Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жігіттер, құмарға қызықпаңдар

17.12.2020, 16:00 716

HALYQLINE.KZ Ел арасында жүріп, талай жайттың куәсі болдық. Бірі ағалық ақылын айтады, бірі алдағы жоспарын, бірі басынан өткенін баяндайды. Кейде бұрын қателікке бой алдырып, кейіннен опынып отырғандар туралы естиміз. Алайда сол күйіктен күйзеліске түсіп, өзін жоғалтып алған жанмен жүздесіп, тікелей тілдескенде тартынатының тағы бар. Редакциямызға аз-кем шығармашылықпен айналысатын жігіт келді. Оқырмандарға жазған хаты бар екен. Аты-жөнін көрсетпей жариялауды өтінді. Соны қаз-қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Ассалаумағалейкүм, жігіттер! Менде бәрі де болды. Басымда баспанам, көлігім, тұрақты жұмысым. Ал сүйген жарым мен баламның жөні бір бөлек. Асын әзірлеп, асыға күтетін келіншегімді, қылығы тәтті баламды қатты сағындым. Құшағыма қысып, мауқымды басқым-ақ келеді. Алайда барлығы тым кеш…

Бауырлар, менің қателігімді қайталамаңыздар! Осыдан 5-6 жыл бұрын қалаға құмар ойындар келе бастады. Қандай жаза басқанын қайдам, соған бүйрегім бұрып тұратын. Алғашында майда-шүйде ақша тігіп жүрдім. Кейіннен бұл дағдыға айналды. Осылай уақыт зымырап өте берді, өте берді. Анда-санда ұтысқа ие болатынмын. Есептесем, сол ұтқан ақшам ұтылған қаржымның жартысы ғана екен. «Еңбексіз тапқан мал, есепсіз кетер» дегендей одан тапқан пайдам көк тиын. Ақырында бұл бәленің қармағына қалай ілінгенімді де аңғармай қалдым. Дегенмен бұдан отбасым хабарсыз еді. Жалақымды құмар ойынға тігіп жіберуді шығардым. Әр итке бір сүйек қарыз боп, шақшадай басым шарадай болды. Уақыт өте қарыз алған кісілер үйіме іздеп келді. Берген ақшасын сұрады. Ал жолдасым мұны естіп аң-таң. Анау-мынау емес, көп ақша. Отбасымнан береке кетті. Күнде жанжал. Сөйтіп, «құмар ойынды енді ойнамаймын» деп ант-су ішіп, жақындарымның сеніміне кірдім. Көлігімді сатып, алған қарыздарымды қайтардым. Барлығы да баяғыдай қалыпқа келгендей еді. Әйтсе де, «ауру қалса да, әдет қалмайды» екен, бұрынғы берекесіз тірлігіме қайта оралдым. Ондағы мақсатым – ұтылған ақшамды кері қайтару. «Ертең ұтамын» деген жалған сенімнің жетегінде жүре бердім. Түсінгенім, құмар ойын ойнап жүрген жігіттердің 80-95 пайызы дәл мен секілді. «Ертең ұтамын» деп үміттенеді. Бұл – қателік.

Құмар ойынға байланғаным соншалық, басшылықтан бірнеше рет сөгіс алдым. Сосын мені жұмыстан шығарып жіберді. Осыдан соң жұбайыммен жақсы қарым-қатынас орнай қоймады. Күнде ұрыс, күнде айқай. Бұған дейін татып алмаған ішімдікке бас қойдым. Қолыма қаржы түскен сәтте менде ылғида екі таңдау тұратын. Бірі – құмар ойындарға бару, екіншісі – ащы суға мас болу. Бұдан баламның оқу үлгерімі күрт төмендеп кетті. Қарызға белшеден баттық. Дәлірек айтқанда, өз отбасымды өз қолыммен қарызға батырдым. Жұбайым көпке дейін осы әрекеттеріме төзді. Ағайын-туысқандарды жинап, ортаға да салды. Десе де, одан ешқандай нәтиже шығара қоймадым. Сондықтан келіншегіммен ажырасып тындық. Балам қазір нағашыларында.

Үйімнің іші адам танымастай өзгерді. Темекінің иісі сіңіп қалған. Жұмыс жоқ. Босаған бөтелкелерден аяқ алып жүре алмайсыз. Тек соққан жел мен ескі радионың дауысы бөлмеге әр беріп тұр. Жалғыз досым – итім Ақтабан. Егер оған тіл бітсе, ол да ақыл айтар ма еді?!

Міне, соңғы үш-төрт ай болды. Ащы суды ұрттауды тоқтаттым. Қателігімді қалыпқа келтіруге тырысып-ақ жатырмын. Кейде айнаға қараймын да, таңғаламын. Өз-өзіме «осындай күйге қалай түстің?» деп сауал қоямын. Жауабын білемін…

Жігіттер, оңай олжа опа бермейді. Менің жасаған қателігімді сіздер қайталамаңыздар. Сұрайтыным сол…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: