Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Момышұлын Куба президенті қалай құрметтеді?

12.09.2021, 16:00 469

HALYQLINE.KZ Бірде мәскеулік «Знамя» журналының тілшілері Куба революциясының көшбасшысы Фидель Кастродан сұхбат алып отырып, совет еліндегі қандай даңқты батырларды білесіз деп сұрапты. Ол біраз ойланып, Василий Чапаев пен Бауыржан Момышұлының аттарын атайды.

Журналистер айтпай ма:

– Бауыржан Момышұлы тірі адам ғой!

– Қалай?! Сапта жүрген кісі ме?!

– Әлбетте. Ол – запастағы офицер. Бірақ қатардан қалған жоқ. Қазір Қазақстанда Әдебиет майданы деп аталатын салада қызмет етеді. Солай ма?! Момышұлының еңбектері біздің әскери училищелерде оқытылады. Мысалы, қоршауды бұзып шығу тактикасына байланысты «Бауыржан спиралі» деген бар. Сөйтсе, «Бостандық аралының» серкесі Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколам тас жолы» кітабын қайталап оқып, тамсанады екен. Батырды жауынгерліктің идеалы санап, аталған шығарманы Куба сарбаздарының ең қажетті әскери жабдықтары қатарына кіргізу жөнінде бұйрық шығарыпты. Қысқасы, тірі адам екенін білген соң, жаны қалмай, Бауыржанды мәртебелі мейман ретінде дереу Кубаға қонаққа шақырады. Бұл – 1963 жылдың қыркүйек айында болған оқиға.

Сол сәт Баукең жас Олжас Сүлейменовті алдырып, жағдай осылай, екеуміз Кубаға бірге барып қайтайық, «адъютантым» бол деп ұсыныс жасаған. Сонда, батыр, бір жағынан, ақын інісіне мұң шаққандай болып, толқи отырып:

– Көрдің бе, мені өз Отаным керек қылмайды. Бас штаб маманы, Әскери Академияның орденді профессоры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын алады да саптан лақтырып тастайды. Мен – жоғары білімді әскери адаммын. Әлі де, кемі, он бес жылдай қызмет ете алар едім. Иә, тәуір зейнетақы берді. Үш жүз сом тақияға тар келмейді. Бірақ ең топас түрде бұйырды: көйкеңе жайғас та, дыбыр етпей, төбеге түкіріп жата бер деді. Қалай ойлайсың, төбеге түкіру үшін үш жүз сом жете ме? Білікті офицер үшін жаман ермек емес қой, ә! СССР азаматы және адал офицер ретінде бұл жағдай арыма қатты тиеді, намысым тапталады. Осылай, бауырым. Ал айдаладағы кубалықтар мені пір тұтып, аспанға шығарады, – депті.

Сол сапарға қуана-қуана барар едім, бірақ ыңғайы келмеді, – деді бертініректе ақын бізбен әңгімесінде. – Сирияға билет алып қойып, ұшқалы отырғанмын. Батыр Кубаға жалғыз аттанды. «Бостандық аралының» жетекшілері қазақ сардарын хан көтере құрметтейді. Оны Куба дивизиясы 51-ші полкінің құрметті командирі етіп тағайындайды. «Кубаның революциялық Үкіметі мен Әскери күштерінің атынан зор ризашылықпен әйгілі совет полковнигі Бауыржан Момышұлына!» деп Рауль Кастро қол қойып, Куба көсемі, ұлттық қаһарман Хосе Мартидің портретін сыйлайды.

Кейін Олжас Куба газеттерінің бірінші бетіндегі Бауыржан ағасының: «Куба еліне Қазақстаннан жалынды сәлем!» деп саңқылдап, ұшақ трапынан түсіп келе жатқан немесе оның әскери парадты қабылдаған кезі бейнеленген көптеген суреттерді көріп, батыр туралы испан тілінде жазылған мақалаларды оқи отырып: Әттең, Қазақ халқының шырқау биікке көтерілген осы бір керемет сәттеріне куә бола алмағаным-ай! – деп қатты өкінгенін айтады

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: