Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құдалар «құлап» қалды

09.11.2023, 15:10 328

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Құдалықта қылқиып отырғанмын… Бір кезде білегіне жыланның қабығын орап алған, бетінде бидай өсіп, онысы қурап қалғандай, тыртық-тыртық, басына сынап төксең, тұрмайтындай жып-жылтыр, мойны жуан, кеудесі керілген, жауырыны «жынды» туысқан ағамыз кіріп келді. Беліне гранаттар қыстырып алыпты. Бес-алты пышақ балағының жапсырма қалтасынан қылтияды, екі қолында – екі тапанша. Мұны көрген құдалар ашық тұрған терезеден секіріп, құдағидың бірі дастарқанды басына жамылып отыра кетті… Тығылған түрі. Әкем де, шешем де тымырайып алған. Туыстарым тары жеп түйіліп қалғандай. Мен ғана, қанша дегенмен, бауырым емес пе, орнымнан тұрып:

– Ассалаумағалайкүм, зек ағам! – дедім қолымды ұсынып.

– Құдалыққа келіпсіңдер. Мені неге ертіп алмадыңдар? Не, мен адам емеспін бе? – деді ол.

– Ағатай, сіз… Сіз сотталып кетіп едіңіз ғой? – дедім мен.

– Сотталғандар сорлы деп кім айтты?

– Жоға… Отырыңыз, менің зек ағам…

– Мен бар-жоғы жеті адам өлтірдім, 15 қыз зорладым, екі кемпір қылғындырдым, онда тұрған не бар?

– Сен шіріген жұмыртқа болдың! – деді әкем.

– Қуырылған жұмыртқасың… – деді шешем.

Сәлден кейін қашып кеткен құдалар қайтып келді.

– Ойбай-ау, өзіміздің құда бала екен ғой!

– Түрмеңіз құтты болсын!

– Колонияңызда ұзақ жасаңыз!

– Кімнің құдасы сотталмай жатыр дейсің, қайта бұл бізге абырой… – деп жамырай жалпақтап жатыр.

– Аға, түрмеден қашып келдіңіз бе? – деп сұрадым мен.

– Как, қашып келген?

– Енді… Әлі он жылыңыз бар…

– Сұранып келдім.

– Жібере салады екен де…

– Құдалыққа баратындарыңды естіп, бес күнге сұрандым. Ақша не істетпейді?

– Ақшаны қайдан аласыз?

– Өй, пацан десе… Ағаң түрмеде «авторитет!»

«Зек» ағама сөз берілді.

– Құрметті құдалар! – деді ағамыз асықпай, тапаншасын дастарқандағы жүзімнің үстіне қойып жатып, – қылмыстық кодекстің «Бандитизм» бабымен 18 жылға кесіліп, «ЗЕКТЕР-2023» колониясында жазасын өтеп жатқан құдаларыңның атынан, қылмыс әлеміндегі зектер атынан, ақшаға сатылғыш колония басшылары атынан сіздерге бір жәшік патрон, 12 штук гранат, бес автомат, бір қапшық героин сыйға тартамын! Құдалықтарың мың жылдық болсын!

– Ойбай, оның бәрін қайтеміз? Ұстап әкетеді ғой! – деп қалды бас құда.

– Несі бар, сатып, байып кетеміз, –- деді жас құда…

Әкем теріс айналды. Шешем күрсінді.

– Түрмеден тезірек шығып келіңіз! – деді құдағи ыржалақтап. Бірақ, көзінде үрей.

– Ақша берсем, мерзімнен бұрын шығып кетуге болады. Бірақ зачем? Бес күннен кейін Дубайға ұшамын. Демалып келмесем…

– Түрме рақат екен ғой… – дедім мен.

Әкем басыма салып қалды. Жым болдым.

Есік алдына шығып, құдалармен билей бастадық. Ағамыз кәйіп, құдашаны биге шақырды. Құйрығына ине сұғылып жатқандай, секіріп, секіріп билейді дейсің…

Бір кезде, бәрі тым-тырақай қашты дейсіз! Безіп барады. Ағамның өзі анадай жерге барып, құдашаның үстіне жата кетті… Состиып мен тұрмын.

– Құда бала, жатыңыз, жатыңыз! – деп айғайлайды құдағи.

– Жер шаң… Неге жатамыз?

– Зек құдамыздың беліндегі гранаттың біреуі түсіп кетті… Қазір жарылады…

Жындыға да жан керек, билей жүріп қаштым. Сәлден кейін гранат гүрс етіп жарылды. Есік алдынан өтіп бара жатқан бір есек ауыр жараланып, ақыра қашты. Байлаулы ит қыңсылап, ініне кіріп кетті.

– Ойе-бай, үстіме жатып алыпсыз ғой?… – деді құдаша қозғалақтап.

– Сізді гранат жарықшақтарынан қорғап жатырмын, – деді «зек» ағам.

– А-а, онда жата беріңіз…

Сол күні полицейлер келді. «Зек» ағамды құрметтеп, «честь» беріп, колониясына дейін шығарып салды… Құдалар болса, мұндай «құрметті» бұрын көрмеген бе, шеттерінен «құлап» қалды… Әне, «Ақшаң болса қалтаңда, түрмеде де, талтаңда!».

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: caricatura.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: