Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соғысып қала беремін…

05.05.2025, 10:10 108

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Білмеймін, Құдай маған бір қарыс маңдай берген, тақылдамайтын таңдай берген, көз берген, көп сөйлемейтіндей сөз берген, қарлығаштың ұясындай мұрын берген, қысқасы, «бәрін бұрын» берген… Бірақ неге екенін өзім де білмеймін, көшеде жаяу жүргіншілермен соғысып қала беремін… Оларды не басып кетемін, басып кеткен кезде, алды-артыма қарамай қашып кетемін! Білмеймін, жолда келе жатсам болды, «Ойпырмай-Қазына» ұлттық қор компанияларында менеджер болып істейтін жас жігіттердің бір миллион жеті жүз мың теңгеден аса жалақысы есіме түседі де, сосын өзімнің құрғақ жалақымды ойлап келе жатқанда ойраным шығады. «Әбізәтілні», біреумен соғысамын.

Бүгін облыс әкімі Талтаңбай Шіренгеновпен соғысып қалдым! Біздің мектептегі соңғы қоңырауға қатысып, нөкерлерімен көлігіне кетіп бара жатқанда, «лоб на лоб» соғысқанмын ғой. Әкімнің «передный-лобовой» көзәйнегі сынып, «көз фарлары» жасаурап, «вапмер-белдігі» майысып, артқы «құйрық багажнигімен» отырып қалды… Білмеймін, әйтеуір, жолпол инспекторы осылай деді ғой маған. Айыппұл төлеп, әрең құтылдым.

«Құдай басқа салса көндік, көнбесек, арам өлдік» деп ойланып келе жатқанмын. Тағы да шенеуніктердің миллионнан асатын жалақылары туралы ойланып… Қиялдан қияр турап, миымнан майонез ағызып келе жатып, Құдай-ай, тағы да соғысып қалдым… «Не прокурор, не сотпен соғысып қалдым» деп ойладым. Жаяу жүргіншілер жолында қарсы бетке шығып кетіппін… Көңіл күй руліме ие бола алмай… Ми аккумляторым өшіп… Жүрек моторым айнып… Ауыз «капотым» ашылып, көз-фарларымды әлі жұмып жатырмын. Кімді соқтым екен? Көзімді сығырайтып ашсам, бір қайыршы әйел ыржалаңдап қасымда қатар жатыр!

– Өлә, ағай, жаман соқтығыстық қой, кешіріңіз, мен де өмір жайлы ойланып кетіппін… – дейді.

Мен не дейін? Етпетімнен түсіп алып, еңбектей жөнелдім! Тағы біреулерге соқтығысып жүрсем, пәле ғой! Тағы да салым суға кетіп, ойланып келемін… Құдайым-ай, жалақыға «жарымай» жүрген министрлерге соқтығысып қалмасам екен!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: s09.stc.yc.kpcdn.net

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: