Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үндемейтін үкімет

18.06.2025, 12:00 85

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)

Жаңа тағайындалған премьер-министр Үндемес Былқетпесұлы үкімет отырысына кешігіп келді. Төрге озып, креслоға қонжиған күйі айнала отырған министрлер мен сала басшыларын көзімен шолып өтті. Бірақ сөз бастаған жоқ. Үндемей отыр. «Қайтыс болып кеткен» тыныштық орнады.

Қазіргі геосаяси жағдай жағадан алып тұрғанда, дрондарды жетілдіру, жемқорлықты дамыта бергенше, қорғаныс саласына әскери ұшақтар, баллистикалық зымырандар сатып алу ойына кіріп шықпайтын Қорғаныс министрі Кездейсоқ Келгенов бүгінгі отырысқа дайындалып-ақ келген еді. Мәжіліс тақырыбы «Қазақстанның қорғаныс қабілеті» болатын. Үкімет басшысы ештеңе сұрамады, қорғаныс министрінің құлағын бұрамады. Бәрі үнсіз отыр. Үндемес Былқетпесұлы көзімен ишара жасап, қорғаныс министріне қарады. Қорғаныс министрі орнынан тұрып, қадау-қадау сұрақтар қойылмаған соң, бес минуттай үнсіз тұрды да, отыра кетті. «Түсіндім» дегендей үкімет басшысы басын изеді. Министрлер қол шапалақтады. Бір уақытта үкімет басшысы мәдениет және ақпарат министріне қарады. Ол кісі орнынан тұрып, сөз бостандығы жоқ екенін мойындайтынын, журналист, блогерлердің демократиялық ойлары үшін жиі қамалып кететінін, театр әртістерінің айлығы көтерілмегенін, елде мәдениеттің жоқтығын, бір кәсіпкер балмұзақтарды жарнама үшін тегін лақтыртып таратқанда, жұрттың аштан өлгендей, қырылып қала жаздағанын, жазушыларға берілетін қаламақының мүлде жоқ екенін, шегіртке әншілердің фонограммамен ән салуына тыйым салмағанын, бәрін, бәрін айтты. Ішінен. Үнсіз тұрып-тұрып, ол да отырды. Министрлер ду қол шапалақтады. Бұдан кейін президент тапсырмаларының орындалмайтыны, кландардың кедергілері бетке айтылды. Жаман айтты. Бәрі іштей айтты. Үкімет отырысы аяқталып, шіренген министрлер үнсіз шығып бара жатты…

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: ratel.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: