Әзіл әңгіме
Оңтүстіктің ордасы, шырайлы да шұрайлы жасыл қала Шымкент. Қазір мен үшін емірене отырып еске алатын естелікке толы бір мың тоғыз жүз тоқсан екінші жыл. Зуылдаған уақыт. Тоқтатуға кімнің шамасы келер дейсің? Сол жылдар бүгінде сағымға айналып барады. Өткеніме көз жүгіртсем, езуіме күлкі үйіретін оқиға көп. Соның ішінде мына бір жайт есіме жиі түсіп жүр. Аңқаулықты арқалап жүрген ең қымбатты студент кезім. Шымкент педагогикалық мәдениет институтының екінші курсында оқып жүргенде, топтағы бір досыммен тойға еріп бардым. Тойға бару – студент үшін қуанышты күн. Досым – асаба, мен – көмекшімін. Көңілі дарқан даладай қазағым барын салып той қонақтарын күтіп жүр. Тойды енді қыздырып жатырмыз. Аузына тентек су тиген ағаларым арқамыздан қағып, кейбіреулері құшақтап қояды. Қасымдағы жігіт сөзге шешен әрі әнші еді. Жұрттың жүрегін жаулап алады.
Қойшы, әйтеуір той айтатыны жоқ керемет өтіп жатыр. Қонақтар дастарқаннан тұрып ортада бидің түбін түсірді. Бұл жағынан оңтүстіктегі ағайындар қашанда озып тұр. Сауықшыл халық. Арасында мен де «восточный» музыкаға еріп қисалаңдап денемді қозғалтып қоямын. Бір кезде бөксесін бүлкілдетіп бір жеңгеміз шыңғырып биледі. Есім кетіп қарап қалдым.
— Нұрлыбек, домбыра қайда? — деді асаба.
Жүгіріп кеттім. Әкеліп бердім. Жан-жағыма қарап алақтап тұрғанда бүйірімнен біреу түртті. Жас шамасы отыздың үстіндегі әдеміше келген көзі ерекше қара, орташа бойлы жас келіншек екен. Бірдеңе айтқысы келгенін байқап тұрмын. Назар аудардым.
— Студентсің бе? — деді сыпайы, нәзік дауыспен бетіме күле қарап.
— Иә, театр факультетінде оқимын, — дедім.
Келіншек жақын маңда тұрса керек, үйінен бір зат алып келуге өтініш жасады. Үлкендер жұмсаса қарсы сөз айта алмайтын тәрбием бар, оның үстіне қиылып сұраған соң «отказ» бере алмадым. Ол жолда менен әр нәрсені бір сұрап әңгімеге тартып келеді. Өзінің мінезі жайсаң, ашық адам екенін аңғардым. Екеуміз аяңдай басып жеті қабатты үйге жетіп келдік. Пәтерге кіріп затын алып шыға бергеніміз сол еді, қапелімде есік іштен жабылып қалды. Жас келіншек есігінің бұлай құлыпталып қалғанын осымен екінші рет екенін айтты. Жолдасына «есіктің замогын жөндеу керек» деп ескерткеніне екі ай болыпты. Есікті аша алмай қысылып ақталып жатыр. Мен байғұс басқаша ойлап тұрмын. Қазір бас салып қараңғы бөлмеге сүйресе қайтемін деймін ішімнен. Еркектердің ойы сол ғой. Содан екі сағат әурелеп аша алмадық. Кілт орнына осы келеді-ау деп, тықпаған темір-терсектер қалмады. Бәрін көрдік. Түк шықпаған соң сыртта тықыр естілсе болды, айғайлап көмекке шақырамыз. Үйдің телефоны жасамайды. Терезеден шығайын десем, жетінші қабатта тұрмыз. Күздің қара суығы өңменіңнен өтіп кетеді. Екеуіміз бір-бірімізге қарап қоямыз. Жас келіншек менен қысылып, «ұят болдысын» айтып пәтер ішін шарлап жүр. Оның ойы «қап, тойдағылар іздеп қалды-ау» болса, менің ойым сан түрлі. Тойдан күйеуі келсе не ойлайды емес, студент болғасын ба қарын тойдыру. Таңертеңнен нәр татқаным жоқ. Ішегім шұрылдап барады. Асүй жаққа қарап қоямын. Осы қылығымды бүгін ойласам күлкім келеді. Қазіргі студенттермен сол кездегі өзімді салыстырып көрдім. Ерекшелік көп. Жабық үйде біраз отырдық. «Хозайка» біресе есікке, біресе маған қарайды. Тойдың уақыты аяқталуға таяды. Біреу әдейілеп сыртымыздан қамап қойғандай болды. Мүмкін, күйеуі жоқ шығар. Әдейі жасаған болар, не істесем екен?.. Дәл кинодағыдай.
— Қап ұят болды, сені досың іздеп қалды-ау, — дейді келіншек.
— Әрине, енді не қыламыз? — деймін мен.
— Білмеймін, — деп, күрсінді ол.
Амалы таусылған келіншек асүйге барып астың қамын жасады. Менің арманым – алдымен қарын тойғызу. «Сосын көре жатармын» деп қоямын өзімше батылданып. Екеуміз кешкі ас іштік.
— Сіздің шынымен де күйеуіңіз бар ма? — деп сұрадым үйдегі тыныштықты меңзеп.
— Әрине бар, біздің үйленгенімізге он жыл болды, бірақ баламыз әлі жоқ, — деді, келіншек көзі мөлдіреп.
Аяп кеттім. Сұрақ қойғаныма өкініп қызара бөртідім. Аузыма түскені:
— Бұйырса болады, мұңаймаңыз, — дедім төмен қарап.
— Айтқаның келсін, — деп, ол басын изеді.
Шынымен де отбасы құрғаннан кейін өмірге сәби келмесе, жұрт әйел адамды кінәлайды ғой. Іштей күйзелісін түсіндім, бірақ одан әрі сөз айта алмадым. Үнсіздік…
Терезеден көзімді алмай, айдың қалай батқанын бақылып отырып диванға қисая кеттім. Күндізгі шаршағаным бар ұйықтап кеттім. Таң атты. Күннің нұры күлімдеп, көзімнен қытықтап ұйқымнан еріксіз ояндым. Сабақ болса жөніне қалды. Көз алдыма қатал апайымыздың келбеті еріксіз келіп, мазасыздана бастадым. Біреудің үйінде қамалып жіпсіз байланып отырмын. Бүгін кешегідей емес, келіншектің дайындаған таңғы асына тәбетім тартпады. Анда-санда ұстайтын желігім де басылды. «Бөтен үйде не істеп жүрмін?» деген ой енді келді. Қабырғада ілулі тұрған наградаларға көзім түсті.
— Мына жетістіктер кімдікі?
— Күйеуім спортшы ғой, — деді.
Шошып кеттім.
— Шахмат па? — деп, өзімді жұбаттым.
— Жоқ, боксер.
Орнымнан ұшып тұрып, қайта отырдым.
— Қашаннан бері?
— Мектеп жасынан айналысады. Ұрғанын құлатады, — деп қояды.
Үнсіз қалдым. Мазам қашты. Кешегі ойлар жөніне қалды. Енді, қорқынышты басқа бірдеңелер санамды үрейлендіре бастады.
Оқыс ыңғайсыз дыбыс шықты. Селк еттім.
Қырсық қылғанда келіншек асүйде ыдыс жуып жүріп судың кранын байқамай жұлып алыпты. Үйдің ішін су алып барады. Жарты сағат алысып әрең тоқтаттық. Үсті-басым шылқып малмандай болды. Шешініп кептіруге тура келді. «Енді жетпегені осы еді» деймін ішімнен. Тап осы сәтте есікті біреу қақты. Кінәлі адам құсап бұрышқа тығылдым. Ал, керек болса, келіп тұрған үйдің қожайыны болып шықты. Зәрем ұшты. Мен ішкиіммен тұрмын. Талай адам осындайда әйелін қызғанып өлтіріп жатыр. Оның үстіне ол – боксер. Рингтегі нокдаун алып шалқасынан құлап жатқандар есіме түсті. Көзіме небір қорқынышты елестер көрінді. Жұбайы есіктің іштен ашылмай қалғанын айтып, айғайлап жатыр. Мен болсам қорқып қалтырып тұрмын. Ойша не болатынын пысықтап үлгердім. Күйеуі сырттан адамдар шақырып есікті ашты. Қорықтым ба, әлде ұялдым ба, төргі бөлмеге жүгіріп кірдім. Ішінен жауып ашпай қойдым. Енді олар айғайлап есікті ұрып жатыр. Бір сағаттай тұрдым. Үй иелері келіссөз жүргізді. Не керек, ақыры есікті ашып, көзімді жұмып, бетіме тиетін дәу жұдырықты күтіп тұр ем, олай болмады. Қайта күйеуі неге екенін білмеймін күлімдеп арқамнан қақты. Шынымен де менің не жазығым бар?
Абырой болғанда келіншегін қатты сыйлайтын, сенетін спортсмен болып шықты. Мұнысына ішім жылып қалды. Үшеуміз түскі асты азан-қазан болып іштік.
Тамаша жандар екен. Кеше келіншектің күйеуі тойда ішімдікті сілтеп жүріп досының үйіне барып ұйықтап қалыпты. Өткен тойдың қызығын айтып ұзақ отырдық. Оның үстіне киімдерім кеуіп болмай тағы сол үйге екінші күн қонып қалдым. Таңертең тұрып сабаққа бардым. Ондағылар бетіме бажырайып қарады да: «Сені жоғалып кетті деп еді. Қайдан келдің?» деп сұрақтың астына алды. Сөйтсем, қасымдағы жігіттер мені іздеп таба алмай, құқық қорғау бөліміне арыз дайындап қойыпты. Басымнан кешкенімді үзіліс кезінде майын тамызып достарыма айтып бердім. Қазір осы оқиға есіме түскен сайын комедия түсіргім келеді. Негізі менің әр күнім кино сияқты…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!