Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көзсіз батырлар» қай көзді көгертіп жүр?

11.07.2020, 20:20 480 0

HALYQLINE.KZ Қазақ жігіттері ежелден ірі, ержүрек болған. Оны сол уақыттағы саф ауа, табиғи тағам секілді жайттармен байланыстыруға болатын шығар. Белгісіз. Арысы батырлар жырының кейіпкерлерін көз алдымызға елестеттік. «Еліме пайдам тисін, жауыма найзам тисін» деген ұстаныммен ұлтарақтай жері үшін өзгемен егесіп, ат үстінде күнелтті. Қара бастың емес, бар Алаштың қамы үшін қасық қаны қалғаша соғысып, жаудың туырлығын кескілеп тоқым, керегесін бөлшектеп отын етті. Берісі 90-жылдары қазақтың «авторитеттері» елдік мақсатта, ұлттық мүдде жолында тер төкті. Қазақ қызының өзгенің қойны түгілі, құшағында кетпеуін, лас жұмыстар істемеуін, т.с.с жайттарды қатаң бақылады. Қылмыс əлемінің серкелері саналғандармен Қазақстан басшылығы да санасатын болған деседі. Əрине, «заман басқа, заң басқа» дегенмен салыстырмалы түрде баяндау тым қисынсыз емес. «Қайран біздің қазақтың ұрпағы да, барады майшабақтай майдаланып» деп келетін өлең жолдарына бүгінде келіспеске шарамыз жоқ. Иə, бойдың аласарғаны былай тұрсын, ойдың шектелуі, ұлттық болмысқа бейжай қарауы қазақ жігіттерін құрдымға жіберетін түрі бар. Қызға тəн қылығы бар ұлдарды, сондай-ақ, ынжық келетіндерін жігітше тəрбиелеуге тырысатындар арамызда жоқ емес. Десе де, олардың қарасы азаюда деп дөп басып айту мүмкін емес.

Əңгімені əріден бастаған соң, тақырыпқа маңайлау да қиынға соғып отыр. Сіз «бүгінгі «жуан жұдырықтылардың» нысанасы қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрдіңіз бе? Біз өз шамамызша ізденіп, ой қорытып көрген едік.

Қыркүйек айы басталғанда ауылдан қалаға ағылып білім қууға барған балмұздақтардың көбі жаза басып, белгілі бір ортаның мүшесіне айналады. Ол – общаг, ол – район. Енді бұл сөздерге анықтама бере кетейік. «Район» – 50-200 аралығындағы адамдардың ұйымдасып, өзіне тəн ереже құрып алған құжатсыз ұыймы. Жалған намысты желеу ететіндердің мақсатын адам түсініп болмайды. Əлсізге əлімжеттік жасап, күштінің құлы болғандар бүгінде балалықпен біраз жайды бастап өткерді. Айтпақшы, «районға» кіру тегін болса да, шығу ақша деседі көзкөргендер. «Тобырдың» құрамында жүргенде ақша жинайтының екібастан белгілі жайт. Ол ақша сол «район» үшін тер төгіп, талай адамды сабасына түсірген түрмедегі «братандарына» жол тартады екен. «Греп» деп аталатын ақша жиынтығының көлемін əр «район» өзінше белгілейді. Оның шай-темекіге жұмсалатыны да белгілі. 150-300 теңге аралығы дегеннің өзінде 100-150 баладан қанша ақша түсетінін есептеп көріңіз. Бірақ, бұл нақты сома емес. Өйткені, апта сайын «сходняк», «разборка» деген секілді жиындар болып тұрады. Əр жылғылардан «смотрящий» сайланады. Оның қызметі – қоластындағылардың «нормально» жүріп-тұруын, тиын-тебенді уақытылы жинауын, «Күлтөбедегі» жиынға қалмай қатысуын қадағалау. Төрт көзі түгел келмесе, сөз бен таяқтың астында қалады. Сосын қаһарлы «смотрящий» қалғандарын қырады. Қысқасы, солай бір-бірін жұдырықтап, біртүрлі күй кешіп жүр.

Əлгінде мұндай топтармен ертеректе басшылықтың қатты санасқанын айта кеттік. Неге? Дардай мемлекет мұздай қаруланған 50 адамнан неге қорқуы, сөзін сөйлеуі керек? Шынтуайтында себеп бар. Кей мəселелерге жұмсауға, яғни солардың қолымен от көсеуге керек. Ұлтараздықты тудыратын жайттарды мемлекет қылмыстық топ арқылы жүзеге асырып отырған. Ал, бүгінгілер бір-бірінің етіп жеп, жұдырық ала жөнелуге бар.

«Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» ел едік. Осы күні қорғансыздарды тепкілеп, азын-аулық тиын-тебенін тартып алатын тентектер ұлттың қалыптасу жолында еңбек етсе жөн болар еді. Саусақтардың өзі жұмылғанда ғана күш-қуатқа ие болса керек. Бүгінгі «көзсіз батырлар» қай көзді көгертіп жүр? Сұраққа біздің жауап – осы.

А.САҚЕТЕР,

Республикалық қоғамдық-саяси

«Халық» газетінің мұрағатынан алынды.

Фото: bidla.net

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: