Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күлкім  келе  береді

01.06.2026, 9:30 36

HALYQLINE.KZ

Өткенде бір жиналысқа барып, тарқылдап күліп шықтым. Содан бері екі езуім жиылмайтын болды. Шешем: «Сені жын қаққан ба?» деп шошып жүр. Кеңсенің алдынан өңірге қандай әкім келсе де, соңынан бір елі қалмайтын қутыңдаған «крутой» қу шалды көріп жаман күлдім.

— Есің дұрыс па, неге күлесің? — деді.

— «Күлсең кәріге күл, жасын береді» демей ме?

— Біз әлі қартаймадық, «шал жігітпіз», — деп жақтырмай қалды.

Аузымды қолыммен баса қойдым. Жан-жағыма қарсам, күліп қоямын. Енді не істеймін?

Көшеде келе жатып өзін-өзі партия қатарына ұсынып жүрген құрдасымды кезіктіріп, жата қалып жер тепкілеп күлдім. Мұны көріп жанымда тұрған бір әйел қатты күлді. Ішегі түйіліп қалды. Күйеуі үстімнен арыз түсірді.

Қолында билігі бар екен. Ертеңіне сол үшін отырыс болды. Тақырыбы: «Қазаққа күлкі керек пе?».

Бір сәнқой келіншек былай деді:

— Көп күлген адамның бетіне әжім түседі. Ерте қартаяды. Мен қарсымын.

— Қазақ ұлтына күлкі керек емес, соның қырсығынан шетелге мазақ болдық. Күлкіні түп-тамырымен құртсақ, экономикамыз қарқындап дамиды, — деп жасы келген біреу қолын көтерді.

— «Күлкісі қашқандар!» партиясы құрылсын, — дейді сары шашты бойдақ келіншек.

— «Ел боламын десең, күлкіңді тый» демекші, бұл дертті жоятын жойқын вакцина ойлап табу керек, — деді, көп оқыған кісі.

Бұрын басшылықта қызмет жасаған ерні дүрдиген, мұрны қолағаштай, түрі қазаққа ұқсамайтын әйел:

— Ыржалақтай беретін адамдарды қоғамнан алшақтату керек, — деп ұсыныс айтты.

Ал, мен ішімді ұстап одан сайын тарқылдап, сақылдап, селкілдеп, қалшылдап күлдім.

— Күмірә болғыр, аузыңды жапшы, — деген жуан дауыс шықты.

Төбемнен бөшкедей полиция төніп тұр. Күлкімді тия алмай, аузымды басып, сыртқа қаштым. Жүгіріп келе жатып былтыр жөнделген көшенің шұңқырына аяғым түсіп кетіп, шалынып шалқамнан құладым. Аспанға қарап ұзақ қарқылдап жаттым. Базарға бардым. Көтеріліп кеткен бағаларды көріп үзіліссіз шек-сілем қатқанша сықылықтадым.

— Есіңіз дұрыс па? — деп сатушы әйел жекіп тастады.

Базардан шығып үйге қайтуға аялдамаға барсам, қоғамдық көлік жүргізушілері «айлық аз, жағдайымыз жоқ» деген желеумен ереуілге шығыпты. Автобустар тоқтап қалған соң, жолаушылар таксиге таласып жатыр екен. Оны көргенде ішімнен ащы қарқыл күлкі өзегімді жарып шықты.

Қатты қарқылдан жер сүзе құлап, көзімнен жас парлады. Оғаш қылығыма қуыстанып жатырмын, езуім еркіме бағынар емес. Дөңкиіп ауға түскен май шабақтай тулаймын. Мүмкін біреулер қосыла күлер деген есек дәме, алаңғасар әдетіммен айналама қысық көзбен қарап қоямын. Бәрінің күлгісі келеді. Бірақ, күле алмай тұр. Ал, мен күле-күле ішім ауырып, үйге жеттім. Теледидарды қосып қалсам, пошымы көпке таныс бір өтірікші экранда әңгімені бөсіп отыр. Кілемге аунап ыңқылдап күлдім. Ішегім түйіліп қалар деген оймен басқа арнаға аудардым. Бір шұбар тілді жүргізуші «Қазақстанда күн сайын жемқорлар көбейіп келе жатыр. Біз қанша күрессек те азаймайды. Бұл дертпен бесіктегі бала мен ошақ басындағы қатын-қалаш түгел күресу керек. Әйтпесе, «Жемқорстан» еліне айналып кету қауіпі бар, — деді.

Бұл жолы жер тырнап, еңкілдеп жылап күлдім. Дауысымды естіп қасыма әйелім келді.

— Мағрипа, күле беретін ауруға тап болдым, — дедім.

— Бейшара, неменеңе жетісіп күлесің? Алдымен өзіңе неге қарамайсың? Бақандай жиырма жыл мемлекеттік мекеме басқардың, — деді де маған қарап тоқтамастан тарқылдады.

— Сол күлкілі ме?

— Пәтер жалдап жүрген Даулыбайдың баласы бір жыл директор болғанда астына «Мерседес» мінді. Екінші жылы екі қабатты зәулім үй салып алды. Сенде түк жоқ, — деп, кетік тістері сақ-сақ етіп мазақтап күлді.

Мен ыржалақтадым. Ол қылжалақтады. Үйдің іші неше түрлі күлкіге толып кетті. Бір-бірімізге қарап кешке дейін езу жимадық.

Құдай күлкіден айырмасын!

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: shutterstock.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: