Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасын құру – қарызға кіру ме?

27.07.2023, 10:00 148

Қазақ қолында барын тойға жаратып үйренген. Мұны ағайын­ның арасында көп айтылатын  «шашылсақ, тойда шашылайық» деген әзіл-­шыны аралас сөзден көп аңғарамыз. Жалпы, қазір той өткізу деген қымбат. Қазақтың тойы қалтаңды қағып алады ғой. Осыдан кеп, «үйленудің құны қанша?» деген са­уал сұранып шыға келеді. Жауапты өзіміз де бағамдауға болар еді, бірақ айналамызда той өткізіп, шығын шығарған жандармен тілдесуді жөн көрдік. Ауылда той өткізу аса қиынға соқпауы мүмкін. Тіпті беташарды да үйінде өткізіп, қаражат үнемдеуіне мүмкіндік бар. Ал, қала тұрғындары бұл жағдайда екі есе  шығынның әлегін тартып  жатыр. Ендеше, блиц-сұрақтың  нәтижесін  көрейік.

– Той жасау үшін алдымен ағайын­ның татулығы мықты болу керек. Туған-туыс етене жақын араласатын болса, олардың рақатын көре аласың. Негізінен ұлымды үйлендіріп, той өткізу үшін 7 миллион теңгенің «басына су құйдым». Мұның ішінде ағайынның да еңбегі бар. Мынадай заманда үй болу ғана емес, үйлену де қиын, – деді қала тұрғыны  Естай  Рақым.

Расымен, бүгінгі күні тегін тұрмақ, арзан дүние жоқ. Елімізде инфля­ция деңгейі жоғары. Күнделікті күнкөрісің оңай емес. Той жасау одан да қиын. Сондықтан жастардың шаңырақ көтеруінде қандай мәселенің қол бұлғап тұрғанын осыдан байқаймыз. Сол үшін де болар, материалдық  жағдайды  күйттеп жүрген жастар шаңырақ көтеруді әлі ерте санайды. Біздің баяғыда «13-те отау иесі» деп әсірелеп айтатын түйін­ді  сөзіміз  елестетуге  де  қиын.

– Үйленуге асықпаймын. Қаражат тапшылығы қиын болып тұр. Әлеуметтік желіде қыздар мәһрге не сұрап жатқанын көз көріп жүр. Сол үшін уақыт керек. Үйленуін үйлендім, отбасыны әрі қарай қалай асырау қажет екенін де ойлану керек. Оның үстіне қаражат қысқанда келіншегім «үйге қайтамын» десе не деймін? Алдымен ер жігіттер әлеуметтік жағдайды дұрыстап алуы қажет, – деді қала тұрғыны  Айдәулет  Исламбай.

Әлемжеліде мәһрге соңғы үлгідегі көліктер, килограмдаған алтындар, қаланың қақ ортасынан пәтер сұрайтын қыздар көп. Бәрі ер-аза­маттың міндетін жіпке тізгендей біледі. Бірақ өз міндеттеріне жұтаң қарайтыны да ақиқат. Шаңырақ көтеріп, бір басын екеу қыламын деген жастың құтын қашыратын сұраулар мұнымен тоқтамақ емес. Осындайда сұраған мәһрді өтеу кезінде жігіттен күш-қуатың жете ме деп те сұралмайды. Ер-азаматтарға артылған жүктің ауыр екенін осыдан біле берейік. Бұл ауыртпашылықты тек ер-азамат немесе жастар сезіне­ді деген сөз емес. Егде жасқа келсе де, сүр бойдақ болып жүргендерді кездестіріп келеміз. Оның барлығы шаңырақ құрғысы келмеді дейсіз бе, қаражаттың қиындығы қыспады ма?

Елімізде бір жылдың ішінде отау құрған жұптың 30 пайызы қайта ажырасуға өтініш береді екен. Бұл – әрбір үшінші жұп жолын екіге бөліп жатыр деген сөз. Бұл – үлкен салмақты дүние. Астарына мән беріп қарау керек. Бәлкім, қаражаттың қолжетімсіздігі ғана себеп болмай, басқа дүниенің кесірінен айырылысып кеткен жандар да бар шығар. Бұл  жайында  психолог  бүй  дейді.

– Негізінен ер-азаматтардың үйленуі оның өмірге деген ынтасы мен құлшынысы бар екенін байқатады. Бірақ үйленумен қатар ажырасу да көп болып жатыр. Карьера қуып жүрген жастар уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалады. Мұндайда оларда эйфория кезеңі басталады. Яғни жастық максимализм немесе оң-солға мән бермеу. Осы процесс оларды қартайғанша арбауы мүмкін. Соңында өздері жалғыз қала­ды. Негізінен, үйленген отбасылар түрлі мәселеде келіспейтін болса, ажырасудың амалын емес, психологтің есігін қағу керек. Немесе медиацияға жүгінгені дұрыс. Не болмасын отбасын сақтап қалуда қаржылық әлеуеттің маңызы зор, – деді психолог  Айгүл  Мұнарбек.

Өмір ағынын қалай бұрса, адамзат сол ағыспен кете береді. Ағысқа қарсы жүзу немесе оны бағындыру – өз қолымызда. Біз үйлену барысындағы қаражаттың маңыздылығын айттық. Отбасындағы біраз кикілжің осыдан тарайды. Дегенмен, жас ұрпақтың санасында отбасының құндылығы қаражатта емес екенін ұғындыруымыз қажет. Сондай-ақ, отбасын құру – шашылып, ысырап қылып, қарызға бату емес. Жаңа өмірге бірге қадам басу екенін қазақы менталитетке кіргізген абзал. Сол кезде шаңырақ ешбір дауылға қарамастан берік болар еді.

АҚСҰҢҚАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: