Түс ауа ауылға автобус кірді. Бүйіріндегі ұран күнмен шағылысып жылтырайды, айнасына жалау қыстырылған, төбесіндегі дауыс зорайтқыш «сіздер үшін» деп ыңырсып қояды. Көше бойындағы сары төбет басын көтеріп, бір-екі рет үрген болды. Таныс дауыс. Ұзаққа созбай, қайтадан көлеңкесіне бұйығып жата кетті. Клубтың алдына шатыр тігілді.
Үстелге салқын су, оның қасына кәмпит қойылды. Ортада анкета жатыр, толтырған кісіге қалам сыйлайды, ал қаламның қырында – тағы сол ұран. Ел жиналуға көп уақыт кеткен жоқ. Клубтың іші салқын. Ал далада +40 градус.
Микрофон ұстаған кісі – жап-жас жігіт. Костюмі қара, галстугі көк, шашы майланған, өзіне сондай сенімді сөйлейді екен. Сөзін алыстан бастап, ата-баба, кең дала, ұлы дүбір дегендерді бір айналдырып өтті де, ақыры ауылдың атын дұрыс атады. Нанасыз ба, соның өзіне жұртшылық жадырап қалды. Өткен жолы келгендер ауылдың атын шатастырып, көпке дейін күлкі болып жүрген.
Ал одан кейін уәде басталды. Жол салынады. Су тартылады. Газ келеді. Мектепте спортзал бітеді, ауруханаға дәрігер табылады, шаруаға жеңілдік беріледі. Жастарға баспана, көшеге ағаш, ауылға байланыс мұнарасын қояды. Балабақшаның да кезегі қысқарады деген әңгімемен ауыл келіншектерінің құлағын майлап қояды. Насихатшылардың айтары әлі де көп секілді, дауысы нық, ал оны камера тоқсаусыз айналып жүр. Соңында ел қол шапалақтады. «Шабармандар» балаларға шар беріп, алдап қояды әйтеуір. Орындықтың алдыңғы қатарына отырғандарға берілген су да түбіне таяды.
Ең артқы қатарда бір әже отыр. Тізесінде – дәптер. Мұқабасы ескі, бұрыштары мүжілген, ішіне ирек-ирек жазу түскен. Ұсынған қаламға қарамады. Өз қаламы бар, қалтасында жүреді. Ол кісі бір заманда мектепте есеп пәнінен сабақ берген. Санағанда жаңылмайды.
Дәптердің бірінші беті – 2007 жыл. «Жол салынады» деген жазу тұр. Шетінде әженің өз белгісі, «салынған жоқ».
2012 жыл. «Су тартылады». Астында бір жол түсініктеме, «құбыр әкелінді, жерде жатыр».
2016 жыл, газ туралы уәде. Оның да ақыры белгілі, «карта салынды, картаны көрдік».
2021 жыл, спортзал. «Іргетас қазылды, ішіне жаңбыр суы жиналды, балалар жазда шомылады».
2023 жыл, дәрігер. «Фельдшер келді, 3 ай тұрды, кетті».
Енді мына қызыққа қараңыз, әже әр беттің шетіне жіңішке баған сызып қойған. Ол жерге келген адамның партиясын белгілейді. Бағанда 5 түрлі ұран, 5 түрлі түс, 5 түрлі белгі тізіліп тұр. Ал бағанның қасындағы уәделер бір-бірінен айнымайды. Біреуі жол салмақ. Екіншісі де жол саламыз деп алдамсыратады. Үшіншісі жолдың жобасын жасауға уәде беріп, сақтық танытқан. Төртіншісі мәселені бақылауға алады. Ал бесіншісі 2 жылда бітіремін деп, өзгелерден асып түскен. Бәрі бір бетке сыйып тұр. Сөздері бірдей болғаннан кейін сыймай қайда барады?
Ал манағы жігіт сөзін түйіндеп, залға көз тастады.
– Сұрақтарыңыз бар ма?
Тыныштық. «Мұндай жиында сұрақ қойған кісінің артынан аңдушылар жүреді» деген әңгіме ауылда әлдеқашан орныққан. Әже асықпай орнынан тұрып, дәптерін кеудесіне көтерді.
– Балам, сен алаңдама. Сендердің уәделерің осында. Ешқайсысы жоғалған жоқ. Мен оларды 18 жылдан бері жазып, жинап жүрмін, — деді.
Сол сәтте клуб ішіндегілер ду ете қалды. Жігіт те күлкісін тия алмай қалды. Бірақ әже күлген жоқ.
– Мен бір нәрсеге қайран қаламын. Сендер бес партиясыңдар. Түстерің бөлек, ұрандарың бөлек. Ал уәделерің біреу-ақ. Кімнің не айтқанын жазып жүрмін, ақыры бәрі бір арнаға құяды. Онда бір-біріңе қайшы боп несіне таласасыңдар?
Залдың бір шетінен жөткірінген дыбыс шықты.
– Апа, бағдарламаларымыз бөлек қой.
Әже дәптерін ашып, беттің шетін саусағымен нұқыды.
– Бөлек болса, беттері де бөлек болар еді, шырағым. Мен қағазды үнемдейтін адаммын. Сендердің арқаларыңда бес партияға бір бет жетіп жатыр.
Әлгі насихатшының маңдайынан аққан тер сызыла түсіп иегінің ұшына келіп, қарнына тамшылайды.
– Сендерге бір ұсыныс айтайын. Жаңа уәде қоспаңдар, ескісін орындаңдар. Бізге де оңай, сендерге де оңай. Тіпті ұран ойлап әуре болмайсыңдар, ұраны әзір тұр. Мына дәптерді ала кетіңдер де, ішінен ұнағанын таңдап алыңдар. Қайсысын бітірсеңдер, мен сол бетті сызып тастаймын.
Мына тыныштықты «дұрыс айтасыз» деген дауыс бұзды. Бөлек біреу «жазып алдық» деп үн қосты. Тағы бір кісі «бақылауға аламыз» деді. Ал дәптерді алған ешкім болмады.
Автобус та қайтты, әкімдік шатырды жинап, клуб айналасын әп-сәтте жұмыр жазыққа айналдырды. Ары қарай ауыл үйреншікті мехнатына қайта оралды.
Кешке әже немересін шақырды. Ол 9-сыныпта оқиды, қалаға оқуға түсуді армандайды, телефонын қолынан тастамайды. Дәптер сол баланың алақанына түсті.
– Мынаны сақта.
Бала мұқабаны аударып, беттерін жүгіртіп өтті де, иығын көтерді.
– Әже, мұның не қажеті бар? Ескі қағаз ғой.
Әжесі терезеге қарап, 18 жыл бұрын салынады деген жолдың орнындағы соқпаққа көз тастап, ойланып қалды.
– Мен 18 жыл жинадым. Енді сен 18 жыл жина. Екеуміздің жазғанымыз 36 жылға толғанда, әйтеуір бір нәрсе анықталады.
– Не анықталады?
– Уәденің орындалатын мерзімі. Болмаса адамның шыдамының шегі. Қайсысы бұрын бітеді, соны көреміз.
Бала дәптерді алып, бірінші бос бетті ашып, жоғарғы жағына бүгінгі күнді жазып қойды. Астына «Күтемін» деп шимақтады. Дәптерде әлі 20 бет бос жатыр. Жетеді.
Карикатураны салған ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!