Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмі әлемдік прокаттан 1,34 млрд доллардан астам қаражат жинап, R рейтингіндегі ең табысты туынды атанды.
Жаңа көрсеткішпен фильм 2024 жылы шыққан «Дэдпул және Росомаха» туындысын басып озды. Marvel кинокартинасының әлемдік кассасы 1,33 млрд доллар болған еді.
«Одиссея» АҚШ-та 17 жасқа толмаған көрермен ересек адамның қатысуымен ғана тамашалай алатын R санатына жатады. Жас шектеуіне қарамастан, фильмнің миллиардтық межеден өтіп, рекорд орнатуы кино нарығындағы елеулі жетістік саналып отыр.
Кинокартина Кристофер Ноланның өз мансабындағы ең табысты фильміне де айналды. Бұған дейін режиссердің жеке рекорды әлемдік прокаттан 1,08 млрд доллар жинаған «Қара рыцарь: Аңыздың қайта оралуы» фильміне тиесілі еді.
Гомердің көне грек эпосына негізделген фильм Троя соғысынан кейін туған жері Итакаға он жыл бойы жете алмай, сан түрлі қауіп-қатерді бастан өткерген Одиссейдің сапарын баяндайды. Басты кейіпкерді Мэтт Дэймон сомдаған. Фильмге Том Холланд, Энн Хэтэуэй, Зендея, Роберт Паттинсон, Люпита Нионго және Шарлиз Терон секілді танымал актерлер түскен.
Толығымен IMAX камераларымен түсірілген «Одиссеяның» өндірістік бюджеті шамамен 250 млн доллар болған. Картина алғашқы демалыс күндерінің өзінде дүниежүзінен 264,1 млн доллар жинап, Нолан шығармашылығындағы ең сәтті жобалардың біріне айналған еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!