Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүрегіне иман ұялаған…

28.10.2022, 11:00 302

HALYQLINE.KZ

«Садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Егер садақаларды көрнеу берсеңдер, сонда ол қандай әйбет. (Басқаларға жетекшілік болады.) Егер оны жасырын беріп әрі оны пақырларға берсеңдер, әрине сендер үшін сонда да жақсы. (Алушының абыройы қорғалып, мақтан араласпайды)»… «Бақара» сүресі. 3-пара. 264-271-аят.

Сөзімді қасиетті Құран Кәрімнен үзінді келтіруден бастаудың мәнісі бар. Атақонысым Жанқожа батыр ауылының тұрғындары өз күштерімен ғұлама Қожаназар ишанның Сырдарияның жағасындағы ескі мешітін қоршап, белгі қойғанын, осы күндері ишан бабамыздың бейітін қоршау жұмыстары жүргізіліп жатқанын білетін едім. Осынау сауапты істің басы-қасында жүрген азаматтан игілікті іс-шараға Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың да жеке қаражатынан үлес қосқанын естіп, қуанып қалдым. Ауызын ашса жүрегі көрінетіндей ақпейіл ауылдастарым да аудан басшысының пейіліне риза екендіктерін жасырмады.

– Мәселе Оразбаевтың қосқан ақшасының көлемі, аз-көптігінде емес. Аудан басшысының пейіл-ниетінде, – дейді өзім тілдескендер.

Дұрыс-ақ. Қолына болмашы билік тисе берген сәлеміңді зорға алатын кейбір лауазым иелерінің бар екендігін несіне жасырамыз?! Көңілімде «қалтасына шамалы шыр бітіп, қорасына азғантай мал айналса, туғанын танымайтын кейбір ісік кеуделер Оразбаевтан үлгі алса артық болмас еді» деген ой санамды шарлап өтті.

Имандылық шараларынан қалыс қалмау Мұхтар Әуесұлының бойындағы жасанды қылығы емес, қанға біткен дағдысы екендігін аңғартса керек. Мұны төмендегі лебіз жандандыра түскендей.

– Қазақтың санасының ұйытқысы – бабаларға тағзым мен ағайынға бауырмалдығы. «Ақша бұлтты Ақтан» атанған әулие әрі батыр Ақтан Ақайұлы бабамыздың Ақтан батыр ауылындағы кесенесі жанынан көпшіліктің демеушілігімен жуырда түнеухана салынып, ел игілігіне берілді. Жас ұрпақтың бойына адамгершілікті, туған жерге деген құрмет сезімін терең сіңіруге бабалар есімінің тигізер септігі мол. Түнеухана жұмысына рухани әрі нақты қолдау жасаған Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев өзге де ел азаматтарының есімдерін атап кеткен жөн. Аудан басшысы ретінде Мұхтар бауырымыз түнеухана салынатын жердің құжаттарын рәсімдеуге, электр жарығымен қамтамасыз етуге тиісті сала басшыларына шығып, шешімін табуға (әрине, заңды жолымен) үлкен ықпалын тигізді. Бұл үшін аудан әкіміне Алла разы болсын! Маған түнеухана ауласындағы қуатты екі түнгі жарықшам (прожектор) ғұмыр бойы ел-жұртын жаулардан қорғаған қос бабамыз Жанқожа батыр мен Ақтан батырдың ерлік жолының жарқын көрінісіндей көрінеді, – дейді Ақтан батыр кесенесінің шырақшысы Өмірбек Күлімбетұлы ағамыз.

«Ойды ой қозғайды». Өмекеңнің сөзі Мұхтар Әуесұлының әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз бастаған тарих парағына «Арықбалық шайқасы» деген атпен енген көтерілістің 165 жылдығы, Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толуына орай Жанқожа батыр кесенесінде рухани-танымдық іс-шара жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болғанын жадыма түсірді.

Сондай-ақ, бұған дейін де жан-жағына тал-терек егілген қасиетті орын Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толуы қарсаңында (көктем мезгілінде) аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, бөлім басшылары, тұрғындар болып жеміс ағаштарын, туя еккенін көпшіліке жеткізген болатынбыз. Мұнтаздай тазаланған кесененің іші-сырты, аумағы, мұқият сырланған орындықтар, қоршаулар, самаладай жарқыраған түнгі аспалы жарық шамдар халқының әулие бабаға деген ыстық ықыласын аңғартады.

«Жақсының жақсылығын айт». Бүгінгі мақаламда жүрегіне иман ұялаған, Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың қолдауымен жүзеге асқан сауапты іс-шаралардың бір бөлігін ғана қамтыдым. Бәрекелді, азамат!

Жазбамды «Көргенін көрмедім деу, білгенін білмедім деу – қияметтің белгісі. Бәрін Алла көріп тұр. Ақиқат ардың ісі» деген қасиетті сөзбен түйіндесем.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: