасындағы әкемін. Әдетім демесем, бұл жолды блогерлік деп асыра сілтемеймін. Тіпті, қазір блогерлердің заманы ғой, бір-екі бейнежазба түсіріп, жарнама жасап, тегін тұтыну деген трендтің туған дәуірі. Бірақ бұл жолды жеке басым құп көрмеймін. Осы бүгінге дейін де блогерлікпен табыс табу дегенді ойға да, қолға да алмаппын. Жоғарыда айтып жатырмыз ғой, блог бастау идеясы қайдан келді деп. Бұл – қызымның идеясы. Қазір парақшамды осы қызым жүргізеді.

БҰРЫНҒЫНЫҢ ӘКЕЛЕРІНДЕЙ ТӘРБИЕ ҚАЗІР БІЗДЕ ЖОҚ
– Парақшаңыздан ұлыңызбен байланысқан контентті көп байқадық. Осы ретте, әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас, тәрбиенің рөлі туралы сөз қозғасақ. Бұрынғы мен бүгінгі әкелердің арасында қандай өзгеріс барын байқайсыз? Бүгінгінің баласы мен әкесі тәрбие мен тәртіптің аражігін ажырата алып жүр ме?
– Өте орынды сұрақ. Қазіргі әкелер қауымы тек қауырт жұмыс пен табыс табудың ізінде жүр. Отбасыға бөлінбей қалған уақыт пен жетім көңілдің орнын ешқандай дүние баса алмайды. Бұрындары әкеміз тек қабағымен қағып отырып тәйт десе, қазір расымен-ақ, тәйт деуге кей әкенің уақыты да жоқ. Тиісінше, тәрбие тұтастай ананың мойнына жүктеледі. Кейіннен, шаршаған әйел, у-шу отбасы, демеусіз қалған тіршілік. Солайынан, отбасылық жанжалдың да ізі көріне бастайды. Тәрбиені теңдей бөлген абзал. Менің отбасымда 4 ұл, 1 қыз бала өсіріп отырмыз. Ұлдарымның алды – студент, кенжесі – шақалақ. Сәбиді қоя бергенде, ер жетіп келе жатқан балаларымның тәртібін өзім қадағалаймын. Ал қызымның тәрбиесімен анасы Индира айналысады. Енді қыз баланың әкеге ашылып айта алмайтын құпиялары болады ғой, соны ескере отырып, тек «аман-сау жүрсің бе, сабағың қалай, киіміңді ретте, ешкім көңіліңді қалдырған жоқ па?» деумен-ақ шектеліп жатырмыз. Ал қалған тәрбиені әйелім өзі реттей береді.
Тәрбие демекші, бұрынғының әкелері дейміз ғой, әкем қазір жасы 90-ға жуықтаған асыл қазынамыз, анам да ақжаулықты әже, шүкір. Ертеректе, жаспыз, енді ғана отбасын құрған жылдары, тұңғышым дүниеге келген кезі, ұлым Жансыр атасының баласы. Одан кейінгі қызым Жаннұр әжесінің дара қызы болып өсті. Кейінгілері ғана жұбайым екеуміздің балаларымыз. Қазақы тәрбиенің бір ұштығы – алғашқы немерелері атасы мен әжесінің балалары боп өсуі.
Ал, енді әкелеріміз бен кейінгі әкелер буынының айырмашылығы балаға деген қарым-қатынаста деп білемін. Бұрындары әкелеріміз совет үкіметінің адамдары, қазақша-орысша аралас өздерінің еркелеткендері деп қабылдайық енді, түрлі жаргон аралас сөздермен шақырып, атаушы еді. Ал қазіргі әкелерден бұндай сөздерді естімейміз, тіпті болса да, сирек шығар. Себебі, өз басым әке ретінде бұл әдепті құптамаймын. Ерсі естілгені былай тұрсын, ертеңгі өзіміздің бала алдындағы қадірімізді қашырамыз. Қазіргі альфа ұрпақтар, зумерлер деп жатамыз, баяғы біз секілді емес. Қарапайым сөздің өзін көтере алмайды. Өзіңнен мін, сын теріп тұрады. Рас қой, қазіргі жастардың көзі ашық, құқығы туралы тіпті сайрап тұр. Біздің кезде мұндай тірлік қылуға көбінің батылы бара бермейтін. Сондағы әкелеріміздің қатулы қабағы мен «тәйт!» деген бір ауыз сөзі бізді басатын. Әкелеріміз сондай мысты болған. Қазір қарап, өзіміз де әкеміз ғой, бұрынғы әкелеріміздей темірдей тәртіпті ұстансақ, ұл-қыздарымыз қыспақта өмір сүргендей сезініп жүретін болар. Қазіргі заманның жетілгендігі, көкірек көзіміздің ашылғаны балаға да көп еркіндік беріп қойды. Осы тұста, тәрбиенің атқаратын рөлі өте маңызды.
Сауалыңызға оралсақ, қазіргі әкелер мен балалар арасында ауызекі байланыс азайған. Бір-бірімен сөйлесу, түсінісу жоқ.

ҚАЗІР КӨП ОТБАСЫҒА ҚАРАПАЙЫМ СӨЙЛЕСУ ЖЕТІСПЕЙДІ
– Отбасылық құндылықта нені алдыңғы орынға қоясыз? Шаңырағыңызда қандай қағидағаларға баса назар аударасыздар? Отбасылық ұстанымдарыңыз қандай?
– Иә, отбасылық ұстанымымыз – жоғарыда айтып өткенімдей, тәрбие мен тәртіпті теңдей бөлу, түсінісу, ашық сөйлесу. Жалпы әйел заты да бала секілді ғой, оларды әдемі сөзбен, сый-құрметпен ашуланған сәтінде көңілін табуға, реншін басуға болады. Ал бала – өзіміздің бауыр етіміз, қанымыз, болмысы да өзіміз екенін ұмытпай, сабырмен сөйлесіп, қажеті мен қалауын түсінісе біліп, жоспарларын ақылдаса отыру отбасылық қағида деп қабылдаймын. Өзім әкем-анамның жалғыз ұлы боп өскен соң, балаларыма бауырмал болуды жиі айтамын. «Көпшіл, кеңпейіл, бауырмал, тату болыңдар» деп ұрандатамын. «Үлкеннің жолын, сөзін кеспе, сыйла, кішіге ізетті бол» – осы біздің отбасылық тәрбиеміздің бір бөлігі. Бала бізден көргенін қайталайды. Сондықтан барынша үлгілі істерге назар қоямын. Әттеген-айым болмасын деп, баланы тәрбиелеу арқылы өзімді де тәрбиелеп келемін. Бұл – енді өмірдің заңдылығы. Әр бала әртүрлі қалыптасады. Түсінігі, ойлау қабілеті, қабылдауы, мінезі. Ата-ана баласы дүниеге келген күннен бастап, баласының психологиясын меңгереді. Кейін баланың өсуінің әр кезеңінде табиғатына сай қарым-қатынас жасап, тілін тауып, түсінісіп, мәселесі болса, оны шешіп әрекет қылады. Айтпағым да, ата-ана әр баласымен әртүрлі араласады. Бұл жерде бөліп-жару емес, табиғаты дегеніміз де сол, мінез-құлқы мен болмысына қарай әрқайсысының өз бабымен байланысады. Құдай ата-анаға осындай қарым-қабілетті берген. Сондықтан да, бала мен әкенің не ананың арасында байланыс мығымырақ болуы абзал. Отбасылық құндылықтың да бір бөлігі – осы байланысу. Қазір бұл байланыстың өзі құндырақ бола түскен. Себебі, бала да, ата-ана да телефонда, одан бөлек, күндіз жұмыс дейміз, бала сабақ деп жүреді. Бәрінің басы кешке ғана бірігеді. Ал кешке бір дастарқан басына жиналып, кімде қандай жаңалық, не істеді, күндері қалай өтті, осының өзі – отбасының бір құнды сәті. Біздің шаңырақта да кешкі астың орны бөлек. Ал отбасылық қағидаларымыздың қатарында тағы бір айта кететіні – отбасы болып жиі серуендеу. Демалысқа шығып, ой, бой сергіту. Бұл – үйде отырған әйелге де, сабақпен басы қатып жүрген балаға да, жұмыс, үй деп жүрген бізге, әкелерге де таптырмас мүмкіндік, отбасының берік, тату болуы. Сондықтан да, бала-шағам мен әйелімді алып, жиі осындай отбасылық отырыстар ұйымдастырып, ашық сөйлесу өткізіп тұрғанды құп көремін.

ҚОҒАМДАҒЫ ОСЫ САНАТТАҒЫЛАРҒА ҮЛГІ БОЛСАМ, МҮМКІН ЕЛІМІЗДЕ АЖЫРАСУ АЗАЯР МА ЕДІ?
– Енді отбасылық тақырыпты тереңдете түсейік. Қоғамда түрлі сынаққа ұшыраған отбасы мүшелерін қазір жиі кезіктіреміз. Айтпағым, жалғызбасты ана, әке санатындағы жандар. Бұл турасында қандай пікір айтасыз? Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, тақырыбыңыз әке мен отбасылық құндылық аясында болғаннан кейін, осы аталған санаттағылардан түрлі пікір, тіпті өтініштер де келіп түсетін болар?
– Рас, сұрағыңыз орынды. Әдемі әке, күйеудің, қарапайым отбасының, татулық пен әзіл араласқан әдемі отбасылық контентті жиі саламын. Содан болар, көпшіліктің арасында жоқ емес, бар, «біздің де күйеуіміз осындай болса», «қандай керемет отбасы» тіпті, өздерінің жұбайларын, яғни күйеулерін даттап жазатын да жазылушылар бар. Жалғызбасты анамын, әкемін деп те пікір білдіретін жандар бар. Расын айту керек, отбасы бір үлкен мемлекет деп алсақ, мемлекеттің тату болуы сол мемлекетті құрған екі адамнан бастау алуы керек және сол екі адамның қолында. Өмір болған соң, әр адамның маңдайына әртүрлі тағдыр жазылады. Бірақ айтарым, отбасыны екі ортада тастаған әйел де, еркек те әлсіз адамдар дер едім. Ол жерде бала болса, тіпті қиын. Екі ортада бала бейбақтың көзі мөлдіреп қалады. Контенттерім бір кісілерге ауыр тисе, біріне үлгі болсын деген ниеттемін. Қазір халық шынайылыққа зәру. Қарапайымдылықты көріп бір марқаясың. Отбасының да бір қарапайым күнделікті өмірін ашық бейнеге түсіру, қалай бар, солай салу, шынайылықты жария ету көпшілікке ұнаса, менің жеке хоббиім ретінде қалыптасты. Кейін де түрлі отбасылық мәселеге қатысты ойымды ашық білдіретін болдым. Достарым отбасылық коуч болсаңшы дейді, әзілдеп. Бірақ бұл блогерлікті табыс көзіне не арнайы бір мақсатыма жету үшін қолға алған жоқпын. Жеке өмірім, күнделікті болмысымыздан алынған қызықты сәттермен бөлісіп отырамын. Байқасаңыз, қазір сторис салуды да тоқтаттым. Тек маңызды деген сәттермен ғана бөлісіп отыруды жөн санадым.
Ал, сұрағыңызға келер болсақ, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, сол сәттерде мендегі ұстаным, жоғарыда айтып өткенімдей, тәрбие мен отбасылық кей қағидам бейнеленген контенттерім керек жанның кәдесіне жараса, мен бек қуаныштымын. Жалғызбасты ана, әке деген қауымның болғанына, бұндай санаттың көбеюіне түбегейлі қарсымын. Отбасы – үлкен қазына, қадірін білген жанға.
– Ашық әңгімеңізге рақмет! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!