Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауапты сала мамандары облыстың эпидемиялық маусымға дайындығын баяндап, тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Миранбайқызының айтуынша, аймақта 425 төсек орны дайындалып, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының резерві толық жасақталған. Сондай-ақ 1 қазаннан бастап қауіпті топтағы азаматтарды вакцинациялау жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 85 007 доза екпе сатып алынған.
Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың сөзінше, 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда маска тағу режимі енгізілді. Білім беру ошақтарында күнделікті «таңертеңгі сүзгі» ұйымдастырылады. Егер сыныптағы оқушылардың 30 пайыздан астамы ауырса, оқыту қашықтық форматына көшіріледі.
Мамандар тұмаудың алғашқы белгілері байқалғанда өз бетінше емделмей, бірден дәрігерге қайрылу қажеттігін ескертеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!